АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ


Қағаны – батыр, ақылгөйі – кемеңгер елдің бағы жанады. Тоныкөк


Мемлекеттік тілде іс жүргізу   •    Мемлекеттік қызмет   •    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл   •    Тіл саясаты   •    БАҚ біз туралы
Жаңалықтар   •    Байқау ережелері   •    Ономастика   •    Әдістемелік көмек   •    Кітапхана   •    Басшы   •   

Ахетовтің айшықты істері
Көрсетілім саны: 737

АХЕТОВТІҢ АЙШЫҚТЫ ІСТЕРІ

photo005

Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Мамай Ахетов қалалық қоғамдық кеңестің мәдени саясат комиссиясының алдында есеп берді. Жиынды комиссия төрағасы Құсман Шалабаев жүргізді. Есеп беру жиынына комиссия мүшелері Айдос Сарым, Жанарбек Әшімжан қатысты. Сонымен бірге, елімізге белгілі азаматтар Нұртілеу Иманғалиұлы, Дос Көшім, Қазақбай Қасымов жиында болып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Тыңдалым барысында басқарма басшысы өткен жылы, яғни 2016 жылы атқарылған жұмыстарының қорытындысын мәлім етті. 

Басқарма басшысының айтуынша, Алматы қаласы әкімдігі құрылымдық бөлім­шелерінің құжат айналымындағы қазақ тілінің үлесі туралы мәлімет мекемелерден ай сайын алынып отырады екен. Жинақ­талған мәліметтер назарға алы­нып, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына, сондай-ақ қала әкімі аппаратының басшысының атына арнайы жолданып оты­рады. Мұның бәрі – тіл мәсе­лесі назардан тыс қалмауы үшін атқа­ры­латын шаралар.

– Алматы қаласы әкімдігі құрылымдық бөлімшелеріне хат жолдаушы заңды және жеке тұлғалардың 59 пайызы хаттарын ресми тілде жазады. Мұның себебі, ретінде бірнеше жағдайды атауға болады. Біріншіден – хат жолдаушылардың көпшілігінің ресми тілді тұтынатындығы, екіншіден – олардың көпші­лі­гінің қазақ тілін біле тұра мем­лекеттік органдарда іс жүргізу әлі де ресми тілде деген көзқараста екендігі. Тағы бір себебі – жергілікті мемлекеттік басқару органдарында кіріс хаттарын мемлекеттік тілде қабылдауға бағытталған шаралардың қолға алынбағандығы, – дейді бас­қарма басшысы Мамай Қаниұлы.

Жыл сайын Алматы қала­сында мемлекеттік қызмет­шілерге қазақ және ағылшын тілдерін оқыту курстары ұйым­дас­тырылады. Сондай-ақ еліміз­дегі өзге ұлт өкілдерінің ана тіл­дерін сақтау мен дамыту мақ­­са­­тында жексенбілік мектеп­тер жүйесі құрылғанын да айта кеткеніміз жөн. Жергілікті бюджет есебінен этномәдени бірлестіктерде қазақ тілімен қатар неміс, поляк, әзірбайжан, шешен, осетин, кәріс, түркімен және т.б елдердің тілдері оқы­тылады екен.

Тағы бір мәселе – қазақ тілі курсының жайы. Биылғы жыл­дың өзінде 69 топ жасақ­талған. 700-ден астам мемлекеттік қызметкер қазақ тілі курсына тіркеліпті. Басқарма басшысы бұл бағытта әлі де шешілмеген мәселелердің бар екенін айтады. «Мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлердің қазақ тілінде іс жүргізе алмайтындарының бәрін қазақ тілін оқыту курсына қатыстыру мәселесі әлі күн тәртібінен түскен жоқ» дейді Мамай Ахетов.

Тілдерді оқыту курстарына тіркелген тыңдаушылардың сабақтарға қатысуы да назарға алынған. Әр тыңдаушының қанша сабаққа қатысқаны туралы мәліметтер де ай сайын жинақталып отырады екен. Жыл сайын тіл курсына қатыса­тындардың сабаққа қатысу көрсеткіші төмен екенін де жасырмады басқарма басшысы.

– Осыдан келіп тілдерді оқыту үшін жергілікті бюджеттен бөлінген мемлекет қаржысын пайдалану тиімділігі төмен болып шығады. Тілді үйрену үшін мемлекет тарапынан жасалған мүмкіндікті мемлекет­тік қызметшілердің өздері дұрыс пайдалана алмай отыр. Мем­лекеттік орган қызметкерлерінің қазақ тілін оқыту курстарына толық қамтылмауы және тіркел­ген тыңдаушылардың сабақтарға дұрыс қатыспауы өз кезегінде мемлекеттік меке­мелердің құжат айналы­мындағы қазақ тілінің үлесі көрсеткішіне кері әсерін тигізіп отыр, – деді ол.

Сондай-ақ жиын барысында, жарнама мәселесі мен онома­стика саласы да назардан тыс қалмады. Комиссия мүшелері көшедегі жарнамалар мен дүкен аттарының «алақұлалығын» сын­ға алды. Өз кезегінде бас­қарма басшысы кез келген дүкен желісі мен сауда маркеттердің атта­рындағы қателіктерге ең алдымен қожайындардың жауапты екендігін айта кетті. Дүкендердің маңдайшала­рын­дағы қателерді түзету үшін арнайы ескертпе жасалады екен. Басқарманың екі рет ескертуден соң ғана айыппұл салуға мүмкіндігі бар.

Ономастика саласы қаладағы шешімін табуы қажет мәселенің бірі. Бұрын Алматыда 6 аудан мен 110 ықшамаудан болатын. Қазір жаңадан екі аудан қосылды. Олар – Алатау мен Наурызбай ауданы. Тәуелсіздік алғалы бері қала аумағында 573 көшенің атауы өзгертіліпті. Ел тәуелсіз­дігінің алғашқы жылдарынан бастап қала іргесіндегі ауылдар мен кенттердің қосылуына байла­нысты көптеген көше атау­ларының қайталанатыны да анықталған болатын. Басқарма басшысы жаңадан қосылған 30 елдімекенде 407 көшенің бар екенін айтады. Оның ішінде 309 көше атауы қайталанып отыр. «Кеңес дәуірінде орталық көше­лер­дің бәріне Ленин есімі бері­ле­тін. Сол секілді қайталан­ған атау­лар өте көп. Бүгінгі таңда Ал­маты қаласындағы көшелер саны 2500-ге жетті» дейді Мамай Қаниұлы.
Кеңестік кезеңнің көзіндей боп тұрған Казахстанская, Новостройка, Новая, Садовая, Строительная, Магистральная, Карьерная секілді қаптаған атаулар өзгерісті күтіп тұр. Мұның бәрі – кезең-кезеңімен іске асырылатын жобалар.
Көше атауларын жаңалауда «бармақ басты, көз қыстыға» жол бермей, лайықты тұлғалардың есімдерін беру мәселесі де сөз болды. Сондай-ақ көше мен елдімекендердің байырғы атауларын жаңғырту мәселесі де тыс қалған жоқ. Бұл орайда, Тілдерді дамыту басқармасы бірқатар нақты шараларды қолға алған екен. Жиын барысында басқарма басшысы 2017 жылға белгіленген бюджет­тік бағ­дар­ла­малардың тізімі мен жос­парларымен бөлісті. Тың­да­лым барысында бірқатар ұсы­ныс­тар мен сын-ескертпелер айтылды. Бірнеше тиімді жоба­лар да жасалды. Бұл жобалар келешекте жүзеге асады деп үміттенеміз. Алматы қаласы қо­ғамдық кеңе­сінің мәдени-сая­си комис­сиясы бұл мәселе­лер­­­ді бақылауда ұстайтын болады.

 

Гүлзина БЕКТАС

«Айқын» газеті

25.05.2017

 

https://aikyn.kz/2017/05/25/14584.html