АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ


Өз алдына ел болуға өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауымыз тиіспіз. Ахмет Байтұрсынов


Мемлекеттік тілде іс жүргізу   •    Мемлекеттік қызмет   •    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл   •    Тіл саясаты   •    БАҚ біз туралы
Жаңалықтар   •    Байқау ережелері   •    Ономастика   •    Әдістемелік көмек   •    Кітапхана   •    Басшы   •   

Есею ертегіден басталады
Көрсетілім саны: 1146

Есею ертегіден басталады

06.03.2014

Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қала тұрғындарымен есептік кездесуінде биылғы жылды «Білім жылы» деп жариялаған болатын. Бұрнағы күні осы шараның бастамасы ретінде Алматыда  мемлекеттік тапсырыс бойынша қазақтың халық эпостарының желісі негізінде түсірілген анимациялық фильмдер мен «Сиқырлы қалам» интерактивті оқу-әдістемелік құралының тұсаукесері өтті.

Алматыда «Білім жылы» аясында мемлекеттік тапсырыс бойынша қазақтың халық эпостарының желісі бойынша түсірілген анимациялық фильмдер мен «Сиқырлы қалам» интерактивті оқу-әдістемелік құралының тұсаукесері өтті.

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қала тұрғындары алдында есеп бергенде биылғы жылды «Білім жылы» деп жариялаған болатын. Елбасымыз 2020 жылға дейін мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу ісін 100 пайызға дейін қамту міндетін қойды.

Мамай Ахетов «Сиқырлы қалам» интерактивті оқу-әдістемелік құралымен таныстыруда.

Еліміздің келешегі — балалардың жан-жақты дамуы мен жетілуіне қала бюджетінен жұмсалатын қаржы көлемі де жылдан-жылға артып келеді. Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз мерекесі қарсаңында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің тапсырмасымен, қалалық мәслихаттың қолдауымен Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 — 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында мемлекеттік тапсырыспен шығарылған өнімдердің тұсаукесер рәсімі болып өтті. Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Мамай Ахетов мемлекеттік тапсырыспен, жаңа технологияларға сай қазақ тілін үйретуге арналған көмекші-әдістемелік құрал ретінде мектепке дейінгі білім беру мекемелерін қамтамасыз ету мақсатында шығарылған  өнімдерді көпшілікке таныстырды.

Қазақ эпостарының желісі бойынша түсірілген мультфильмдер жинағы «Балаларға арналған қазақ тілі» атты анимациялық білім беру жобасы бойынша шығарылды. Жинаққа «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын батыр», «Қамбар батыр» мультфильмдері және қазақ халық ертегілерінің желісі бойынша түсірілген 40 сериялы мультфильм енді. Ұлттық нақыштағы мультфильмдер – жас ұрпақ тәрбиесіне аса қажетті құралдардың бірі. Бұл жоба бүлдіршіндерге халық ауыз әдебиетінің асыл үлгісі – эпостар арқылы  тіл үйретудің жеңіл әрі ойнақы тәсіліне негізделген. Қазақ эпостарының желісі бойынша түсірілген мультфильмдер жинағы баланың туған тіл, ұлттық мәдениет пен тарихқа деген қызығушылығын арттыруға, ой-өрісін дамытуға, рухани тәрбиенің бекуіне жол ашады. Тәлім-тәрбие кілті – халық педагогикасының негізінде баланың бойына адамгершілік қасиет­терін сіңіріп, шыншылдыққа, қайырымдылыққа, мейірбандыққа, өжеттілікке баулиды. Баланың қабылдау, ойлау, қиялдау, есте сақтау тәрізді даму үрдістерінің жетілуіне көмектесіп, ақыл-ой белсенділігін арттырады, ізденімпаздығын дамытады. Адамгершілік пен кішіпейілділікке негізделген өзара қарым-қатынас этикасын, қоғамдық ортада өзін ұстау мәдениетін үйренуге ықпал етеді. Мультфильм кейіпкерлері – Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын, Қамбар батырлардың ерлігін паш ететін қызықты сюжеттер жас буынның туған жерге деген махаббатын, Отанға деген сүйіспен­шілігін оятады. Ұлттық құндылықтарды наси­хаттайтын отандық туындының тілі жатық, баланың жас ерек­шелігіне сай құрылған. Әр сериядағы қазақ мақал-мәтелдерінің негізіндегі оқыту элементтерінің сюжетпен байланыстыра дыбысталуы баланың қазақ тіліне деген қызығушылығы мен тіл үйренуге деген ықылас-ынтасын арттырады.

Анимациялық фильмдер жинағын жарыққа шығарудағы мақсат – жаңа инновациялық технологияларды тиімді пайдалану арқылы өзге ұлт өкілдерінің балаларына қазақ тілін үйрету сапасын арттыру, тіл үйрену дағдыларын дамыту. Мектепке дейінгі ме­кемелерде қазақ тіліндегі қарым-қатынастық орта қалыптастыру, коммуникативтік-тілдік кеңістіктегі қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту болып табылады.

Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыспен «Сиқырлы қалам» ин­терактивті оқу-әдістемелік кешені жарыққа шықты. Бұл – рес­публикамызда тұңғыш рет қолданысқа енгізілген, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған жаңа бағыттағы инновациялық тіл үй­рету құралы. Интерактивті кешенмен жаттыққан бала қазақ және ағылшын тіліне тән дыбыстардың дұрыс айтылуын, екпінді дұрыс қолдана білуді жеңіл меңгереді. Сөздерді буынға бөлуді, санауды, түстердің реңін атауды, жадына түйген сөздік қоры арқылы түрлі іс-әрекеттерге байланысты қысқа сөйлемдер, шағын әңгімелер құру­ды үйренеді. Сөздік қорын молайтып, алғыс айту, өтініш біл­діру, құттықтау тәрізді этикет тәртібін орындауға да жат­тығады. Ин­­новациялық кешен кез келген теледидарға немесе ком­пьютерге қосылады, сол арқылы танымдық, қызықты бағдар­лама тамаша­лап отырғандай әсер береді. «Сиқырлы қалам» арқылы бала­ларға бір мезгілде оқуға, тыңдауға мүмкіндік беріледі.  Тіл үйрету құра­лы­ның әдіс-тәсілдері балалардың жас ерекшелігіне сай үйлес­тіріл­ген.

Тұсаукесерге жергілікті атқарушы органдардың, мектепке дейін­гі білім саласының жауапты мамандары, балабақша бас­шы­лары мен қызметкерлері, тілдерді оқыту мәселесімен айналысып жүр­ген ғалымдар, әдіскер-оқытушылар, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Анимациялық фильмдер мен «Сиқырлы қа­лам» интерактивті оқу-әдістемелік кешенінің балалардың ана ті­лі­мізге деген құштарлығын арттырып, тіл байлығын байытуда маңызы зор екенін қаламгерлер мен ғалымдар — Жүсіпбек Қор­ғасбек, Қали Сәрсенбай, Берік Жүсіп, Тоқтар Әлібек, Жанұзақ Әкім, Болат Бөтеев, Дария Сарқытбаева, Бақытжан Хасанұлы, Ар­тур Краустар орынды атап өтіп, өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды.

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ

Балалар мен жасөспірімдер басы­лымдарының «Жас өркен» ЖШС-нің бас директоры Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: — Қазіргі кезде кітап оқуға уақыт жете бермейді. Балалар үшін сол кітап оқуға баратын жол іздеу керек. Атасы мен әжесінің қасында отырып тамашалаған мультфильмнің әсері мол болады. Кейбір балаларға арналған түрлі-түсті суретті кітаптар ішкі мазмұнымен емес, сыртқы безендірілуімен алдымызды орап кетіп жатады. Мультфильмдердің басын көріп, тартымсыз болғандықтан соңын тастап кететін жағдайлар кездеседі. Бұдан бұрын жасалған мультфильмдердегі қазақ байларының түр-тұрпаты келіңкіремейді деген пікір айтылып қалатын. Мына балаларға арналған мультфильмдердің кейіпкерлері эпостық жырлардан алын­ғанымен, балалар ұғымына нанымды шыққан. Мұндай анимациялық фильм­дер балалар үшін өте қажет.

Фольклортанушы ғалым Берік ЖҮСІП: — Ұлтымыздың тағдырына қатысты құндылықтардың көпшілігі талай өзгерістерге ұшырағанда, қандай күйге тап келеді. Қазақтың эпостық жырлары негізінде түсірілген төрт мультфильмді алты жасар қызымыз екеуміз қызығып көріп шықтық. Оларды түгел көріп шығу үшін алты сағаттан астам уақыт кетеді екен. Мультфильм оқиғалары эпостық жырлардың түп­нұсқасынан алшақ кетпейді. Төрт анимациялық фильмде оқиға желісі сол күйінде сақталған. Оны көрген баланың эпостық жырды түгел оқып шығуға деген қызығушылығы артады. Эпостық жыр­дың түпнұсқа жобасын бала санасында өшпестей етіп таңбалап жіберсек, ол баланың ұлттық құндылықтарға деген құштарлығы дами беретін болады. Осы анимациялық фильмдерді түсіруге кеткен мемлекет қаржысы адал, өз мақсатына жұмсалды десе болады.

М.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының ғылыми қызметкері Тоқтар ӘЛІБЕК: — «Сиқырлы қаламның» құдыретіне риза болып отырмын. Қала әкімдігінің қыруар қаржы бөлуімен іске асырылған бұл жоба балалардың тіл үйреніп, сөздік қорын арттыруға үлкен ықпал ететін болады. Мұның өзі қала әкімдігінде балалардың келешегін ойлайтын  азаматтардың бар екенін дәлелдесе керек.

 

http://almaty-akshamy.kz/?p=16636