АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ


Өз алдына ел болуға өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауымыз тиіспіз. Ахмет Байтұрсынов


Мемлекеттік тілде іс жүргізу   •    Мемлекеттік қызмет   •    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл   •    Тіл саясаты   •    БАҚ біз туралы
Жаңалықтар   •    Байқау ережелері   •    Ономастика   •    Әдістемелік көмек   •    Кітапхана   •    Басшы   •   

IЗГIЛIКТIҢ ҰЛЫ ЖОЛЫНДА БIРЛЕСIП IСТЕГЕН IС ЗАЙЫРЛЫ БОЛАДЫ
Көрсетілім саны: 1062

 

IЗГIЛIКТIҢ ҰЛЫ ЖОЛЫНДА БIРЛЕСIП IСТЕГЕН IС ЗАЙЫРЛЫ БОЛАДЫ

Алматы ақшамы

11.10.2013

Қазақстан Республикасы – қазақ ұлтының төрткүл дүниедегi жалғыз Отаны, бiрден-бiр қара шаңырағы. Сондықтан тiл – қазақ ұлтының ұлттық бiрегейлiгiнiң негiзi. Рес­публикамызда қазақ тiлi арқылы оның дiлi, дiнi, дүниетанымы, мәде­ниетi дамиды. Демек, мемлекеттiң атын алып отырған негiзгi халықтың тiлiн дамыту – Үкiмет пен атқарушы билiктiң бiрден-бiр мiндетi.

Тiл мәселесi қашан да өзектi мәселе. Әртүрлi даму кезеңдерiнде оның бiрi басым күшке ие болып жатса, екiншiсi қалыс қалып отырған. Мемлекеттiң саяси және әлеуметтiк өмiрiнде болып жататын өзгерiстер де тiлдердiң өзектiлiк дәрежесiне ықпал етпей қоймайды. Әсiресе, қаладағы қазiргi заманғы тiлдiк жағ­дай сан қырлылығымен ерекше­ленедi.

Тiлдердiң әрқайсысының проб­лемалы тұстары бар және сан түрлi қолдау амалдарын қажет ететiн әртүрлi этникалық қауымдастық­тардың тiлдiк мүддесiн ескеру қажеттiлiгi тағы бар.

Алматы қаласындағы тiлдiк жағ­дай ең алдымен, қала iшiнде саны жағынан ең көп этникалық топ­тар­дың тiлдерi – қазақ және орыс тiл­дерiнiң жағдайымен айқындалады. Бұл жерде, қазақ және орыс тiл­дерiнiң тiлдiк саясатының басым­дықтары әртүрлi екенiн түсiнгенiмiз абзал. 

Осыған қарап, қалада тiл төңiре­гiнде ештеңе атқарылып жатқан жоқ деп ойлауға немесе атүстi айтуға бола ма?

Жақсылыққа жету – жақсы талғамның бақытты еншiсi

Бал iздеген ара тәттiнi қалай тез тапса, жылан да өз уы үшiн зәһарға солай жылдам кездеседi. Адамдардың да талғамы осындай – бiрi жақсыға, бiрi нашарға ұмтылады. Кейбiр адамдардың бiр жаман қасиетi, мыңдаған абыройдан бiр қателiк тауып алса, даттап, қаралап ала жөнеледi, пiкiр­лерде тек жамандықтарды жинайтындай жаны­ашымағандық туралы ғана түсiнiк бередi. Бұл шын мәнiнде олардың жамандықты iрiктеп алғанын, ақылға лайықсыз iспен айналысқанын көрсетедi. Парасатты адамның әрқашан қызбалықтың емес, ақылдың жетегiнде болғаны дұрыс. Кейде ол саясат iстерiнде мемлекетке зиян тигiзедi. Мұндайда, iзгiлiктiң ұлы жолында бiрлесiп iстеген iс зайырлы болар едi.

Ендi өткен уақыт өлшемiнде тiлдi өркендету жолында не iстелдi, соған оралайық.

Қазақстан Республикасында Тiлдердi дамыту мен қолданудың мемлекеттiк бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Алматы қаласы бойынша түрлi iс-шаралар ұйымдастырылып келедi. Тақырыптық  конференциялар, семинарлар мен дөңгелек үстелдер және байқаулар мен оқулар өткiзiледi. Алматы қаласы жергiлiктi атқарушы органдарының қыз­меткерлерi мен қала тұрғындарына қазақ және ағылшын тiлдерiн оқыту курстары жұмыс iстейдi. Этномәдени орталықтардың жексенбiлiк мектеп­терiнде өзге ұлт өкiлдерiне қазақ тiлiмен қатар өздерiнiң ана тiлдерi оқытылады.

Осындай бағыттағы iс-шаралармен қатар мемлекеттiк тапсырыс арқылы тiлдердi дамыту жұмыстарына қажеттi өнiмдер де шығарылып отырады. Жергiлiктi атқарушы органдардың қызметкерлерiнiң қазақ тiлiнде iс жүргiзу мүмкiн­дiктерiн арттыру бағытында және әдiстемелiк көмек ретiнде жыл сайын түрлi баспа өнiмдерi мен электронды бағдарламалар әзiрленiп, таратылуда.

Түрлi салалар бойынша орысша-қазақша терминологиялық анықтамалық сөздiктердiң, орысша-қазақша тiлдескiштердiң, ресми iс қағаздары үлгiлерiнiң жинақтары шығарылып, электронды нұсқасымен бiрге кiтап және диск түрiнде таратылады. Бұл жинақтар әр саланың қызметкерлерiне iс қағаздарын өз бетiнше мемле­кеттiк тiлде ресiмдеуi үшiн көмекшi-әдiстемелiк құрал ретiнде ұсынылады. Соңғы жылдары бiлiм, ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайлар, жер қатынасы, сәулет және құрылыс саласы қызмет­керлерiне арналған тiлдескiштер жарық көрдi. Сондай-ақ, сақтандыру, спорт және туризм, заң және құқық, ақпараттық жүйе, бiлiм беру салаларына арналған орысша-қазақша терминоло­гиялық сөздiктер, iшкi iстер,  жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары, құқық және құқықтану, тұрғын үй және жер қатынастары, энергетика және коммуналдық шаруашылық салалары бойынша iс қағаздарының үлгiлерi дайындалды. Әр салаға қатысты базалық терминдер мен атаулардың, сөз тiркестерiнiң, кәсiби ұғымдардың орысша-қазақша түсiндiрмесi жүйелi түрде берiлгендiктен, аталған басылымдардың мемлекеттiк тiлдi оқып-үйренуде, кәсiби бiлiктiлiктi арттыруда көмегi зор.

Алматы қаласында қазақ тiлiнде тәрбиелейтiн және бiлiм беретiн балабақшалар мен мектептердiң саны жылдан-жылға артып келедi. Яғни, қалада қазақ тiлiн тұтынушылар қатары күн санап көбеюде. Осы жағдайларға байланысты қазақ тiлiндегi оқыту құралдарына, әдеби шығармаларға және басқа да өнiмдерге сұраныс күшейiп отыр.

Бұл сұраныстарды қанағаттандыру мақсатында Алматы қаласы әкiмдiгiнiң тарапынан бiрқатар жұмыстар жасалып жатыр. Қазақ тiлiн мектеп қабырғасында сапалы меңгертуге қатысты жұмыстарға басым көңiл бөлiнуде. «Люблю, учу казахский» деген атпен 2 дискiден тұратын, қазақ тiлiн өз бетiнше үйренушiлерге арналған электронды оқыту бағдарламасы әзiрлендi. Мектеп жасына дейiнгi және бастауыш сыныптарда оқитын балаларға арналған қазақ балалар әдебиетiнiң туындылары енген «Балаларға базарлық», «Шәкiрттерге шашу», жасөспiрiмдер үшiн қазақ қаламгерлерiнiң шығармаларынан құрастырылған «Асыл сөз» атты аудиокiтаптар шығарылды. Бұл аудиокiтаптарға қазақ фольклорының көнермес туындылары, айтулы қаламгерлердiң уақыт сынынан өткен сарабдал шығармалары сұрыпталып топтастырылған. Баланың жас ерекшелiгiне, ұғымына сай келетiн, тәрбиелiк мәнi зор туындылар жеткiншектер зердесiне оңай ұялайды. Ой-өрiстерiн дамытып, бiлуге құштарлықтарын оятады, сөйлеу мәдениетiн қалыптастыруға ықпал етедi.

Сонымен бiрге, балалар үшiн үш дискiден тұратын, қазақ тiлiн үйренуге арналған бейнеқұрал жарық көрдi. Оған әлем халықтары ертегiлерiнiң желiсi бойынша түсiрiлген 50 слайд-шоу ертегi, «Бiздi қоршаған әлем» атты 1000 сөздi қамтитын орысша-қазақша суреттi аудио-сөздiк енгiзiлдi.

Заманауи талапқа сай әзiрленген осындай жобаларды жүзеге асырғаннан кейiн оны ары қарай дамыту әрi жетiлдiру мәселесi көтерiлдi. Соның нәтижесiнде бiрнеше жылға жоспарланған тағы бiр үлкен жоба – «Алдар Көсенiң көңiлдi оқиғалары» атты және қазақ халық ертегiлерi мен эпостарының желiсi бойынша түсiрiлетiн көп сериялы мультфильмдер жинағын шығару iсi қолға алынды. Анимациялық фильмдердi жарыққа шығарудағы мақсат – мектепке дейiнгi мекемелерде қазақ тiлiндегi қарым-қатынастық орта қалыптастыру, коммуникативтiк-тiлдiк кеңiстiктегi қазақ тiлiнiң қолданылу аясын кеңейту. Жаңа инновациялық технологияларды тиiмдi пайдалану арқылы өзге ұлт өкiлдерiнiң балаларына қазақ тiлiн үйрету сапасын арттыру, тiл үйрену дағдыларын дамыту.

2009 жылы мемлекеттiк сатып алу бойынша жарияланған конкурсқа қатысқан «Azia animation» анимациялық студиясы жеңiмпаз атанып, оның иесi «Краус» жеке компаниясы  осы  үлкен жобаны жасауға мүмкiндiк алды.

«Алдар Көсенiң көңiлдi оқиғалары» мультфи­льмiнiң алғашқы 2009 жылы  5, келесi жылы 2010 жылы 30, үшiншi 2011 жылы тағы 50, барлығы 85 сериясы жарық көрдi. Өткен 2012 жылы қазақ халық ертегiлерiнiң желiсi бойынша түсiрiлген 40 сериялы мультфильмдер жинағы «Балаларға арналған қазақ тiлi» атты анимациялық бiлiм беру жобасы бойынша шығарылды. Биыл  бұл  жоба биылғы 2013 жылы белгiлi қазақ эпостарының желiсiнде түсiрiлген анимациялық фильмдермен толықтырылмақ.

Алғаш шыққан күннен бастап бұл мультфильм­дер осы саланың кәсiби бiлiктi мамандарының қатысуымен бiрнеше рет талқылаудан өттi. Талқылау барысында жобаның  жетiстiктерiмен қатар кемшiн түсiп жатқан  тұстарына да  өткiр сын айтылып, алдағы уақытта ескерiлетiн  жайлар туралы тұщымды пiкiрлер бiлдiрiлдi, ұтымды ұсыныстар енгiзiлдi.

Бұл жобалар бүлдiршiндерге халық ауыз әде­биетiнiң асыл үлгiсi – ертегi арқылы  тiл үйретудiң жеңiл әрi ойнақы тәсiлiне негiзделген. Балалардың  жан дүниесiне жақын, жас ерекше­лiгiне сай анимациялық, мультипликациялық көрiнiстер олардың тiл үйренуге деген қызығушылығын арттырып, есте сақтау қабiлетiн дамытады. Балалар есту, көру, қайталау арқылы сөздердi дұрыс айтуға жаттығады. 3D форматындағы графикалық тәсiлмен жасалған қазақ тiлiндегi тұңғыш мультфильмнiң басты ерекшелiгi – тiл үйретуге арналған бағдар­лама енгiзiлгенi және қазақ халқының этногра­фиясынан бiрқатар мағлұмат беретiндiгi.  Жобада оқыту бөлiктерiне баса мән берiлдi. Мәтiндер бала түсiнiгiне жатық болуы үшiн жұмысқа арнайы қазақ тiлдi режиссер тартылды.

Ел аузындағы аңыз-әңгiмелердiң сюжеттерi бойынша жасалған «Алдар Көсенiң көңiлдi оқиғалары» анимациялық мультфильмi әсерлi де ойнақы оқиғаларымен балалар көңiлiн бiрден баурайды. Соңғы заманауи техникалық құрал­дардың мүмкiншiлiгiмен жасалған мультфильмнiң бүлдiршiндерге мемлекеттiк тiлдi үйретуде, тiл ұстартуда ықпалы айрықша. Мемлекеттiк тапсы­рыс­пен, жаңа технологияларға сай шығарылған  мультфильмдер жинағы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көпшiлiкке таныстырылып, қазақ тiлiн үйретуге арналған көмекшi-әдiстемелiк құрал ретiнде мектепке дейiнгi бiлiм беру мекемелерiне, балалар үйлерi мен кiтапханаларға тегiн таратылуда.

«Мир» телекомпаниясы жобаға алғашқылардың бiрi болып қызығушылық танытып, өз эфир кестесiнен көрсетудi қолға алды. Мультфильм бүл­дiршiндер назарына  «Алматы», «Астана», «Қазақ­стан», «31 арна», «Балапан» және бiрқатар облыстық телеарналардан көрсетiлуде.

Мультфильмдердiң толық жинағын Басқар­маның «anatili-almaty.kz» сайтынан тегiн жүктеп алуға болады. «Wikipedia», «youtube.com»,  «erketai.kz»,  «minber.kz», «kerekinfo.kz»  сайттарынан да тамашалауға мүмкiндiк бар.

«Azia animation» анимациялық студиясының режиссерi Артур Краус «Алдар Көсенiң көңiлдi оқиғалары» мультфильмiн жарыққа шығарудағы еңбегi мен ел мәдениетiнiң дамуына қосқан үлесi үшiн 2012 жылғы Президент сыйлығын иелендi.

Сонымен қатар, мемлекеттiк тапсырыспен «Сиқырлы қалам» интерактивтi оқу-әдiстемелiк кешенi жарыққа шықты. Бұл – республикамызда тұңғыш рет қолданысқа енгiзiлген, мектеп жасына дейiнгi балаларға арналған жаңа бағыттағы инновациялық тiл үйрету құралы. «Сиқырлы қалам» арқылы балаларға бiр мезгiлде оқуға, тыңдауға мүмкiндiк берiледi. Қазақ және ағылшын тiлдерiн үйретуге арналған, оқыту үрдiсiнде қолдануға оңтайлы кешен Алматыдағы барлық мемлекеттiк балабақшалар мен мектеп-интернаттарға тегiн таратылды. Интерактивтi кешенмен жаттыққан бала қазақ және ағылшын тiлiне тән дыбыстардың дұрыс айтылуын, екпiндi дұрыс қолдана бiлудi жеңiл меңгередi. Сөздердi буынға бөлудi, санауды, түстердiң реңiн атауды, жадына түйген сөздiк қоры арқылы түрлi iс-әрекеттерге байланысты қысқа сөйлемдер, шағын әңгiмелер құруды үйренедi. Сөздiк қорын молайтып, алғыс айту, өтiнiш бiлдiру, құттықтау тәрiздi этикет тәртiбiн орындауға да жаттығады. Тiл үйрету құралының әдiс-тәсiлдерi балалардың жас ерекшелiгiне сай үйлестiрiлген. Инновациялық кешен кез-келген теледидарға немесе компьютерге қосылады, сол арқылы танымдық, қызықты бағдарлама тамашалап отырғандай әсер бередi. Қазақ және ағылшын тiлдерiн үйретуге арналған, оқыту үрдiсiнде қолдануға оңтайлы кешен Алматыдағы барлық мемлекеттiк балабақшалар мен мектеп-интернаттарға тегiн таратылды. Ал келер жылы республика бойынша мемлекеттiк балабақшаларды қамтамасыз ету көзделiп отыр.

Бұл жоба бойынша да оны ары қарай дамыту және жетiлдiру жұмыстары қолға алынып жатыр. Мақтау тiлектi күшейтедi. Хат жазу үшiн ой, ал жазылған әңгiмеде байып­тылық керек болса, ақылдың бiр сәттiк емтиханы туралы әңгiмелесу үшiн қаншама парасат керек.

Зиялы адамдар көңiл толқынын сөзден-ақ байқап қояды. Данышпан адамдар: «Сөйле, мен сенiң кiм екенiңдi айтайын» деп бекер айтпаса керек. Бұл жерде әңгiме құр байбаламнан гөрi, пайымдырақ болса маңызды болар едi.

Әрине, ойлаған нәрсенiң бәрi iске аса бермейдi. Барлығын қанағаттандыру да мүмкiн емес. Әйтсе де бағаны қоя бiлу бiраз дағдыны қажет етедi. Мұндайда мақтау да керек, өйткенi, мақтау тiлектi күшейтедi. Жағымды ұсыныс айту да бағаны көтерудiң жақсы тәсiлi.

Адам өзiнiң барлық iстерiнде көптеген адамдардың бiр қонысқа бiрiккенiнде ғана қажеттi нәрсеге қолы жетедi, – дейдi данышпан Әбу Насыр әл-Фараби өзiнiң «Азаматтық қоғамдар» тракта­тында. Данышпан одан әрi: «Адам қоғамы ұлы, орташа және шағын қоғамдарға бөлiнедi. Ұлы қоғам дегенiмiз – бiрiмен-бiрi бiрiккен және бiрiне-бiрi көмек көрсететiн көп халықтардың жиынтығы дейдi.

Орташа қоғам дегенiмiз – бiр халық. Шағын қоғам – бiр қаланың төңiрегiнде топтасқан қоғам. Қоғамның осы үш түрi кәмiл қоғам болып табы­лады. Қала жетiлудiң ең жоғарғы сатысында болады», – дейдi.

Бiз жетiлмедiк пе? Iлгерiлеушiлiк жоқ па? Ең бастысы, бiз топтаса бiлдiк. Иә, ұлттық идеяның мазмұны – мемлекеттiң тiлiн, мәдениетiн, бiлiмiн дамыту, ұлттық бiрегейлiгiн сақтау сияқты ұлт болмысының өзектi мәселелерiн бойына сiңiру. Қазiргi жағдайлардағы ұлттық идея этносаяси, этномәдени, дiни, дүниетанымдық, тiлдiк және әлеуметтiк-психологиялық сипаттағы қақтығыстар­дың алаңына айналмауы тиiс. Шынайы ұлттық идея әртүрлi құндылықтың бағдардағы адамдарды, бiртұтас мемлекеттiң азаматтары мен тiптi, шекара сыртындағы оның отандастарын да бiрiктiруi қажет. Негiзгi ұлттық идеяның мәнi оның бiрiктiрушiлiк күшiмен айқындалады. Бұл бiрiктiрушiлiк үдерiсiнiң маңызды бiр тұсы – Қазақстанның өзге де халықтарының қазақ ұлтының төңiрегiне топтасуы болып табылады. Бұл – ең басты құндылығымыз.

Ғұламаның «Адасқан қала тұрғындарының бағыты» трактатында: «Ал егер қайсыбiр қаланың тұрғындарының iс-әрекетi бақытқа жетуге бағытталмаған болса, онда жамандыққа ұшырайды. Қала әкiмiнiң iсi, яғни, басшының iсi қала бөлшектерiнiң (құрылымдарының  – авт.) өзара байланысын және өзара келiсiмiн орнататындай етiп қала басқару, оның тұрғындары игiлiкке ие болумен бiрге, зұлымдықтың тамырын жою iсiнде  бiрiне-бiрi көмек көрсететiндей тәртiп орнату және не бақытқа жету үшiн пайдасы тиетiннiң бәрiн сақтап, көбейтiп, зиян келтiретiн нәрсенi пайдалы етуге болмайтын нәрсенiң зиянын жойып немесе азайтып, аспан денелерi берген игiлiктiң бәрiн қарастырудан тұрады. Бiр сөзбен айтқанда, ол екi зұлымдықтың екеуiн де жоюға және екi бiрдей игiлiктi орнатуға тырысады» дейдi. Алматы қаласы әкiмiнiң қоғам өмiрiн басқарудағы барлық iс-қимылы осыған саяды. Сөздi дабырмен емес, сабырмен айтқан абзал

Бiреуге жаққан нәрсенiң екiншi бiреуге ұнамсыз тұстары болады. Ұнамдысы өмiрдi түрлендiредi, тiршiлiкке нәр бередi. Мұндайда әуестiкке салынып, қызбалыққа салынуға жол берiлмегенi абзал. Қашанда әдеттен тыс пiкiр ұнамсыз болып келген, ал қате жiберсең күлкiге ұшырайсың. Әр нәрсенiң өз уақыты болады, ал қалғанының бәрi өткiншi.

Алып қалада тiлдiң өркен жаюы жолында еш­теңе жасалып жатқан жоқ деу бекер әңгiме. Алды­мен бiлу керек немесе сол iске тiкелей араласу керек болар.

Жалпы, себебiн бiлген адам оның салдарын да түсiнедi. Уайымшылдық әрқашан бақытсыздық әкеледi, ал ғайбаттаушылық жауыздыққа апарады. Жақсылықты бүгiн қабылдай алмаған жан бола­шақта жамандықты  мадақтайды. Қызба адам жақ­сы нәрсенiң мәнiн бұрмалайтын тiлде сөйлейдi. Әдетте мұндай жанда ақыл емес, қызулық басым келедi.

Ұлтжандылық әрбiр халықтың iшкi халықтық психологиясынан туындайтын құбылыс. Өркениеттi қоғам құрамыз десек, бiз оған дабырмен емес, сабырмен барғанымыз абзал. Мемлекетшiл, бiлiмдi, парасатты, халыққа, тiлге жаны ашитын тұлғаларды бiз қашанда құрметтеймiз. Алайда, қоғам өмiрiндегi маңызды орын алатын рухани құндылықтар жүйесi үнемi сабырлылықты қажет ететiн құбылыс.

Қала аумағында болып жатқан түрлi iс-шараларға қала әкiмiнiң өзi қатысып, баяндама жасап, ерекше белсендi жандарды ынталандырып отыруды дәстүрге айналдырған. Биылғы өткен «Ана тiлiм – ардағым» атты тiл мерекесiне қала әкiмi Ахметжан Есiмов өзi қатысып, баяндама жасады. Ол өз сөзiнде:

«Жыл сайын осы күнi бiз тiлiмiз бен дiлiмiздiң, жалпы рухани дамуымыздың бағыт-бағдарына назар салып, жетiстiктерiмiз бен келешек бағдарымызды анықтап алатын салт қалыптас­тырдық», – дей келе, осы уақытқа дейiн жүргiзiлiп келген тiл саясатына талдау жасады. Мемлекет басшысы: «Тiл туралы жауапкершiлiгi жоғары саясат бiздiң қоғамымызды одан әрi ұйыстыра түсетiн басты фактор болуға тиiс.

Бiз алдағы уақытта да мемлекеттiк тiлдi дамыту жөнiндегi кешендi шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра беремiз», – деп атап көрсеттi.

Мемлекеттiк тiл саясатын жүзеге асыруға бүкiл республикамыздағыдай Алматы қаласында да қажеттi жағдайдың бәрi жасалуда. Елiмiздiң әлеуметтiк, экономикалық қуатының өсуiне байланысты тiл саласын қаржыландыру көлемi де жыл сайын ұлғайып келедi.

Биыл өткiзiлген әлеуметтiк зерттеулерге сүйен­сек, ұлтына қарамастан мемлекеттiк тiлдi меңгерген қала тұрғындарының үлесi 62 пайызға жеткен. Ал ресми мәлiметтер бойынша Алматы­дағы қазақ­тардың саны 55,5 пайыз. Демек, тiлдiк орта тек қазақ­тар ғана емес, басқа ұлт өкiлдерi есебiнен ұлғайып отыр. Қазiр  алматылық өзге ұлт өкiл­дерiнiң   22 пайызы қазақ тiлiн еркiн бiледi. Ал тұр­мыстық қазақ тiлiн бiлетiндер саны өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға артып, мемлекеттiк тiлдi мүлдем түсiнбейтiндердiң саны 4,5 пайызға азайған. Бұл – қуанарлық та, құптарлық та жағдай. Елiмiзде жүргiзiлiп жатқан жүйелi жұмыстың, сындарлы саясаттың нәтижесi.

Елiмiзде тiл шаруасын үйлестiрiп, жүзеге асыруды мемлекет өз мойнына алған. Мұндай мемлекеттiк жауапкершiлiк әлем елдерiнде өте сирек кездеседi. Дүниежүзiлiк тәжiрибеде мемлекет тiл саясатының негiзгi бағыттарын анықтайды да, оны жүзеге асыруға қоғамдық ұйымдар мен жалпы халық болып атсалысады.

Ал бiзде бұл салаға арналған мемлекеттiк және аймақтық бағдарламалар бар. Оның барлығы тiкелей Елбасының тапсырмасы арқылы жүзеге асады.

Соған сәйкес, Алматы қаласында да бiрнеше жылдан берi нәтижелi жұмыстар жүзеге асырылып келедi.

Тiл мәселесiн балабақшадан бастау қажет деген сөзiмiз нақты iс арқылы нәтижесiн бере бастады. Бүгiнгi таңда қаламыздағы мемлекеттiк балабақша­ларда орыс тiлiнде тәрбиеленiп жатқан балалардың саны – 15 мың 343 болса,  қазақша тәрбие алатын балалардың саны 30 мың 162-ге жетiп, алдың­ғыларынан екi есеге асып түстi. Бұл – «Қазақ­станның болашағы – қазақ тiлiнде» деген сөздiң тағы бiр дәлелi.

Алматы қаласы бойынша бүгiнде 186 мектеп бар. Қазақ мектептерiнiң саны қазiр 60-қа жеттi. Жыл сайын орта есеппен 4-5 жаңа мектеп қазақша ашылып келедi. Қазiр қаладағы 58 аралас мектептi бiртiндеп, қазақ тiлiне көшiру жоспары бар. Бұл жұмыс жоспарлы түрде жүргiзiлуде.

Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары қаламызда қазақша оқитын балалар саны бар-жоғы 8 мың ғана болатын. Өткен жылы 71 мыңдай оқушы қазақ тiлiнде оқыған болса, биылдың өзiнде 74 мыңға жетiп, 3 мың балаға көбейiп отыр.

Алматы қаласының жалпы орта бiлiм мекеме­лерiнде қазақ тiлiн меңгеруге ерекше назар ауда­рылуда. Елiмiз бойынша тек Алматы қаласында ғана қазақ тiлiнде оқытатын мектептерде қазақ тiлi сабағында сыныптарды екi топқа бөлiп оқыту қарастырылған. Оған өткен оқу жылында жергiлiктi бюджеттен қосымша 396 млн. 410 мың теңге бөлiндi.

Алматы – жастардың қаласы. Қазiр қаламыздың жоғары оқу орындарында 187 мыңдай студент бiлiм алуда. Солардың жартысынан астамы қазақ топтарында оқиды.

Бүгiнгi бiздiң тұрмысымызды, әсiресе, жастардың өмiрiн интернетсiз, әлеуметтiк желiлерсiз елестету мүмкiн емес. Демек, интернеттегi, бұқаралық ақпарат құралдарындағы белсендiлiктi арттыру – тiлдi дамытудың басты шарты және бүгiнгi тiл саясатының ең жанды тұсы деуге болады. Өйткенi, ХХI ғасыр ақпараттық технологияның, былайша айтқанда, «экранның», интернеттiң ғасыры. Сондықтан бiздiң жұмысымыздың келешек өрiсi оған тiкелей тәуелдi.

Бұл орайда, Алматы қаласы жастарына үлкен жауапкершiлiк жүктеледi. Себебi, елiмiздiң ең бiлiмдi, ең белсендi де iскер жастары бiздiң қаламызда оқиды немесе еңбек етедi, олар қазақ тiлдi мазмұнды қалыптастыратын басты күшке айналуы керек. Айналып келгенде, алматылық жастар, ана тiлiн жаңа асқарға көтеруде баршаға үлгi болуы керек. Оған мемлекет бар жағдайды жасап отыр. Тек, жастарға тән жалын, күш-жiгер, туған тiлге, елге деген сүйiспеншiлiк керек.

Жастардың интернеттегi ең көп пайдаланатыны – әлеуметтiк желiлер десек, олардың да түгелдей қазақша нұсқалары бар. Әлемдегi 57 тiлде аударма жасайтын «Google Translate» тiл үйренуге ең қолай­лы сайт болып отыр. Бүгiнде бұл сайттың тегiн қызметiне қазақ тiлiн де енгiзу мәселесi қаралып жатыр.

Көрнекi ақпарат және көшелердегi жарнама – үнемi көптiң көкейiнде тұратын өзектi мәселе. Өздерiңiз бiлесiздер, бiз қазiр қаладағы жарнама­ларды жөнге келтiрудi қолға алдық. Заңсыз және талапқа сай қойылмаған жарнамалардың барлығы да жойылады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бередi. Сыртқы жарнама және көрнекi ақпарат нысандарын орналастыруға рұқсат алу кезiнде жарнаманың қазақ тiлiндегi нұсқасын тиiстi мемлекеттiк орган тарапынан тексерiп, келiсiм беру тәртiбi белгiлендi. Соған сәйкес орналастыру үшiн әзiрленiп жатқан жарнама эскиздерiнiң мәтiнi алдын ала тексерiлiп, қажет жағдайда тиiстi өзгертулер енгiзiледi. Бұдан тыс Алматы қаласының көшелерiне жүйелi түрде арнайы рейдтер ұйымдастырылып тұрады. Рейд барысында тiл туралы, жарнама туралы заңнама талаптары бұзылған нысандар анықталып, заңмен белгiленген тәртiппен ескерту жасалады және қателiктердi түзету тапсырылады.

Қазақ тiлiн кәсiби бiлiктiлiк деңгейiнде бiлуге мiндеттi лауазымдар мен қызмет салаларын да белгiлейтiн уақыт жеттi. Қазiр республика бойынша мамандардың  мемлекеттiк тiлдi меңгеру деңгейiн анықтау үшiн «ҚазТЕСТ» жүйесiн енгiзу жоспарланып отыр. Ендiгi жерде мемлекеттiк қызметке тұрған мамандардың қазақ тiлiнде iс жүргiзу деңгейiн анықтау iсi жолға қойылуы керек. Iс қағаздарын қазақша ресiмдеудi аудармашыларға жүктеп қойғаннан қазақ тiлiнiң мемлекеттiк деңгейдегi қолданылу аясының кеңеймейтiнi белгiлi.

Мемлекеттiк тiлдi қолданудың нормативтiк-құқықтық базасын ұдайы жетiлдiрiп отыру, қазақ тiлiн ғылым мен техниканың, ақпарат көздерiнiң тiлiне айналдыру және оны оқыту жүйесiнiң тиiмдiлiгiн үздiксiз арттыру тәрiздi ауқымды iс-шаралар кезегiмен атқарылуда. Жасалып жатқан жұмыс көп, қол жеткiзген нәтижелер аз емес.

Қол жеткен табыстарға масаттануға болмай­тынын айтқан қала әкiмi Қазақстан Республи­касында тiлдердi дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарла­масын орындау барысында атқарылатын жұмыс­тарды жетiлдiру мақсатында Алматы қаласындағы мемлекеттiк басқару органдарының бiрiншi басшыларына бiрқатар шараларды жүзеге асыруға тапсырма бердi.

Осыдан-ақ, қалада мемлекеттiк тiлдi дамытуда көптеген жұмыстардың атқарылып жатқанын байқауға болады.

 

Ермек Жұмахметұлы

http://almaty-akshamy.kz/?p=13878