АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ


Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Ахмет Байтұрсынұлы


Мемлекеттік тілде іс жүргізу   •    Мемлекеттік қызмет   •    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл   •    Тіл саясаты   •    БАҚ біз туралы
Жаңалықтар   •    Байқау ережелері   •    Ономастика   •    Әдістемелік көмек   •    Кітапхана   •    Басшы   •   

Эпос желісімен түсірілген мультфильмдер мен «Сиқырлы қаламның» тұсауы кесілді
Көрсетілім саны: 1079

05.03.2014

«Мuslim.kz»сайты

Эпос желісімен түсірілген мультфильмдер мен «Сиқырлы қаламның» тұсауы кесілді

Бала тәрбиесіне арналған шетелдік танымдық дүниелерге бәсекелес бола алатын отандық, қазақ тілді өнімдердің аздығы көңіл алаңдататын. 4-наурыз күні Алматы қаласының әкімдігінде осы олқылықтың орнын толтыратын 2 жобаның тұсаукесері өтті. Ол қазақ эпостарының желісі бойынша түсірілген мультфильмдердің жинағы және «Сиқырлы қалам» оқу-әдістемелік кешені.

Алдаркөсе мультфильмін шығарушы «AZIA ANIMATION» студиясы осы жолы Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын және Қамбар батырларды анимациялық фильмдердің кейіпкерлеріне айналдырды. Мульфильмдердің режиссері Артур Краус: «Бұл жобаға он бес адамнан тұратын шығармашылық топ белсене қатысты. Төрт толық метражды сапалы өнім шығару үшін бір жыл аз уақыт. Біз күн-түн демей жанымызды салып еңбек еттік», – деп ағынан жарылды.

Осы жолы студия қызметкерлері Алдаркөсенің қызықты оқиғаларындағы кейіпкерлердің келбетіне байланысты олқылықтарды ескеріп, тың бейнелерді ұсынды. Мультфильмнің өн бойында қазақтың тамаша күйлері ойнап, көрерменге ерекше рух береді.  

Мульфильмдерді бастан-аяқ көріп шыққан фольклортанушы-ғалым Берік Жүсіп туындының түпнұсқадан жаңылмағандығын айтып, оның тарихи-танымдық құндылығына назар аударды. «Тәрбие, тіл, иман, иба деген ұғымдар қазақ эпосында. Осы туындыларды біз балаға кішкене кезінен таңбаласақ, ол оның жадынан өмірі өшпейді. Сондықтан, балаларға жұмсалған мемлекет қаржысы адал», – деп ойын қорытындылады ғалым.

Екінші өнім – «Сиқырлы қалам» – мектеп жасына дейінгі балаларға қазақ тілі мен ағылшын тілдерін меңгеруге арналған оқу-әдістемелік құрал. Ол алпыс сағаттық білім беруге арналған. Бүлдіршіндердің қазақ және ағылшын тілдеріндегі сөздік қорын молайтып, қарапайым ұғымдарды үйретеді. Интерактивті кешеннің басты мақсаты тілді бүлдіршіндерге қызықты әрі ойнақы үйрету. Осы арқылы балабақша балалары мектепке қазақ және ағылшын тілдерін біліп баратын болады.

Аталмыш екі жоба Алматы қаласының тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының мемлекеттік тапсырысы бойынша шығарылып отыр. «Сиқырлы қалам» жобасының авторы Вячеслав Ким: «Бұндай бастамаларды алғашқы кезде мемлекеттің қолдауы келешекте оның қарапайым тұтынушыға төмен бағамен жетуінің кепілі», – деді.

Тұсауы кесілген екі өнім де Алматы қаласының балабақшаларына тегін таратылу арқылы сынақтан өтеді. Келешекте мультфильмдерді мемлекеттік арналардан тамашалауға болады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Әркімнің санасына қарай шара қолданыңдар» деген хадисін Мүнәуи «Өз саналарыңа қарай емес, балалардың деңгейіне қарай тәртіпке салу тәсілін қолданыңдар» деп түсіндіреді. Сол себепті де мектеп жасына дейінгі балаларға мейірімділік, жанашырлық, отансүйгіштік, қайырымдылық, өжеттік деген сияқты мызғымас ұғымдарды үйретуге жаңа жобалардың көмекке келері анық.

Зиялы қауым өкілдерінің қолдауына ие болған бұл екі жоба өзінің нақты тұтынушылары – қазақ балаларының ыстық ықыласына бөленуі уақыт еншісінде деп сенейік.

 

http://muslim.kz/kk/news/3039-epos-jelisimen-tusirilgen-multfilmder-men-siqyrly-qalamnyn-tusau.html