АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ


Ана тiлi қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңiлдiң, лүпiлдеген жүректiң сығындысы. Онда дәм де, мән де болу керек. Сұлтанмахмұт Торайғыров


Мемлекеттік тілде іс жүргізу   •    Мемлекеттік қызмет   •    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл   •    Тіл саясаты   •    БАҚ біз туралы
Жаңалықтар   •    Байқау ережелері   •    Ономастика   •    Әдістемелік көмек   •    Кітапхана   •    Басшы   •   

Қобыланды мен Алпамыстың мультфильмін көресіңдер
Көрсетілім саны: 1164

 Қобыланды мен Алпамыстың мультфильмін көресіңдер

12.03.2014

Сендерден сүйінші сұрауға асықтық. Қазақ эпостарын көгілдір экраннан көрер күн де алыс емес. Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының тапсырысымен анимациялық фильмдер жинағы жарық көрді. Оған «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Тарғын» және «Қамбар батыр» мультфильмдері енген.

Бұл жобамен танысып, «бәрекелді» дестік. Жаңа жинақ бүлдіршіндерге тіл үйретудің жеңіл әрі ыңғайлы тәсіліне негізделіпті. Ондағы әңгіменің тілі жатық, сөзі шұрайлы. Кейіпкерлері де келбетті. Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын мен Қамбар батырдың ерлігін паш ететін қызықты сюжеттер жас буынның туған жерге деген махаббатын оятары анық. Әрі баланың қабылдау, ойлау, қиялдау, есте сақтау тәрізді даму үрдістерінің жетілуіне көмектесіп, ақыл-ой белсенділігін арттырады, аңғарымпаздығын шыңдайды. Адамгершілік пен кішіпейілділікке құрылған өзара қарым-қатынас этикасын үйренуге ықпал етеді. Шыншылдыққа, қайырымдылыққа, өжеттікке баулиды. Айтпақшы, әр серияда қазақ мақал-мәтелдерінің негізіндегі оқыту элементтері бар. Мәселен, Алпамыс өмірге келмей тұрып, Байбөрінің бір перзентке зар болғанын білесіңдер. Фильмнің дәл осы тұсында «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деген мақал экран бетіне шығады. Бұл әдіс те қазақ тілін үйренуге деген ынта-ықыласты арттырары сөзсіз. Ұлттық құндылықты насихаттайтын отандық туындыға оң бағасын беріп жатқандар көп. Жинақ Алматы қаласының барлық балабақшаларына тегін таратылатын болады.

Жүсіпбек Қорғасбек, «Жас өркен» ЖШС директоры:

Былтырғы кемшіліктер ескеріліпті

– Тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен жап-жақсы жобалар жасалынып жатыр. Былтыр «Алдар көсенің көңілді оқиғалары» атты алғашқы жинақпен танысқан едік. Біраз жұрт ондағы кейіпкерлердің кескін-келбетін ұнатпаған болатын. Биыл енді сол кемшілік ескеріліпті. Орыс жазушысы Иван Буниннің «Арсеньевтің өмірі» атты шығармасы бар. Сонда автор «Бізді кітапқа ғашық қылған – батырлар жыры» дейді. Ендеше, мына анимациялық фильмдерді көріп отырып, балаларда да «кітабын оқиыншы» деген қызығушылық пайда боларына сенемін.

Берік Жүсіпов, фольклортанушы:

Қазақ эпосы құбыласын тапты

– Бұл жинақты қолыма ұстаған кезде «Құбылаңды енді тапқан екенсің ғой, қазақ эпосы» дедім. Қазақ эпосы өзінің тал бойына бүкіл руханият атаулыны жинаған. Ұят та сонда, иба да сонда, үлкенге құрмет, кішіге ізет, барлық тәлім-тәрбие де сол жерде. Осынау ғибратты дүниені анимация арқылы балаларға жеткізсек, ұғындырсақ, ізгі іс емей немене?!

«Сиқырлы қалам» ағылшын тілін үйретеді

Бұл қалам естеріңде ме? Плакаттағы суреттің бәріне жан бітіріп, сөйлете жөнелетін құрал туралы былтыр біраз жазған едік. Араға бір жыл салып, интерактивті оқу-әдістемелік кешеннің жаңа нұсқасы жарыққа шықты.

Ол енді балаларға қазақ тілімен қатар, ағылшын тілін де үйрететін болады. Бұл құралмен жаттыққан бала қазақ және ағылшын тілдеріне тән дыбыстардың дұрыс айтылуын, екпінді дұрыс қолдана білуді жеңіл меңгереді. Сөздерді буынға бөлуді, санауды, түстердің реңін атауды үйренеді. Сөздік қорын молайтып, алғыс айту, өтініш білдіру, құттықтау тәрізді этикет тәртібін орындауға да жаттығады. Ондағы тіл үйрету құралдарының әдіс-тәсілдері балалардың жас ерекшеліктеріне сай үйлестірілген.

Вячеслав Ким, «Новое решение» білім беру орталығының бас директоры, «Сиқырлы қалам» кешенін құрастырушы:

– Мультимедиалық құрал аудио және видео режимдерінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте біз қазіргі балалардың техникаға деген қызығушылығын ескеруге тырыстық. Ондағы өлеңдер мен әндердің бәрі тіл үйренуге оңтайлы етіп жазылған. Бүлдіршін кезден бастап тіл үйренуге деген қызығушылық оянса, келешекте мұның пайдасы орасан зор болмақ.

Дайындаған Ботакөз МАРАТҚЫЗЫ

(«Ұлан», №10. 11.03.2014)

 

http://zhasorken.kz/?p=7996