АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ


Алаш болып шашау шықпау – бірліктің басы. Міржақып Дулатов


Мемлекеттік тілде іс жүргізу   •    Мемлекеттік қызмет   •    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл   •    Тіл саясаты   •    БАҚ біз туралы
Жаңалықтар   •    Байқау ережелері   •    Ономастика   •    Әдістемелік көмек   •    Кітапхана   •    Басшы   •   

«Ономастика саласын реттейтін заңнама жетілдіруді қажет етеді»
Көрсетілім саны: 1082

Мамай АХЕТОВ, Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы: «Ономастика саласын реттейтін заңнама жетілдіруді қажет етеді»

 Mom

– Мамай Қаниұлы, қаладағы тіл мәселесіне тікелей қатысты тұлға ретінде айтыңызшы, бүгінде мемлекеттік тіліміздің мүмкіндігі қай межеде?

– Жалпы алғанда, әрбір елдің, кез-келген мемлекеттің дербестігін, елдігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін аса маңызды рухани құндылықтары болады. Мыңдаған жылдар бойы қалыптасатын мұндай ұлттық құндылықтарға сол халықтың мәдениеті мен өнері, салты мен дәстүрі, сонымен қатар, тілі жатады.
Осы ретте, Алматы – еліміздің тәуелсіздік декларациясы жарияланған, одан да басқа мемлекетіміздің ең басты құжаттары қабылданған тарихи қала екені баршаға мәлім. Соның ішінде, ұлтымыздың өзегі болған «Тіл туралы» Заң да осы Алматыда қабылданғанынан ел хабардар. Еліміздегі тілдік қатынастарды реттейтін аталмыш құжат қабылданған күн Тілдер мерекесі ретінде белгіленіп, жыл сайын осы күні тіліміз бен діліміздің, жалпы рухани дамуымыздың бағыт-бағдарына зер салып, жетістіктеріміз бен келешек мақсаттарымызды анықтап алатын дәстүр қалыптастырдық.
Содан бергі уақытта Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан Республикасында біртұтас мемлекеттік тіл саясаты қалыптасты. Оның мәні қазақтың Қадыр ақыны айтқандай «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дегеніне саяды. Осынша жыл ішінде тіл мәселесі Мемлекет басшысының назарынан бір сәт те тыс қалған емес. Ұлытау төрінде берген сұхбатында да Нұрсұлтан Назарбаев: «Тіл туралы заңды қолданып, өзімізбен-өзіміз қазақша сөйлесуіміз керек. Тілді қолданып, батыл сөйлеуіміз керек. Тілдің майын тамызып сөйлеп, басқа жұртқа үлгі көрсетуіміз керек», – деді тіл жайлы толғанып.
Біздің елде тіл мәселесін үйлестіріп, жүзеге асыруды мемлекет өз мойнына алған. Мұндай мемлекеттік жауапкершілік әлем елдерінде өте сирек кездесетінін айта кету керек. Дүниежүзілік тәжірибеде мемлекет тіл саясатының негізгі бағыттарын анықтайды да, оны жүзеге асыруға қоғамдық ұйымдар мен жалпы халық атсалысады. Сондықтан, азаматтық қоғам тетіктерін тіл мәселесінде оңтайлы пайдалану кезек күттірмейтін жұмыс.
Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда Алматы қаласының орны ерекше. Алғашқы Тіл туралы Заңның қабылданған, оны жүзеге асыру үшін қажет болған алғашқы шаралардың қолға алынған жері – осы Алматы қаласы екенін мақтанышпен айта аламыз. Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға бүкіл республикамыздағыдай Алматы қаласында да қажетті жағдайдың бәрі жасалып келеді.
Сауалыңызға нақты жауап ретінде бір мысал айта кеткенді жөн санап отырмын. Алматы қаласындағы тілдік ахуал мәселелерін анықтау мақсатында жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижесі мемлекеттік тілді меңгерген қала тұрғындарының үлесі 78 пайызға жеткенін көрсетіп отыр. Этникалық топтар арасында мемлекеттік тілді анағұрлым жетік меңгергендер қатарына шешен, әзірбайжан және орыс ұлтының өкілдері жатады.
– Басқарма қаланың ономастикалық мәселелерінен де сырт қалмайтынын білеміз. Сондықтан, осы бағыттағы жұмыстар жайлы да ой бөлісе кетсеңіз.
– Иә, біз ономастика мәселесімен де тікелей айналысамыз. Ономастиканың былайғы жұрт біле бермейтін қиындықтары көп. Жалпы, бабаларымыз бағзыдан жер-суға атау бергенде өте абай әрі әділ болған. Мәселен, Алматы қаласы маңындағы кей жерлердің, елдімекендердің әлі күнге жоңғар батырларының есімімен аталуын олардың құрметіне немесе шектен тыс батырлығына бас игендіктен емес, сол кезеңдегі тарихи оқиғаны, оның осы жерде болғанын халықтың жадында жаттатып қалдыру мақсатымен байланыстырар едім. Қазақ жер-су атауларын көбіне тарихи оқиғалар мен аңыздар бойынша қойып отырған. Осының бәрін зерттеу ономастика ғылымының міндеті. Ал, ол өз кезегінде тіл ғылымының бір тармағы болып табылады. Мұның сая­сатпен де, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен де, тілмен де байланысы бар.
Саясатпен байланыстыратыным, кешегі кеңестік көсемдердің аттарындағы қала көшелерінің атауын неліктен осы күнге дейін ауыстырмай жүргенімізді сұрайтындар бар. Көше атауын өзгертуде ойланатын мәселе жетерлік. Біріншісі тұрғындардың бүгінгі жағдайымен байланысты. Өйткені, көше атауы өзгеретін болса, сол көшенің бойында тұратын мыңдаған меншік иелерінің мекенжайы, заңды немесе жеке тұлғалардың меншік атаулары бірге өзгереді. Мұның бәрі бір күнде біте салмайтын өте күрделі шаруа.
– Ондағы тұрғындардың келісімі де керек, солай ма?
– Иә. Бірақ, ол екінші кезектегі мәселе. Қазіргі негізгі мәселе мынада, бұрын Алматының өзінде 1860 шамасында көше болатын. 2014 жылы қала құрамына 22 мың гектардан астам жер, 27 елдімекен қосылды. Оның бәрі бұрын облыс аумағына кірген. Сол елдімекендерде 500-ден астам көше бары анықталды. Енді олардың ұзындығы, орналасуы және атауының қайталанбауы деген секілді мәселелер бойынша жұмыс­тар жүргізу қажет. Себебі, 500-ден астам көшенің 80 пайызының атауы бір-бірін қайталайды. Оларды өзгерту керек.
Сондай-ақ, қала маңында үлкен құрылыс жұмыстары жүргізіліп, іргедегі елдімекендерде жаңадан көшелер пайда болды. Әркім шартты атаумен өздері атап кеткен сол көшелердің көбіне әлі ресми атау берілмеген. Бірінші кезектегі мәселе – осындай атауы жоқ көшелерді анықтап, оларға атау беру. Атауы қайталанатын көшелерді анықтап, қайта атау беру жұмыстары да бар. Үшінші кезекте барып, тарихи тұрғыдан ескірген көшелердің атауын жаңартуды қолға алуды жоспарлап отырмыз. Әзірге мораторийге байланысты бұл жұмыстар тоқтап тұр.
– Мораторий қай кезден бастап жарияланды?
– 2015 жылдың қаңтарынан бас­тап ономастикалық жұмыстарға рес­публика бойынша мораторий жарияланған болатын.
– Ондағы мақсат не?
– Ономастика саласын реттейтін заңнаманы жетілдіру мақсатында жарияланды. Мәселен, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекеленгенде, соны пайдаланып атасы немесе әкесі соғысқа қатысқандардың көбі көше атын алып қалғысы келді. Бір анығы, Кеңес Одағының батырына немесе соған теңестірілген «Даңқ» орденінің 3 мәрте иегеріне сөзсіз беріледі. Ал, жалпы соғыс ардагерлерінің қайсысына қандай жағдайда көше атауын беруге болатыны, не болмайтыны заңнамада көрсетілмеген.
Өткен дәуірлердегі батырларымызды, хандарымызды, бір сөзбен айтқанда, мемлекеттігімізге тікелей еңбек сіңірген тарихи тұлғаларымызды айқындап алуда да үлкен талғам, парасаттылық пен білім керек болып отыр. Сондықтан, бұл бірнеше мәселені қамтитын, асығыстық жасауға болмайтын дүние.
– Екі көше бір адамның атымен аталған жағдайда, қандай талаппен қайсысы алынып тасталады? Мысалы, өзіңіз айтып өткен Әуезов көшесі қалада да, қалаға қосылған Қалқаман елдімекенінде де бар.
– Мұндайда қала орталығындағы орнығып қалған көше атаулары қалдырылуы мүмкін. Бұл да қалалық ономастикалық комиссияда қаралады. Көше атауларына байланысты бар мәселе Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Оразбайұлы Қырықбаев төрағалық ететін, құрамына белгілі тарихшылар, қоғам қайраткерлері, мамандар мен ғалымдар кіретін комиссияның талқысына түседі.
Жалпы, көшеге атау беру мәселесі бірнеше сатыдан өтеді. Алдымен ономастикалық комиссиядан соң ол қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясында қаралады. Одан соң бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Қалалық ономастикалық комиссияның шешімі бұдан кейін республикалық ономастикалық комиссияға жіберіледі. Ол жақ рұқсат бергеннен соң жергілікті жерге келіп, Алматы қаласы әкімдігі мен мәслихатының бірлескен шешімімен көшеге атау беріледі.
Заң бойынша, адам қайтыс болғанына 5 жыл өткен соң ғана оның есімін көшеге беру мәселесі ономастикалық комиссияға шығарылады.
– Керісінше, белгілі бір тұлғаның атына берілген көше атауын қайта алып қою мәселесі қалай жүзеге асады?
– Белгілі бір тұлғаның атына берілген көшенің атауы 10 жылға дейін қайта қарастыруға жатпайды.
Тағы бір түйткілді айта кеткен жөн. Бұрын қала шекарасы қай жерге дейін болса, көше атауы да сол жерге дейін берілген. Қазір шаһар шекарасы біршама кеңейгені баршаға мәлім. Енді соған байланысты көше атауының да қаланың жаңа шекарасына дейін берілуін қамтамасыз ету керек. Ондай көшелер өте көп. Мұның бәрі қара жұмысты қажет етеді. Олай дейтінім, ол көшенің қаулысын шығару үшін, дайындау үшін алдымен бастан-аяқ оның ұзындығын өлшеу керек.
– Қала көшелеріне тәуелсіздіктен соң тарихи тұлғаларымыздың аты берілсе де, көпшілік ескі атауымен атап жатады. Бұл олқылықты қалай түзетуге болады?
– Біз бүкіл қоғамдық көліктердегі қала көшелерінің атаулары, жарнамалар, маңдайша жазулары, яғни, көрнекі ақпараттың барлығының талапқа сай болуын қадағалаймыз. Қоғамдық көліктерде ол жүретін бағыттық көшелердің, аудандардың аттары дұрыс жазылуын бақылап, кондукторларына көше атауларын дұрыс атауды да тапсырып отырамыз. Әрине, күнделікті өмір біздің қалауымыздан сәл басқашалау болып та жатады.
Дегенмен, жаңа атауларға тұрғындарымыз біртіндеп үйреніп келеді. Қала орталықтарындағы көше атаулары өзгертілгенде, бастапқыда ел арасында оны жатырқағандар да болды. Тәуелсіздік алғалы бері қала орталықтарындағы 158 көшенің атауы өзгеріп, 450-ден астам көшеге жаңадан атау берілген. Мұның бәрі үлкен өзгеріс. Жаңарған, жаңғырған көше атауларының бәрі халықтың санасына сіңген десек қателеспейміз. Өйткені, буын алмасқан кезде жас ұрпақ ескі атауды бәрібір қабылдамайды, жаңа атаумен атап, соны жадында сақтап өседі.
– Көше атауынан тіл мәселесіне ойыссақ. Қоғамның үлкен талқысына түскен «үш тұғырлы тіл» жайлы не дейсіз?
– Қазіргі уақытта «Үш тұғырлы тіл» идеясы еліміздің білім беру жүйесіне зор қарқынмен еніп жатқанын еске сала кеткен жөн. Себебі, күн сайын, сағат, сәт сайын өзгеріп отырған заманның талабы осы. Біз қазір әлемдік қауымдастықпен біте қайнасып, араласа бастадық. Осы жағдайда Қазақ­станды бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы тиіс. Жедел қарқынмен дамып-өзгеріп жатқан бүгінгі заманда, үштұғырлы тіл саясаты жаһандану талаптарына төтеп беруді, бәсекеге қабілетті болуды міндеттейді. Біздің елдегі үш­тұғырлы тіл – Қазақстанның бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына қо­сы­луының кепілі әрі мүмкіндігі. Бұл мүмкіндікті жіберіп алуға болмайды. Қай жерде болмасын, мейлі қалада, мейлі ауылда, әрбір қазақ баласы білім мен дамудың кілті болып отырған ағылшын тілін меңгеруі тиіс.
Ел Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың «Үш тұғырлы тіл» туралы идеяны жалпақ жұртқа жария еткеніне біршама уақыт болды. Қоғамда үш тұғырлы тіл идеясы мемлекеттік тілдің мәртебесіне кедергісін тигізбей ме деген күмән жоқ емес.
Мемлекет басшысы туған тілге жанашыр жұртшылықтың осындай күдік-күмәнін сейілтіп, «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – біз­дің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет», – дегенін ұмытпауымыз керек.
Бүгінгі біздің тұрмысымызды, әсіресе, жастардың өмірін ғаламторсыз, әлеуметтік желілерсіз елестету мүмкін емес. Яғни, ғаламтордағы, бұқаралық ақпарат құралдарындағы белсенділікті арттыру – тілді дамытудың басты шарты және бүгінгі тіл саясатының ең жанды тұсы деуге болады. Өйткені, ХХІ ғасыр – ақпараттық технологияның ғасыры. Соған қарамастан, бұл әлі соңына дейін шыға қоймаған мәселе. Иә, қоғамда бұған әлі де қарсылық бар. «Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі» демекші, тіл – өте нәзік мәселе.
Алайда, бұл терең ойланудан келіп туындаған, заманның ағымын, бәсекеге қабілеттілікті және басқа мәселелерді ескере келіп қолға алынған жұмыс деп ойлаймын. Әзірге мұның соңғы нәтижесі қандай болатынын болжау қиын екені рас. Қоғамның үш тұғырлы тілді қабылдай алмай жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Себебі, әлі өз ана тіліне қаныға қоймаған балаға шет тілін игеру оңай емес. Сонымен қатар, бұл заман талабы екенін де ескеруі­міз керек. Есігімізді жауып, етегімізді қымтап өзімізбен өзіміз отыра беретін болсақ, ертең жастарымыз еш­нәрсеге жарамай қалуы мүмкін. Бір анығы, мемлекеттік тіл – негізгі тұ­ғыр. Заңның да, заманның да тала­бы осы. Сөз болып жүрген екі тілді меңгеру ертеңгі күнделікті өміріміз, басқалармен алыс-беріс жасауымыз үшін қажет. Бірақ, негізгі басым­дық ұлттық тілімізге беріледі, беріліп те келеді. Биыл Қазақстан бойынша мек­теп табалдырығын аттаған ба­лалар­дың 89 пайызы қазақ мектебіне барған. Бұл нені көрсетеді?! Бұл «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген қағиданың жүзеге асып келе жатқанын көрсетеді.
– Мемлекеттің осы жаңа бағдарламасын оқытуға мектептеріміздің мүмкіндігі бар ма? Өйткені, Алматыға қосылған елдімекендердегі бастауыш сыныптарға бала сыймай жатыр.
– Еліміздің ертеңі саналатын балаларымызды мектепте оқу мүмкіндігімен қамтамасыз ету бағытында шаһарда жұмыстар жыл сайын атқарылып келеді. Соның дәлелі ретінде өзіме мәлім бірер мысал айта кете­йін. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Алатау ауданындағы №26 мектепке және Наурызбай ауданындағы №157 мектепке әрқайсысы 900 орындық қосалқы 2 ғимарат салынып, пайдалануға берілді. Медеу ауданында бұрынғы ескі мектептің орнына бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жаңадан №168 мектеп бой көтерді. Оны Алматының мыңжылдық мерейтойына келген Елбасымыздың өзі аралап көріп, жоғары бағасын берді. Бұл мектепте гуманитарлық пәндер қазақ тілінде тереңдетіліп оқытылатын болады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қаламызда қазақша оқитын балалар саны бар-жоғы 8 мың ғана болған. Бүгінгі күні олардың саны еселеп артып, 104 мыңға жетіп отыр. Сонымен қатар, сол кезеңде жоғары оқу орындарында қазақ тілінде оқыту тек педагогикалық мамандықтарға ғана тән болатын. Қазір барлық мамандықтар бойынша қазақша топтар ашылған. Соның нәтижесінде бүгінде Алматы қаласындағы 70 мыңнан аса студент қазақ тілінде білім алуда. Соңғы кездері жүргізілген әлеуметтік зерттеулерге сәйкес, қала жастарының ұлтына қарамастан 90 пайызы өз болашағын мемлекеттік тілмен байланыстыратынын көрсеткен. Бұл қуантарлық құбылыс.
Тіл мәселесін балабақшадан бастау қажет деген сөз де нақты іс арқылы нәтиже беріп келеді. Бүгінгі таңда қаладағы мемлекеттік балабақшаларда қазақша тәрбие алатын балалардың үлес салмағы 72 па­йызға жеткен. Осы жылдың басынан бері Алматы қаласында 114 мектепке дейінгі балалар мекемесі ашылған. Оның 5-і мемлекеттік болса, қалғаны жеке меншік балабақша екен.
Жалпы, қаладағы 201 орта білім ошағының 65-і қазақ мектебі де, 68-і аралас мектептер. Тәуелсіздіктің алғашқы жылы Алматыда 7 қазақ мектебі ғана болғанын білеміз. Қазір жаңағы 65 орта білім ошағына аралас тілде оқытатын 68 мектепті қосқанда, өйткені, онда да қазақ тілінде оқытылады, 130-дан астам мектеп қазақ тілінде деген сөз. Ар жағында қалған 70-і таза орыс тілді мектептер. Қала халқының 58 пайызы қазақтар.
Сонымен қатар, біз этномәдени орталықтармен бірлесіп олардың жексенбілік мектептерін ұйымдастырамыз. Ол не деген сөз?! Біз Тілдерді дамыту басқармасымыз, бір ғана тілді емес. Сондықтан, оларды қамтамасыз етуге тиіспіз. Конституцияда солай жазылған. Яғни, татар өз баласына татар тілін, шешен өз баласына шешен тілін оқытсын. Олар да ана тілін ұмытпауы тиіс. Бірақ, әлемде мемлекеттік тіл мәртебесіне ие 114 тілдің бірі саналатын қазақ тілі – осы елдің мемлекеттік тілі. Қазақстанда тұрып жатқан соң оны білу, үйрену бәріне ортақ парыз, міндет. Мемлекеттік тілді білу әрбір азаматтың ертеңі үшін, жақсы жұмыс тауып, жайлы өмір сүруі үшін керек.
– Мемлекеттік қызметкерлердің жұмыстан тыс уақыттағы жүріс-тұрысы да, жасаған алыс-берісі де ендігі жерде қатты қадағаланбақ. Қаншалықты дұрыс?
– Мен мемлекеттік қызметші дегенді былай түсінемін. Бұрын патшалық Ресей кезеңінде болсын, Кеңес Одағы тұсында болсын, ұлтқа қызмет ету мен мемлекетке қызмет ету екі бөлек еді. Қазіргі жағдайда біздің қызметімізде осы екеуінің парқы бір болып қалды. Мемлекеттік қызмет жасай жүріп ұлтқа да қызмет етуге болатынын аңғардық. Қойылып жатқан талаптарға келсек, жалпы, қай уақытта да талап болғаны дұрыс. Өйткені, көбіне көп адамдардың әділеттілік іздейтін орны, табан тірейтін жері – мемлекеттік органдар. Сол себепті, ондағы қызметшілердің әдебі, көпшілік арасында өзін өзі ұстауы қадағаланып отырғаны дұрыс.
– Кей жағдайларда бұл құқықтарының шектелуіне алып келмей ме?
– Ондай жағдай болатындай шектен тыс талап қойылып жатқан жоқ деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
СәкенОРЫНБАСАРҰЛЫ,
«Заң газеті»

http://zanmedia.kz/2016/10/17/mamai-akhetov-almaty-alasi-tlden-damato-mrouter-and-hattam-basarisini-bastia-onomastics-salacyn-retain-sanama-jeldred-age-eted/