АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ


Елділіктің негізгі белгісі – тілінде. Тіл – аса қадірлеп ұстайтын байлығымыз. Тілді ешкімге түрткілетпеуіміз керек. Ғабит Мүсірепов


Мемлекеттік тілде іс жүргізу   •    Мемлекеттік қызмет   •    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл   •    Тіл саясаты   •    БАҚ біз туралы
Жаңалықтар   •    Байқау ережелері   •    Ономастика   •    Әдістемелік көмек   •    Кітапхана   •    Басшы   •   

Мемлекеттік тіл саясатын жүргізуді жаңғырту жолдары
Көрсетілім саны: 48

 til-sayasaty--780x405

 

DSC_5352-680x1024

Рахат ШИМАШЕВА,

Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы

Қазақстан Республикасының  Президенті  Н.Назарбаевтың 2018 жылғы  10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайын­дағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты  Қазақстан халқына Жолдауында он басым­дықтың жетінші тапсырмасында «Адами капитал – жаңғыру негізі» жолдарын іздеу қажет­тілігіне назар аударып,  «Қазақстан­дық­тардың болашағы – қазақ, орыс, және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде» екен­дігін, ерекше атап көрсеткені мәлім. Осыған орай, Алматы қаласы Тілдерді дамыту бас­қармасы Мемлекет басшысының Жолдауда көрсеткен межесіне қол жеткізу бағытындағы жұмыстарды жүйелі атқарып келеді.

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың  мемлекет­тік бағдар­ламасын іске асыру жөніндегі Алматы қаласының 2017–2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бойынша 2018  жылға жер­гілікті бюджеттен 54 млн. теңге қаржы бөлінді.

2018 жыл басында Алматы қаласы әкім­дігінің құрылымдық бөлімшелерінде тілдердің қолданылу жағдайын зерделеу мақсатында мониторинг жұмыстары жүргізілді. Мониторинг барысында 8 аудан әкімі аппараты мен 23 басқармада іс жүргізуде мемлекеттік және ресми тілдердің қолданылуы, құжаттардың мемлекеттік тілде сапалы ресімделуі, қызметкерлердің мемле­кеттік тілді меңгеру деңгейі қарастырылды. Қызметкерлерге ҚР Тіл туралы заңнама талап­тары түсіндіріліп, іс жүргізуде тілдерді қолдану мәселелері бойынша әдістемелік көмектер көрсетілді. Мониторинг барысында жалпы саны 231 қызметкермен әңгіме өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Тіл саясаты  үш негізге сүйеніп жүргізілетіні белгілі. Бірінші, тіл саясатының заңдық негізі болуы; екінші, оны насихаттау; үшінші, тілге қатысты шараларды қаржылық қолдау. Мемлекеттік тілді дамытудың заңдық негізі бар. Ата заңымызда қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде  белгіленген. Сондай-ақ, Қазақстан Республи­касы Үкіметінің 2018 жылғы 2 шілдедегі №401 қаулысымен Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Дейтұрғанмен, мемлекеттік тілді өз тұғырына қондыру үшін оны білуді міндеттеудің құқықтық негізін күшейте беруіміз керек. Мәселен, 2018 жылдың І жартысында Алматы қаласы  әкімдігі бойынша 1179 қызметкері ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша диагностикалық тестілеуден өтті.  Бұл 1491 мемлекеттік қызмет­шінің 80 пайызын құрайды. Біздің басқарма алдағы уақытта Қазтест жүйесі арқылы қыз­метшілерді мем­лекеттік тілді білуге міндеттеу шараларын автоматтандырып жетілдіре бермекші.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала­сында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастап, бұл мәселеге неғұрлым дәйектілікпен терең түсініп, байыппен қарау қажеттілігін айтқан болатын. Латын әліпбиіне көшу арқылы – қазақ тілінің халық­аралық дәрежеге шығуы­на, халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылмақ. Латын әліпбиіне көшу арқылы ұлт мұратының жаңа бір белеске өрлеуіне, түркі тілдес халық­тардың өзара тіл байланысының артуына, жаңа заман талабына сай өскелең ұрпақтары­мыздың ағылшын тілін меңгеруіне зор мүмкіндік туады. Қазір республика көле­мінде латын әліпбиінің емле ережелерін бекіту жұмыс­тары қызу жүріп жатыр. Бұл салада қала көлемінде де бірқатар шаралар белгіленген. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен  2018 жылғы  мамыр күні айында «Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің өзекті мәселелері» тақырыбында конферен­ция өткі­зілді. Өткізілген конференциялардың жұмысына  латын әліпбиіне көшу жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшелері, филология ғылы­мының  докторы, профессор Ә.Жүніс­бек,  орфография­лық жұмыс тобының мүшесі филология ғылымының  докторы З.Базар­баева,  әдістемелік жұмыс тобының мүшесі ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор, педагогика ғылымының  докторы  Ф.Ораз­баева, техникалық және ақпа­раттық сүйе­мелдеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Б.Қуаныш, т.б танымал ғалымдар баянадама жасап, өз пікірлері мен ұсыныс­тарын білдірді. Конференцияның материал­дары жинақ ретінде шығарылып, көпшілікке таратылды. Біз қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіруге байланысты осы жылдың қазан айына тағы бір ғылыми конференция, қараша айына семинар-кеңес өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, бүл­діршіндерді латын әліпбиіне үйрету мақ­сатында қазақ тілі дыбыстарының анимациялық форматта үйрететін мультимедиалық бағдарлама әзірлеуді қолға алдық.

Тіл саясатын жүзеге асырудың негізгі тетік­терінің бірі мемлекеттік қызметшілерді оқыту. Осы уақытқа дейін курстар «бас­тауыш, жал­ғастырушы және тереңдетілген» деңгейлер бойынша бір жүйемен оқытылып келеді. Үсті­міздегі жылы барлығы 1092 мемлекеттік қызметші, оның ішінде – 842 тыңдаушы қазақ тіліне, 250 тыңдаушы ағылшын тілі  курсына, Алматы қаласындағы 12 этномәдени бірлестік­терден  148 тыңдаушы қазақ тіліне, 175 тың­даушы ана тілдері  курсына қатысуда.

Мен білім жүйесінде ұзақ жылдар істегендіктен, бұл салада тәжірибем бар. Менің ойымша тілді үзіп-жұлып оқығаннан гөрі, тілдік ортаға толықтай еніп үйренген ұтымды болмақ. Тіл үйренуде мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілді өндірістен қол үзіп оқыса, өте ұтымды болар еді. Мемле­кеттік және жергілікті басқару институтына мемлекеттік қызметшілер өзінің кәсіби саласы бойынша біліктіліктерін арттыруға тұрақты түрде жіберіліп тұрады. Мемлекеттік тілді үйрету курсында сондай жүйеге көшірген дұрыс. Өйткені, тіл үйретуде тілдік орта және жалғастық деген екі маңызды фактор бар. Аптасына екі реттен 5-6 айға созылған курстардан тіл үйренуші жалығады және күнде-күнде дайындалмаған соң, тілдік ортадан қайта-қайта қол үзіп, бір сабақта білгенін келесі сабақта ұмытып қала береді. Бір-бірімен байланысты тұтас бағдарламаны аз ғана уақыт ішінде меңгеріп алу, тіл үйренушінің өзіне деген сенімділігін оятар еді. Мұндай тәжірибе өзін-өзі ақтайды деп сеніммен айтуға болады.

Мемлекеттік қызметшіге екінші деңгей­ден бастап кәсіби қазақ тілі қажет. Жал­ғастырушы деңгейде заңгер мен құрылыс­шыны бір оқу құралмен оқыту мүмкін емес, өйткені әр саланың өз тілі бар, соған сәйкес әр саланың өзіндік оқу құралдары болуы шарт. Ол сол салаға қатысты құрастырылған тілдескіштердің, сол саланың терминдер сөздігінің және сол салада күнделікті қолда­нылатын іс-қағаз үлгілерінің материалдарына сүйеніп жасалуы тиіс. Кәсіби глоссарий­лерден басталатын мұндай салалық әде­биеттерді  сол саланың ведомство басшы­лығы бекіткеннен кейін бүкіл Қазақстан аумағы бойынша, ең құрымаса қала деңгейінде бір сала бір-ақ оқулықпен оқитын жүйеге жетуіміз қажет. Біз бұл салада бірқатар жұмыстар атқардық. Қаладағы әр басқармаға арнап іс-қағаздар үлгілері мен анықтамалық сөздіктер шығарылды. Бұларды сала мамандары қарап, толықтырып, әр салаға арналған глоссарийларды бекітуі қажет. Алдағы уақытта осы айтылғандарды ескеріп, мемлекеттік тілді деңгейлеп үйретуге арналған автоматтандырылған веб-сервис және ІТ инфрақұрылым әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Бұл үкіметіміздің цифрлы Қазақ­станға айналу жоспарына да сәйкес келеді.

Қазір орта мектептерге жаңартылған бағдарламаның енуіне байланысты қазақ тілін оқытудың әдістемесін жетілдіру, тіл үйретудің инновациялық технологияларын енгізу, озық әдістемелерді насихаттау, тіл үйрету бағдарла­маларын біріздендіру және үйлестіру жұмыс­тарын жүзеге асыруымыз керек. Біздің ойымыз­ша, республика көле­мінде белгіленген оқу-әдістемелік жұмыстар бірінен-бірі  туындап жатуы керек. Мәселен, әдістемені, оқу бағдар­ламаларын және қазақ тілін оқыту технология­сын жетілдіруге арналған шаралар әрқайсысы бөлек-бөлек болмай, бір-бірімен тығыз байла­нысты болғаны жөн. Бұл салада сонда ғана нәтиже болады. Алматы қаласында ғылыми-әдістемелік орта шоғырланғандықтан, біз мұндай шараларды қала деңгейінде жүзеге асыруға әзірміз. Яғни алдағы уақытта:

а) тілге қатысты нақты аудиториясы жоқ журналдардың орнына «Қазақ тілінің әдістемесі» журналын шығару;

ә) жалпыны жаппай қамту үшін оның сайттағы электронды нұсқасын жасау;

б) журнал арқылы  мониторинг жүргізіп, үздік ұсыныстарды (үздік бағдарлама, үздік ашық сабақ және т.б.) сараптау;

в) соның нәтижесінде Үздік оқытушыны таңдау;

г) журналда көтерілген мәселелер бойын­ша  әдістемені, оқу бағдарламасын, қазақ тілін оқыту технологиясын жетілдіруге арналған шаралар (дөңгелек үстелдер, конференция және семинар­лар мен шеберлік кластарын) өткізу, нақты шешімдер қабылдау жұмыстарын жолға қоймақшымыз.

Алматы қаласы көшелеріндегі деректе­мелер мен көрнекі ақпараттарға Қазақстан Респуб­ликасының тіл туралы заңнамалары талап­тарының сақталуына мониторинг жүргізіп отырады.  2018 жылғы 8 айдың қорытындысы бойынша 3068 жарнама эскиздерінің мәтіндері тексерілді. Оның 924-не түзетулер енгізілді. Алматы қаласы Алатау, Бостандық аудандарын­дағы атауы қайталанатын 164 көше өзгертілді. Бұл жұмысты автоматтандыру үшін алдағы уақытта Almaty-Atau веб сервисін әзірлеу жоспарлануда. Бұл автоматтандырылған электронды бағдарлама арқылы жұмыс істейтін ІТ құрылым тек жалпы ақпарат берумен ғана емес, қажетті мәліметті тауып беру және статистикалық мәліметтерді лезде шығарып беру жүйесімен де ерекшеленетін болады.

Мемлекеттік тілде іс жүргізу бағытында Алматы қаласы әкімдігі құрылымдық бөлімше­лерінің құжат айналымындағы қазақ тілінің үлесі туралы және мемлекеттік қызметшілердің ұлт­тық құрамы және қазақ тілінде іс жүргізетіндері туралы мәліметтер бойынша мекемелерден есеп алынып, 2018 жыл­дың 8 айына сараптама жасалынды. Мониторинг нәтижесі бойынша Алматы қаласының жергілікті мемлекеттік басқару органдарының құжат айналымындағы қазақ тілінің үлесі кіріс хаттары бойынша – 46%, шығыс және бастамашыл хаттар бойынша – 70%. Алматы қаласы әкімдігіндегі 1423 мемле­кет­тік қызметшінің 95%-ы қазақ,  2%-ы орыс, 3%-ы өзге ұлт өкілі, 92% қазақ тілінде іс жүргізе алады. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізуді көздеп отырмыз.

Іс-шаралар жоспарының тағы бір бағыты – мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға арналған мәдени-көпшілік іс-шаралар түрлі тақырыптарда байқаулар мен оқулар өткізу. Алматы қала­сындағы этномәдени бірлестіктердің қатысуымен «Тіл – татулық тірегі», «Абай оқулары», «Пуш­кин оқулары», қазақ, орыс және ағылшын тілдерін қатар меңгерген жастар арасында «Тіл шебері», «Тіл дарын», «Тіл парасат» атты бай­қаулар ұйымдастырылады. Мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыру мақсатында «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Көркемсөз оқу шеберлері», «Тіл мерейі», «Ана тілім – ардағым» атты іс-шаралар өткізу дәстүрге айналған. Алайда, бұқаралық іс-шараларды өткізудің форматының өзгеруіне және әлеуметтік желілердің белсен­ділігінің артуына байланысты  мемлекеттік тілді насихаттау шараларына келесі жылы бірқатар өзгерістер енгіземіз.

 http://almaty-akshamy.kz/memlekettik-til-sayasaty-n-zh-rgizudi-zha-y-rtu-zholdary/