Тіл – жетік білетіндерге жақсы тетік
04.06.2015
Қайнаған тіршіліктің ортасындағы Алматыда күн сайын түрлі мәселелердің туындауы да заңдылық. Алматы – еліміздегі ең ірі мегаполис. Мұнда қазақтың ғылымы да дамыған. Мұнда қазақтың зиялы қауым өкілдері де шоғырланған. Тілдік орта да осында. Түрлі әдеби шығармалардың өзегіне айналған көркем қала да – Алматы. Алматының бүгінгі негізгі мәселесі не? Тілдің жайы, құжаттың проблемасы екені белгілі. Осы орайда Алматы қалалық Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы қандай игілікті шаралар атқарып отыр? Біз бұл сауалды басқарма бастығы Мамай Ахет мырзаға қойған едік.
– Мамай аға, әңгімемізді Ермұхан Бекмахановқа қойылған құрмет-тақтасынан бастасақ. Өзіңіз білесіз, ескерткіш-тақтаны қою үшін Бекмахановтар әулеті ұзақ күтті. Не себепті? Бұған дейін белгілі тарихшыға тақта қою мәселесін әкімшілік білмеген бе?
– Бұл мәселе біздің назарымызда болды. Біріншіден, ол кісінің биыл ғасырлық мерейтойы ғой, екіншіден, Қазақ хандығының 550 жылдығы, сол себепті, ол кісі тұрған үйге ескерткіш-тақта дәл мерзімінде қойылды деп ойлаймын.Оның үстіне 2011 жылға дейін Үкіметтің ономастика мен ескерткіш-тақталарды реттейтін арнайы қаулысы болды. 2011 жылы бұл қаулы өзінің күшін жойды. Ұзақ мерзімге мораторий жарияланды. Содан бергі кезеңде ескерткіш-тақтаны орнатуға байланысты заңдық негіз болмады. Жалпы, ескерткіш-тақталар бұл негізінен, Алматы қаласына тән мәселе деп айтуымызға болады. Басқа өңірлерде бұл мәселе аса өзекті емес. Оның да өзіндік себебі бар. Кеңес дәуірі тұсында Алматы еліміздің астанасы болды. Зиялы қауым өкілдерінің барлығы дерлік Алматыда тұрды. Ақын-жазушылар, ғалымдар, мәдениет пен өнер, мемлекет және қоғам қайраткерлері – барлығының өмірі осы қаламен тығыз байланысты. Олар осында жастық шағын өткізіп, шығармашылығын шыңдады. Қайраткерлік биікке қол жеткізді. Олардың әрқайсысы тұрған үйге ескерткіш-тақта қоюға лайық. Қазір қаламызда 430-дан аса үйге ескерткіш-тақта орнатылған. Бұл мәселенің бір жағы. Мұның екінші бір қыры бар: нарықтық жағдайға байланысты қаладағы бірінші қабаттардың көбі дүкендерге, кеңселерге, бизнес нысандарына айналды. Зиялылардың көпшілігінің ұрпақтары ол үйлерде тұрмайды, кейбіреулері үйлерін сатып кеткен. Сатып алушының ол үйлерді қалауынша пайдалануына құқығы бар. Орталықта он бес тақтаға дейін ілулі тұрған үйлер бар. Ескерткіш-тақтаға қатысты осындай мәселелер жиі туындап жатады. Ескерткіш бөлек, ал ескерткіш-тақта, ол ақпараттық тақта. Екеуін шатастыруға болмайды. Алдағы уақытта Мәдениет туралы заң қарастырылар болса, осы мәселені ескергеніміз жөн деп ойлаймын.
– Ескерткіш-тақтаны орнатудың негізгі алғышарттары қандай? Оның белгілі бір талаптары бар ма?
– Ескерткіш-тақтаны орнатудың ережелері қазір жасалу үстінде, оған қатысты ұсыныстарымызды министрлікке жолдаған болатынбыз. Негізгі мәселе осында. 2013 жылдың қаңтарында «Ономастика мәселелеріне қатысты заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң» қабылданды. Қазір осы құжат жетілдірілу үстінде. Айталық, соғыс ардагерлеріне көше беру туралы ұсыныстар қазір көптеп түсуде. Кеңес Одағының Батыры немесе Даңқ орденінің кавалері болса, оған ешкімнің дауы жоқ. Елімізден фашизмге қарсы соғысқа жүз мыңдаған адам аттанды. Олардың бәрі майданда көзсіз ерлік көрсетті. Алайда олардың бәріне бірдей көше аттарын бере алмаймыз ғой. Оның да белгілі бір талабы болуы тиіс емес пе. Рас, әрбір ұрпақ өзінің әкесін, атасын батыр көреді. Қал-хадерінше құрмет көрсеткісі келеді. Олар әкелерінің еңбегін айрықша қадірлейді. Бала үшін әке қандай құрметке болса да лайық. Міне, осылардың ара-жігін ажырату үшін де басы ашық заң талаптары қажет.
Көше атаулары берілетін тұлғалар ұлттың тұтастығына, мемлекет болып қалыптасуына ерекше күш-жігерін арнаған жандар болуы шарт. Осындай критерийлер заңдық негізде жетілдірілуде. Тәуелсіз ел болу – бұл біздің маңдайымызға берілген ұлы бақыт, сонымен қатар аса зор жауапкершілік. Көше беру мәселесімен айналысатын арнайы комиссиямыз бар. Заңға сәйкес лайықты жандарды сұрыптап алу – ол осы Ономастикалық комиссияның негізгі міндеті. Ал ескерткіш-тақтаны қоймауға болмайтын қайраткерлеріміз бар. Е.Серкебаев, Қ.Мырзалиев, Е.Бекмаханов сынды тұлғаларға Алматы қаласы әкімінің тікелей шешімімен ескерткіш-тақтаны орнатып отырмыз.
– Көше аттарын беруге байланысты арнайы комиссия жұмыс істейтінін айтып қалдыңыз. Көше аттарына байланысты ұсыныс қай тараптан жүзеге асырылады? Танымал тұлғалардың ұрпақтары хат жолдай ма? Әлде, ономастика комиссиясының бекіткен арнайы тізімі бар ма?
– Көше атауларын беру туралы ұсыныстар көбіне қоғамдық ұйымдардан келеді. Алматы қаласында тұрақты Ономастикалық комиссия жұмыс жасайтынын айттым. Ол комиссияда 21 адам жұмыс істейді. Комиссияның төрағасы қала әкімінің орынбасары – Зәуреш Аманжолова. Комиссияның құрамында С.Елубай, Х.Алдажұманов, М.Малбақов, Б.Жақып сынды елімізге белгілі тарихшылар, тіл мамандары, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері бар. Бұл кісілердің барлығы дерлік, елімізге еңбегі сіңген, қоғамға аттары белгілі тұлғалар. Әкімдікке түскен ұсыныстарды, хаттардың барлығын осы комиссияның қарауына ұсынамыз. Комиссия ұсыныстарды жан-жақты талқылап, нақты шешім шығарады. Лайықты ма, лайықсыз ба, оны да анықтайтын комиссия. Комиссия лайықсыз деп таныған ұсыныстарды кері қайтарамыз.
– Көше аттарын беруде «бармақ басты, көз қыстыға» жол берілмей ме?
– Бұл мәселеде «бармақ бастылық» жоқ. «Ауруын жасырған өледі» демей ме? Біз жасырғанмен, көше пайда болған кезде көпшілік оны бірден көреді ғой. Алматы қаласында мұндайға жол берілген жоқ. Тәуелсіздік алғалы бері біршама көшелердің аты ауыстырылған екен. Осы көше аттарын ауыстыруда дау-дамайға ұласқан жағдайлар орын алған жоқ. Көше атауларына байланысты тағы бір мәселе бар. Қазір Алматы қаласының аумағы жыл өткен сайын үлкейіп келеді. Тіпті бірнеше есе үлкейді десек те болады. Қалаға енген аймақтардың бәрі кезінде бір-бір елді мекен болған. Қаланың ішінде бар көшелердің есімі ол аймақтарда да қайталанады. Мәселен, бір Сәкен Сейфуллиннің атында бірнеше көше бар. Төрт-бес Әуезов көшесінің пайда болуының сыры осында. Бұрын Алматыда 2000-дей көше болса, қазір 27 елді мекен қосылды. 27 елді мекеннің әрқайсысында тағы да бірнеше көше атаулары қайталанады. Олардың барлығы да қаланың орталығында бар көшелер. Бұрынғы Алматының өзінде кейіннен соғылған атауы жоқ көшелер болатын. Мораторий жарияланған соң, кейбір елді мекендерге көше атауларын беріп үлгермей қалдық. Мәселен, Алатау ауданының өзінде есімі жоқ көшелер бар. Бұрынғы қала аумағының өзінде 90 көшенің атауы жоқ. 165 көшенің атауы қайталанады. Атауы ескірген көшелер де бар. Олардың көпшілігі бұрынғы кеңестік атаулармен тұр. Ең бірінші мәселе – атауы жоқ көшелерге атау беру. Қайталанатын көшелердің атын өзгерту мәселесі де алдыңғы кезекте тұр. Көше аттарын ауыстыру оңай деп ұғатындар да бар. Ол қате пікір. Көше атауларының көбі адамдардың өмірімен, тағдырымен тікелей байланысты. Байланысты болатыны, айталық біреу ауырып қалды делік. Жедел жәрдем шақыру керек пе? Керек. Осы мекенжайы бойынша, адамдар жәрдемақы алады, несие ресімдейді немесе түрлі қаржылық операциялар жасайды. Кейде «мына көшені неге пәленнің атына бере салмайды?» не болмаса, «түгеншенің атын қойыңдар» дейтін тараптағы хаттар жиі келеді. Мұның бәрі айтуға оңай. Мекенжайды өзгерту оңай шаруа емес. Ол сол көше бойында өмір сүріп жатқан ондаған мың адамдардың уақыты мен қаражаты. Көше атауы өзгерсе, меншік иелерінің құжаттарын да толығымен өзгертуіне тура келеді. Сондықтан да бұл жұмыстарды байыппен жүргізіп, аса абай болған жөн. Ең алдымен, тұрғындар өмірін жеңілдететін атауы жоқ көшелер мен қайталанатын есімдердің мәселесін шешу бірінші кезекте тұр. Қазір қаламызға сегізінші Наурызбай ауданы қосылды. Осыған орай аудандағы көшелерді анықтау үстіндеміз. Наурызбай ауданында да қайталанатын көшелер өте көп. Мұның бәрі де зерттеп-зерделеуді қажет етеді.
– Өткен жылы Мирзоян көшесін ауыстыруға байланысты қоғамдық ұйымдар мәселе көтергенін білесіз. Бірақ бұл мәселе шешімін таппай қалды. Не себепті?
– Мирзоян көшесіне байланысты БАҚ беттерінде өз жауабымызды бергенбіз. Кейбір мәселелер дүдәмал болғанда, біз толыққанды ғылыми жауап алу үшін Тарих және этнология институтынан кеңес сұраймыз. Мирзоян көшесіне байланысты қоғамдық ұйымдардың мәселе көтеріп отырғанын айтып, институтқа ұсыныс жасадық. Олар бізге жауабын берді. «Бұл мәселеге келгенде, асығыстық жасамайық. Бұл бір сәттік көңіл күймен шешілетін нәрсе емес. Тарих әлі де зерттелу үстінде. Асығыс шешім шығарып, сол кезеңдегі кейбір елге қызмет атқарған адамдарға да күйе жағып алуымыз мүмкін» дегенге саятын жауап алдық. Кез келген мәселені бір сәттік көңіл күймен, эмоциямен немесе сол дәуірдегі газет мақаласына қарап шешуге болмайды деп ойлаймын. Әрі оны орынсыз дау-дамайға айналдырудың да қажеті шамалы. Сол себепті, ол мәселеге байланысты жауапты Тарих институтының білікті мамандары берді. Осы орайда Қытайдың Құлжа қаласында өзім көрген бір мысалды айта кеткім келеді. Онда осы күнге дейін орталық көшелерінің бірі – И.Сталин атында сақталыпты. Себебін сұрағанымда, жергілікті әріптесім: «Біз асықпаймыз, тарих бәрін өз орнына қояды» деген жауап алдым.
– Тіл басқармасы балаларға арнап, анимациялық фильмдер шығарғанын жақсы білеміз. Ол мультфильмдерге сын айтушылар да көп. Алдар көсенің кемшілігі неде?
– Алғаш «Алдар көсенің көңілді оқиғалары» деп басталған фильмнің 85 сериясы түсірілді. Бұл идея қайдан шықты? Алматы қаласында 300-ден астам балабақша бар екен. Соның 173-і мемлекеттік балабақша. Балабақшаларда нені үйретіп жатыр? Тілді қалай меңгеруде деген мәселе туындады. Балабақшаның атын «қазақша» деп қойғанымызбен, оның ішкі заты өзгермейтініне көзіміз жетті. Мектеп жасына дейінгі балалар кітап оқи алмайды. Олар көргенін, тыңдағанын ғана қабылдайды. Оларға не керек? Қызықты анимациялық фильмдер. Кішкентай балалар ертегінің өзін түрлі-түсті болмаса, тыңдай алмайды. Бүгінгі таңда баланың психологиясы көгілдір экранмен байланысты болып отыр. Осыдан келіп, анимациялық фильмдер түсіру қажет деген идея келді. Сөйтіп, тапсырыс бердік. Ашық конкурста «Краус» ЖК жеңімпаз атанып, өнімдер осылайша, түсіріле бастады. Егер мұқият сол өнімдермен таныссаңыз, олардың сапасының оншалықты төмен емес екеніне көзіңіз жетеді. Бір нәрсені ескеруіміз керек, біз ол анимациялық фильмдерді телеэкранға ұсынамыз деп дайындаған жоқпыз. Әйтсе де, қазір отандық телеарналарда осы мультфильмдер жүйелі көрсетіліп келеді. Оның бәрі балабақшадағы балаларға арналып жасалған дүниелер. 2013 жылы қазақтың батырлар жырларына қатысты анимациялық фильмдер жарық көрді. «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын» сияқты батырлар жырларын,өткен жылы «Қыз Жібек» пен «Қозы Көрпеш Баян сұлу», «Ер Төстікті» қаланың барлық балабақшаларына тегін таратып бердік. Екінші бір балаларға арналып жасалған дүние – «Сиқырлы қалам». Ондағы мақсат – сәбилерге оқу-әдістемелік құралдарын заман талабына сай жасап беру.
– Қазақтың батырлар жырларының негізінде анимациялық өнімдер дайындау қажет. Ол баланың сана-сезімін өсіруге, танымын арттыруға көмектеседі. Бірақ бұл фильмдердің саны көп болғанымен, сапасы көңіл көншітерлік емес. Неге?
– Сынның болғаны да дұрыс. Шын мәнінде, Алдар көсені алғаш түсіргенде, балабақшалардағы ахуалды көріп-біле тұра құр қарап отырмайық дедік. Алматының шығармашылық әлеуеті жоғары екені баршаға аян. Балалардың санасына қазақтың дәстүрін, салтын, қиял-ғажайып ертегілерін сіңіре берейік деп шештік. Үш-төрт жастағы баланың бәрі «Маша и медведь» мультфильмін жақсы көретінін білесіз. Сол сияқты Алдар көсе де олардың сүйікті анимациялық фильміне айналды. «Біткен іске сыншы көп» демей ме. Бірақ сол өнімдерге бәсекелес бола алатын туындылар бар ма? Арнайы телестудиялар бар. Олардың түсірген өнімдері қайда? Анимациялық өнімдердің бәрі саусақпен санарлықтай ғана. Біз өзіміздің сұранысымыздың арқасында осындай анимациялық фильмдер жасадық, оларды телеарналар көрсетуде. Ал одан жақсы жасаймын, асырамын дегендерге жол ашық емес пе!?
– Бүгінгі күні сақау жарнама негізгі өзекті мәселенің біріне айналған. Әсіресе, Алматыдай мегаполисте бұл мәселенің шешімі табылмай тұр. Жарнаманы жөндеуде басқарма қандай өзекті жұмыстар атқаруда?
– Жалпы, мыңдаған жарнама ішінде біреуінде қателік кетсе, жұрттың назары сонда болатыны белгілі. Әйтсе де, сіз айтқандай «шешімі табылмай тұр» дегенмен, мен келіспес едім. Жарнама мәселесіне келгенде, тұрғындардың ашулануына негіз жоқ деп ойлаймын. Қазір бәрі заңмен реттелген. Осымен арнайы айналысып отырған жергілікті орган – біз бармыз. Біздің арнайы мамандарымыз қаланы аралап, күнделікті қателермен күресіп жүр. Өткен жылы жеті мыңның үстінде қателерді жөнге келтірдік. Биылғы жылдың өзінде төрт мыңға жуық қателерді реттедік. Қате болудың бірнеше себептері бар: ең алдымен, бізде жарнама мамандары жетіспейді. Сол мамандарды даярлайтын уақыт жетті деп ойлаймын. Жекелеген адамдар өз өнімдерін өздері жарнамалап қояды. Олардың жарнамасында қате кеткенін көрсек, ескерту береміз. Ол процесс жөнге қойылғанша, едәуір уақыт өтеді. Жарнамалардағы, көрнекі ақпараттар мен жол көрсеткіштеріндегі қателерді анықтау үшін арнайы мамандарымыз қолдарына фотоаппараттарын ұстап, көшеде жүреді. Қай жерде қате жарнама бар, соны түзетуге атсалысады. Алматы қаласы әкімдігінің жанынан құрылған «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының мамандары осы жарнамаға жауапты. Көрнекі ақпарат құралдары бірнеше салаға бөлінеді. Олардың арасында жол көрсеткіштері бар. Одан кейін маңдайша жазулары бар. Әрбір дүкеннің, асхана, мейрамханалардың маңдайшаларындағы жазуларға меншік иесі жауап береді. Маңдайшадағы жазулар қате ілінсе, оған ескерту беріледі. Ондай ескертулерге құлақ аспаған жағдайда, 50 айлық көрсеткішке дейін айыппұл салуға құқымыз бар. Қазір қоғам тарапынан түсіністік бар. Қателерді тез реттеуге тырысады. Бұл күнделікті үдеріске айналған. Жарнама агенттіктерімен де тікелей байланысып, оларға тіл тұрғысынан көмектесіп отырамыз. Олар да жүргізіліп отырған саясатты құптап, қолдап отыр. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, қоғамдық ұйымдар да жиі көмектесіп отырады. Алматы алып мегополис болғаннан кейін, негізгі жарнама көздері де осында ілінеді. Бірақ мамандардың аздығы, олардың әлеуетінің шектеулілігі күн өткен сайын айқындалып келеді. Мәселен, әлемдік брендтер өнімдерінің орысша-ағылшынша жарнамаларын жасауға тұтас бір команда жұмыс істейді. Олар адам санасын еріксіз жадылайтын сауатты жарнаманың болуын қамтамасыз етеді. Дайын өнім бізге келген соң, ортаңқол аудармашының қолына түседі. Ол қолына сөздікті алады да, сонымен аударады. Қате екенін айтып, пікір айтсаңыз, сөздікті алдыңызға тосады. Оған не дейсіз? Қазір жарнамасыз газет жоқ, жарнамасыз телеарна жоқ. Бірақ сауатты мамандар жоқтың қасы. Жарнама мамандарын дайындауда кенже қалып отырмыз. Тимур Бекмамбетов деген бауырымыз отыз секундтық жарнамасымен әлемге танымал болды. Қазір әлемдік деңгейдегі режиссерге айналды. Жарнама дегеніміз – өте нәзік сала. Бұл тікелей басқарманың кінәсі деп айтуға болмайды, бұл мамандарға келіп тірелетін дүние. Сондай-ақ өнім иелерінің де ойланар кезі келді. Мұны қоғам болып, жұмыла көтеруіміз керек.
– Жыл сайын тілді дамытуға бірнеше миллиондаған қаржы бөлінеді. Ол қаржы тіл саласы бойынша, қандай игілікті шараларға жұмсалуда?
– Бүгінгі таңда Мемлекеттік тіл өзінің заңды мәртебесіне орнықты. Елбасы Н.Назарбаев айтулы жиындардың ешқайсысында да тіл мәселесін назардан тыс қалдырған емес.Бұл біздер үшін үлкен қолдау. Ономастика мен жарнамалардан бөлек қазір бірнеше бағытта жұмыс жүргізіп отырмыз. Ең алдымен, атқарушы органдардағы мемлекеттік тілдегі құжаттардың айналымын қадағалаймыз. Екінші бағытымыз – осы шаруаны іске асыратын мемлекеттік қызметкерлерді қазақ және ағылшын тілдеріне оқытуды жүзеге асырамыз. Ағылшын тілін білу – күн өткен сайын заманның басты талабына айналып келеді. Қазір жергілікті бюджет есебінен мемлекеттік қызметшілерге ағылшын тілі курстары ұйымдастырылған.Үшінші бағытымыз – түрлі этно-мәдени орталықтармен бірге олардың Конституцияда айқындалған ана тілдерін және мемлекеттік тілді оқыту жұмыстарын атқарамыз. Төртіншіден, тілді үйренгісі келетін әлеуметтік жағынан қорғалмаған қоғам мүшелерін, зейнеткерлерді, мүгедектер мен басқа да қала тұрғындарын біз жүйелі оқытып келеміз. Бұлардан тыс тіл саясатын, халықтар достығын насихаттайтын ондаған шараларды өткіземіз. Тіл мәселесі кейінге ысыруға да, бір күнде жасап тастауға да келмейтін, тақуаның құдайға құлшылығы секілді күнделікті қара жұмыс қой. Алматы – жастардың қаласы. Қаладағы барлық жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесіп, олардың сауалдарына жауап беруге тырысамыз. Осының бәрі тіл басқармасының күнделікті айналысып отырған шаруалары.
– Бір Алматының өзінде бірнеше балалар үйі бар. Балалар үйінің тілі қандай?
– Балалар үйінде негізгі сабақтар қазақ тілінде өткізіледі. Біздің тарапымыздан шығарылған өнімдердің бәрі балалар үйіне жеткізіліп отырады. Оған өздеріңіз де барып көз жеткізулеріңізге болады. Тағы бір мәселе, қаладағы тілдік ахуалға мониторинг жасап отыру. Яғни жастар нені білгісі келеді? Оларға не қажет? Қоғам мүшелерін не мазалайды? Осыған байланысты тұрақты әлеуметтік зерттеулер жүргізіп отырамыз. Қуанарлығы, қала жастарының 90% өз болашақтарын мемлекеттік тілмен байланысты деп есептейді екен. Қоғам тарапынан түсінбеушілік, ұсыныс болатын болса, соның бәрін қабылдап, шешімін табуға көмектесеміз. Көшеде келе жатып жарнамада қате көрінсе, оған ренжудің немесе әлдекімді айыптаудың қажеті жоқ. Кез келген уақытта басқармаға тікелей немесе сайт арқылы хабарласуына болады. Оның бәрі заңмен реттеліп отырады.
– Жалпы, тіл басқармасына шағымдар көп түсетінін білеміз. Ол шағымдардың дені көше аттарына тірелетін секілді. Бұл жүйені реттеу қиын ба?
– Рас, тіл басқармасына келетін ұсыныс-хаттар, өтініштер өте көп. Әсіресе, көше атауларына байланысты ұсыныстар жиі айтылады «Пәлен адамның атына неге көше берілді?» «Неге түген адамның атында көше жоқ?» деген секілді хаттар көп. Мемлекеттік тілде дұрыс қызмет көрсетпегенін айтып, шағымданатындар бар. Дүкен аттарынан, жарнамадан қате көрсе, соны хабарлап айтатын тұрғындар жетерлік. Тұрғындардың тілдік мәселелерге бейжай қарай алмайтыны бізді қуантады. Біз кез келген ұсыныс-хатқа, талап-тілекке назар аударып отырамыз. Әзірге айыппұл салғанымыз жоқ. Айыппұл салып, біреуді үркітіп-қорқыту мақсат емес. Мәселе, сол қатенің шешімін табуында. Осы уақытқа дейін қасарысып, өзгертпейміз деген жандар болған жоқ. Бұл да біздің игілікті ісіміздің бір көрінісі шығар.
– Талғат Бигелдиновтің есімін әуежайға беру туралы ұсыныс тасталған еді. Бұл да аяқсыз қалған секілді.
– Ономастика заңдылығы бойынша, кез келген көшеге немесе нысанға атау беру туралы ұсыныс, дүниеден озғаннан кейін бес жылдан соң қаралады. Заң орындалуымен қымбат емес пе? Сондықтан бес жыл деген өтеді де шығады деп ойлаймын.
Көше беру, ескерткіш-тақта қою мәселелерінің көбі дүниеден озғаннан кейін бес жылдан кейін қозғалады. Кейбір кісілер асығып тұрады. Әртүрлі көңіл күймен келеді. Бір сәтте шешіле салса деп ойлайды. Арнайы заң бар екенін ұмытып кете береміз.
– Мекеме «Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы» деп аталады екен. Демек, басқарманың іргелі бір саласы – мұрағат қой. Мұрағат жұмыстарында ілгерілеушілік бар ма?
– Мұрағат дегеніміз – бұл тоқтамайтын күнделікті қара жұмыс қой. Жылына жиырма мыңнан аса адамға мұрағаттық анықтамалар береміз. Жұмыстар халыққа қызмет көрсету орталықтары немесе тікелей қалалық мұрағат арқылы да жүзеге асады. Алыс-жақын шетелдерден де сұраныстар көп түседі. Адамның өмірінің дені құжатпен байланысты емес пе. Сондықтан мұрағат жұмыстарында да атқарылып жатқан шаруалар шаш-етектен. Жалпы, тіл саясатын, оның қоғамды біріктірудегі рөлін қала әкімі Ахметжан Есімов тереңінен біледі. Сол себепті, ешқашан да бетімізден қағып көрген емес. Тіл саясатын үнемі назарда ұстап отырады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Гүлзина БЕКТАС
«Айқын» газеті
http://aikyn.kz/ru/articles/show/8691-t_l_zhet_k_b_let_nderge_zha_sy_tet_k