АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ


Ана тiлi қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңiлдiң, лүпiлдеген жүректiң сығындысы. Онда дәм де, мән де болу керек. Сұлтанмахмұт Торайғыров


Мемлекеттік тілде іс жүргізу   •    Мемлекеттік қызмет   •    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл   •    Тіл саясаты   •    БАҚ біз туралы
Жаңалықтар   •    Байқау ережелері   •    Ономастика   •    Әдістемелік көмек   •    Кітапхана   •    Басшы   •   

ЖАҢСАҚТЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛАЙЫҚ!
Көрсетілім саны: 44

001

       15 мамыр күні Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің өзекті мәселелері» атты ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Басқосуға қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелері, тілтанушы ғалымдар, білім, ғылым мекемелерінің мамандары қатысты. Конференцияны Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахат Шимашева жүргізді.

       Келелі кездесуде А.Бай­тұр­сынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Зейнеп Базарбаева латын гра­фикасындағы орфогра­фияның ғылыми негіздері мәселесіне тоқталса, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры Фаузия Оразбаева латын әліпбиін меңгерудің әдіснамалық ерекшеліктеріне назар аударды. Ал филолог Бағдан Момынова қазақ тіліндегі гибрид сөздердің орфограммалануы мәселесін сөз етті. «Астана» медицина университетінің Мемлекеттік тілді дамыту және тіл саясаты бөлімінің басшысы Мұхамбедия Ахметов латын негізді қазақ әліпбиінің жобасында төл тіліміздің ерекшеліктерінің ескерілмегенін, «бір дыбыс – бір таңба» принципін негізге алу керектігін, қазақ дыбыстарын пернетақтадағы 26 пернеге сыйғызуға тырысудың ақылға қонымсыз екенін атап өтті. Оның «Тақияға бас сыймайды деп басты жонбаймыз ғой, сол сияқты пернетақтаға таңба сыймайды екен деп тіліміздің әуезін бұзбауға тиіспіз» деген пікіріне жиынға жиыл­ғандар ерекше қолдау білдірді.
«Бір дыбыс – бір таң­ба» принципін үнемі айтып жүрген филолог, А.Байтұр­сынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Әлімхан Жүніс­бек бұл басқосуда да латын тілді әліпбидің соңғы нұсқа­сының кем-кетік тұс­тарын атап өтті. Қазақ тілінің болашағы көкпарға түсіп жатқанда кәсіби көзқа­расқа құлақ асу аса маңыз­ды. Сондықтан ға­лым­­­ның ұсынысын то­лық­тай жариялағанды жөн көрдік.

– Латынға өту бастамасын көтерген Елбасы қабылданған әліпби жобасының әлі де жетілдіріле түсуі мүмкін екенін айтқан болатын. Осыны ескеріп кәсіби ғалым ретінде жобадағы жетілдірерлік тұстарға өз ұсынысымызды білдіруді қажет деп таптық. Өйткені әліпбидің ағат тұстары әліпбиді жаңғырту емес, тілге қиянат болып отыр. Осының бәрін көре отырып, маман ретінде, қалыс қалуға дәтіміз шыдамады. Сонымен қатар әліпби құрамындағы ши­кіліктің басты себебі тірек маман­дығы қазақ тілі емес әріптестеріміз бен орыс­тақы тәрбиенің салдары екенін баса айтқымыз келеді.

1. Әліпби тізбегіндегі 11 нөмір (1-сурет).
Дауысты дыбыс пен дауыссыз дыбысты және төркіні бөлек орыс тілінің дауысты и дыбысы мен қазақ тілінің дауыссыз й дыбысын бір таңбамен белгілеуге болмайды. Ендеше 11 нөмірдегі таңбаларды (әріптерді) түгел алып тастау керек.

2. Әліпбидің 10 және 11 нөміріндегі дыбыстардың бас әріптері жөнсіз бірдей болып шығып отыр. Осы­ған орай, дауысты ды­бысты дауыссыздың таңба­сымен (әрібімен) белгілеу­ге болмайды.
Үндесім жұп дыбыс­тардың тірек таңбасы бір­дей болу керек: «а-ä», «o-ö», «u-ü». Жіңішке «і» дауыс­ты дыбысының тірек таң­басына орай «ы» да­уысты дыбысының таңбасы «Iɪ» болу керек: «Iɪ — İі».
Ендеше 28 нөмірдегі (2-сурет) дауысты «ы» ды­бы­сына арнайы таңба беру керек.

2-сурет
Ондай таңба (әріп) фонетикалық дәстүр бо­йынша «I ɪ» болып табылады, дәйектемесіне тө­менде арнайы тоқта­ламыз. Ал 11 нөмір­дегі дауысты «i» дыбы­сының таңбасы (әрібі) «İ i» болу керек.
Сонда үндесім дыбыс­тардың жуан-жіңішке жұ­бы­ның әріптері өзара ерек­шеленеді: I ɪ — İ i. Жақ­ша ішінде акут үлгісі бері­ліп отыр.
Мысалы, ЫС ыс – ІС іс = IS ɪs — İS is (YS ys – Is is); СЫЗ сыз – СІЗ сіз = SIZ sɪz — SİZ siz (SYZ syz – SIZ siz).

3. Әліпбидің 29 нөмірін­дегі (3-сурет) «Ýý» таңбасы орыстың «у» дауысты дыбысы мен қазақтың қазіргі емлесіндегі у дауыссызына ортақ таңба ретінде беріліп отыр.

3-сурет

       Бұл – теория-практика­лық тұрғыдан жаңсақ ше­шім: қазіргі кирилл әліпбиі­міздің орыс емлесін қайталау болып отыр. «Дауыстыдан кейін дауыс­сыз болады, дауыс­сыздан кейін дауысты бола­ды» деген дүбара кирилл ережеміз сол күйін­де, мұрты бұзылмай, қалып отыр. Осы нөмірдегі дауыс­сыздың Ýý әрібін тұсын­дығы кириллдің дауысты у сілтемесіне қарап, дауысты деп ұғу бар. Кирилл үлгісімен солай жазып та әлек болып келеміз. Бұл шатасуды жөндеудің амалы біреу-ақ, не өзінің артикуляциялық таңбасын W w қоюымыз керек, не тұсына дауысты емес дегенді көрсетіп, У (дауыссыз) – Ýý (дауыссыз) деп ескертіп отыр­уы­мыз керек. Сонда Ýý әрібін дауыстының ор­ны­на жаза алмайтын боламыз. Дауыстының орнына жаза алмаған соң, амал жоқ, алдына дауысты таңба іздеуге тура келеді. Дауыссыз W w дыбысы бар екенін және оның төл дыбысымыз екенін мойындатудың бір амалы осы болып табылады.

       Орыстың дауысты «у» таңбасымен орынсыз белгіленіп келген қазақтың дауыссыз «у» дыбысы, әлеми жазу дәстүрі мен жазу теория­сына лайық «w» таңба­сы­мен міндетті түрде белгілену керек.
Мысалы, АУ ау = AW aw (AÝ aý); У у = UW uw (Ý ý); ТАУ тау = TAW taw (TAÝ taý); ТУ ту = TUW tuw (TÝ tý);

4. Әліпбидің 31 нөмірдегі дауыссыз «ш» дыбысының диграф таңбасының «sh» (әрібінің) екі түрлі оқыла­тынын көпшілік аңғарып қалды. Мысалы, «ashana» қалай оқылады: «асхана» ма, әлде «ашана» ма?
Ендеше жаңа әліпбидің акут ұстанымына сүйе­ніп, диграфтың орнына жалаң Ś ś таңба-сын қабылдаған өте орынды шешім болады.
Мысалы, ШАШ шаш = ŚAŚ śaś; ҰШАҚ ұшақ = UŚAQ uśaq
5. Әліпбидің 11 нөмірін­дегі қазақтың дауыссыз «й» дыбысының халықаралық фонетикалық таңбасы (әрібі) «y» болып табылады. Тағы да, осы нөмірдегі да­уыссыз «i» әрібі тұсын­дығы кириллдің дауысты и сілтемесіне қарап, дауысты деп ұғу бар. Кирилл үлгісімен солай жазып та әлек болып келеміз. Бұл шатасуды жөндеудің амалы біреу-ақ, не өзінің артикуляциялық таңбасын «Y y» қоюымыз керек, не тұсына дауысты емес дегенді көрсетіп, И(дауыссыз) – Yy(дауыссыз) деп ескертіп отыруымыз керек. Сонда «İi» әрібін дауыстының орнына жаза алмайтын боламыз. Дауыстының орнына жаза алмаған соң, амал жоқ, алдына дауысты таңба іздеуге тура келеді. Дауыссыз «Yy» дыбысы бар екенін және оның төл дыбысымыз екенін мойындатудың бір ама­лы осы болып табылады.
Ендеше қазақтың дауыссыз «й» дыбысының таңбасы (әрібі) латын үлгі­сімен «Y y» болуы міндетті.

       Мысалы, АЙ ай = AY ay (AI ai); И и = İY iy (I i); ТАЙ тай = TAY tay (TAI tai); ТЫЙ тый = TIY tɪy (TYI tyi); ТІЙ тій = TİY tiy (TI ti)
Егер шынын айтатын бол­сақ, аталған жаңсақтық­тар теория­лық және оқу-әдіс­те­мелік тұрғыдан өрес­кел кем­шіліктер болып табы­ла­ды. Оның тау­қыме­тін ер­тең оқулық жазатын ав­тор­лар, әдіс­теме ұсына­тын әдіскер­лер, аудитория мен сы­ныптарға баратын оқы­тушылар мен мұғалім­дер, сол аудитория мен сыныптарда отырған шәкірт­тер, латын әліпбиін насихат­тап іске асыратын күллі ма­ман­дар тартатын болады. Ен­де­ше «аурудың алдын алу керек».

       Біз арнайы мәселе етіп көтеріп отырған «Әліпби жаңғыруды» Елбасымыз ұсынып, көпшілік қолдап отырған кең көлемдегі «Ұлттық сана жаңғыру» аясындағы шара деп қарайтын болсақ, үлкен жауапкершілік алдында тұрғанымызды ұмытпау керек болады.

Меліс СЕЙДАХМЕТОВ
http://pr-hal.kz/k-kejtesti/zha-sa-ty-ty-aldyn-alajy