АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ


Алаш болып шашау шықпау – бірліктің басы. Міржақып Дулатов


Мемлекеттік тілде іс жүргізу   •    Мемлекеттік қызмет   •    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл   •    Тіл саясаты   •    БАҚ біз туралы
Жаңалықтар   •    Байқау ережелері   •    Ономастика   •    Әдістемелік көмек   •    Кітапхана   •    Басшы   •   

ҰЛТ, МЕМЛЕКЕТ, ТIЛ ҰҒЫМДАРЫ – БIРТҰТАС ҰҒЫМ
Көрсетілім саны: 1073

ҰЛТ, МЕМЛЕКЕТ, ТIЛ ҰҒЫМДАРЫ – БIРТҰТАС ҰҒЫМ

Алматы ақшамы газеті
01.11.2013 

Мамай АХЕТОВ,
Алматы қаласы Тiлдердi дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы:
 ҰЛТ, МЕМЛЕКЕТ, ТIЛ ҰҒЫМДАРЫ – БIРТҰТАС ҰҒЫМ
 – Мамай Қаниұлы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының съезiнде атқарушы билiк құрылымдарының алдына көптеген мiндеттер қойды. Әсiресе, ана тiлiмiзге қатысты ел көкейiндегi сөздi айтты. Елбасының сөзiнен көңiлге не түйдiңiз?
– Қазақстанның бүгiнi мен болашағына тiкелей қатысты, көкейкестi мәселенiң бiрi – мемлекеттiк тiл ахуалы. Мемлекеттiк тiл  – елдiк қасиет пен ұлттық болмысымыздың өлшемi, Тәуелсiздiктiң басты нышанының бiрi. Сондықтан да, елiмiзде мемлекеттiк тiлдiң рөлiне,  мәртебесi мен қолданылу аясына, дамыту мәселелерiне баса мән берiлiп отыр.  Ел iргесiнiң нығая түсуi қазақ тiлiнiң мемлекеттiк мәртебеге iс жүзiнде толыққанды ие болуына байланысты.
Қазақстан Республикасының Президентi  Н.Ә.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XV съезiнде мемлекеттiк тiлдiң ел бiрлiгiнiң факторы екендiгiн, сондықтан бұл мәселеге аса ден қоятын кез келгенiн, қазақ тiлiн бiлу азаматтық парыз ғана емес, ұлтқа деген құрметтi де бiлдiретiнiн атап көрсеттi.
Елбасы тапсырмасына орай Мемлекеттiк тiл саясаты алматылықтар тарапынан түсiнiстiк пен қолдау тауып отыр. Тәуелсiз Қазақстанда өсiп келе жатқан жас буын өкiлдерi  мемлекеттiк тiлдi үйренiп-меңгеруге ынталы. Мәселен, алматылық орыс жастарының қазақ тiлiн меңгеру деңгейi орта және аға ұрпақ өкiлдерiмен, әсiресе, мемлекеттiк тiлдi мүлдем бiлмейтiн елу жастан асқан тұлғалармен салыстырғанда жоғары екендiгiн атап өткен орынды. Негiзiнен, орыстiлдi әлеуметтiк-коммуникациялық кеңiстiкте де қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл ретiндегi рөлi едәуiр өсiп келедi.
Қазiргi уақытта өзге ұлт өкiлдерiнiң арасында мемлекеттiк тiлдi үйренуге құлық танытушылар, балаларын қазақ тiлiндегi балабақшаларға, мектептерге беруге ниет бiлдiрушiлер көбейiп келедi. Қазақ тiлi мемлекеттiк тiл ретiнде қоғамнан түбегейлi орын алатын күн де алыс емес.
Республикамыздың ең iрi қаласы, елiмiздiң қаржы, мәдениет және бiлiм орталығы – Алматыда тiл саясатының кеңiнен насихатталып, қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл ретiнде беделi артуының қоғамдық рөлi аса салмақты. Алматы қаласы бойынша мемлекеттiк тiл саясатын насихаттауға қатысты iс-шаралар мемлекеттiк деңгейде үзiлместен жүргiзiлiп келедi. Мемлекеттiк тiл саясатын жүзеге асыру мақсатында түрлi семинарлар мен дөңгелек үстелдер, ғылыми-тәжiрибелiк конференциялар ұйымдастырылып тұрады.
Абай, Шәкәрiм, А.Байтұрсынұлы,  Ғ.Мүсiрепов, Б.Момышұлы, Ө.Жәнiбеков, А.Пушкин оқулары, «Славян жазуының күндерi», «Үздiк аудармашы», «Мемлекеттiк тiл және бұқаралық ақпарат құралдары»,  «Қазақ тiлiнiң үздiк оқытушысы», «Көрiктi жарнама – көркем тiл», «Көркем сөз оқу шеберлерi»,  орыс ұлтының жастары арасында «Тiл – халық жанын танудың кiлтi», мемлекеттiк тiлдi меңгерген ұлты өзге мемлекеттiк қызметшiлер арасында «Мемлекеттiк тiл – менiң тiлiм», үш тiлдi меңгерген жастар арасында «Тiлдарын» атты конкурстар өткiзiледi.
– Мемлекеттiлiктiң негiзгi көрiнiсiнiң бiрi – оның тiлi. Өйткенi, қазақ тiлi – бәрiмiздi бiр тудың астына жинайтын басты фактор. Осы мақсатта нендей шаралар жүргiзiлуде?
– Қазақстан халқының тiлдерi күнi мерекесiне орай «Ана тiлiм – ардағым» атты фестиваль өткiзу дәстүрге айналған. Бұл фестиваль мемлекеттiк тiл саясатын насихаттауға бағытталған түрлi шаралардың жылдық қорытындысы болып табылады. Фестивальге қатысушылар Алматы қаласы әкiмдiгiнiң тапсырысымен шыққан  қазақ тiлiн үйренуге арналған оқу-әдiстемелiк құралдар мен электронды оқулықтар, қаладағы этномәдени орталықтар мен мектепке дейiнгi мекемелердiң тiлдердi дамыту жөнiндегi жұмыстары туралы ұйымдастырылған  көрменi, Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен әзiрленген концерттiк бағдарламаны тамашалайды. Фестиваль қорытындысында Алматы қаласының әкiмi А.Есiмов қатысып, сөз сөйлейдi және жыл бойы өткен қалалық байқаулардың жеңiмпаздарын арнайы дипломдармен марапаттап, бағалы сыйлықтар тапсырады.
2013 жылы Алматы қаласы әкiмдiгiнiң жанынан Мемлекеттiк тiлдiң қолдану аясын кеңейту жөнiндегi қоғамдық кеңес құрылды. Оның негiзгi мiндеттерi – мемлекеттiк тiлдiң қолданылу аясына талдау жасау, оны дамытуға байланысты жұмыстарды үйлестiру және мемлекеттiк тiл саясатының нормативтiк-құқықтық базасын жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу. Сонымен қатар қаладағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдарында мемлекеттiк тiлдiң қолданылу аясын кеңейту және дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға талдау жасап, тиiстi ұсыныстар енгiзiп отыру.


Алматы қаласының жергiлiктi бюджетiнен мемлекеттiк тiл саясатын жүзеге асыру жөнiндегi жұмыстар үшiн 2007 жылы 65 млн. теңге, 2008 жылы 113 млн. теңге, 2009 жылы 124 млн. теңге, 2010 жылы 175 млн. теңге, 2011 жылы 187 млн. теңге, 2012, 2013 жылдарға 190 млн. теңгеден  қаржы бөлiндi. Яғни, осы салаға бөлiнген қаржы көлемi соңғы  бес жылда  үш есеге жуық өстi. 2013 жылға қазақ, ағылшын және  өзге ұлттардың ана тiлдерiн оқыту курстарының жұмысы үшiн бөлiнiп отырған қаржының жалпы   сомасы – 27 млн. теңге.
Қалада тiлдi оқып-үйренуге, мемлекеттiк тiлде iс жүргiзуге толық жағдай жасалған. Оған жергiлiктi бюджеттен жеткiлiктi қаражат та бөлiнiп отыр. Мемлекеттiк қызметшiлерге, әлеуметтiк жағынан қорғалмаған азаматтарға қазақ және ағылшын тiлдерiн, өзге ұлт өкiлдерiнiң ана тiлдерiн оқыту мақсатында 2006 жылы «Тiл» оқу-әдiстемелiк орталығы құрылған болатын. Алматы қаласының жергiлiктi атқарушы органдарындағы мемлекеттiк қызметшiлерге, әлеуметтiк қорғалмаған азаматтарға қазақ және ағылшын тiлдерi 120 сағаттық оқу бағдарламасы бойынша оқытылуда. Жергiлiктi атқарушы органдардың мемлекеттiк қызметшiлерiне және қала тұрғындарына қазақ, ағылшын және өзге ұлттардың ана тiлдерiн оқыту топтары жасақталып қазiргi уақытта барлығы 114 топта тiлдердi оқыту курсы жүргiзiлiп жатыр.
– Өз тәуелсiздiгiн жариялаған елдердiң саяси философиясының негiзi – тұтастық, бiрлiк. Доктринада мемлекеттiк тiлдiң ел бiрлiгiнiң факторы ретiнде айтылуы да сондықтан болса керек...
– Ұлт, мемлекет, тiл ұғымдары – бiртұтас ұғым. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев: «Бiз барша қазақстандықтарды бiрiктiрудiң басты факторы болып табылатын қазақ тiлiнiң одан әрi дамуы үшiн барлық күш-жiгерiмiздi салуымыз керек. Сонымен бiрге елiмiзде тұратын барлық халықтардың өкiлдерi ана тiлдерiнде еркiн сөйлеп, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыру қажет» деп атап көрсеткен болатын. Яғни, Қазақстанда өмiр сүретiн барлық этностардың тiлдерiн сақтай отырып, мемлекеттiк тiлдi ұлттық бiрлiгiмiздi нығайтудың маңызды құралына айналдыруға тиiспiз.
Елiмiздегi өзге ұлт өкiлдерiнiң ана тiлдерiнiң сақталуы мен дамуы үшiн барлық мүмкiндiктер қарастырылған. Аталған мақсатты қамтамасыз ететiн үйлесiмдi тiл саясаты жан-жақты мүмкiндiктерге жол ашып отыр. Тiл саясаты Қазақстанның әрбiр азаматы үшiн күнделiктi өмiрде қазақ тiлiнде сөйлесу бiлiм мен бiлiктiң дәрежесiне саналуына, қазақ тiлiнiң, әсiресе, жастар үшiн бедел белгiсiне және рухани сәнге айналуына бағытталып отыр. Сонымен қатар, Қазақстан халқының басқа да тiлдерiн сақтауға мемлекеттiк қолдау көрсетiлуде. Бұл мақсатта өзге ұлт өкiлдерiнiң ана тiлдерiн оқытатын жексенбiлiк мектептер жүйесi құрылған. Жергiлiктi бюджет есебiнен этномәдени орталықтарда қазақ тiлiмен қатар иврит, кәрiс, шешен, немiс, ингуш, түрiк, поляк, әзiрбайжан, тәжiк, түркiмен тiлдерi оқытылады.
Алматы қаласы бойынша жаңа технологиямен жабдықталған он мультимедиялық кабинет ашылған. Мультимедия кабинеттерi оқыту үрдiсiне  қажеттi лексикалық, грамматикалық мазмұндағы стендтермен және оқу-әдiстемелiк көмекшi құралдармен жабдықталған. Медиакабинеттердiң барлығында iс жүргiзуге қажеттi құжаттардың мемлекеттiк тiлдегi үлгiлерi, екi тiлдi электронды сөздiк, қазақ тiлi орфографиясы мен орыс тiлiнен қазақ тiлiне аударма жасау бағдарламасы және оқыту үрдiсiнде жиi қолданылатын 30-дан астам электронды бағдарлама бар. Барлық оқыту кабинеттерiне интерактивтi тақта орнатылған.
Жүйелi жүргiзiлген шаралардың нәтижесiнде Алматы қаласының жергiлiктi атқарушы органдарындағы мемлекеттiк тiлдегi құжат айналымының көрсеткiшi артып келедi. Мәселен, 2006 жылы ол 36 пайыз болса, 2013 жылы 78 пайызға жеттi.
Қазiргi кезде бiз бос мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарға конкурс өткiзгенде, қатысушылар iшiнен мемлекеттiк тiлдi еркiн бiлетiндердi таңдап алу қажеттiгiн ұсынып отырмыз. Бұл мемлекеттiк қызметшiлер арасында қазақ тiлiнде iс жүргiзе алатындардың санын арттыруға қолайлы жағдай туғызады.
Алматы қаласының жергiлiктi атқарушы органдарында жұмыс iстейтiн мемлекеттiк қызметшiлердiң қазақ тiлiнде iс жүргiзе алатындары – 65 пайыз, әртүрлi деңгейде түсiнетiндерi – 27 пайыз, мүлдем бiлмейтiндерi – 8 пайыз құрайды. Соңғы санатқа кiретiндерге қазақ тiлiн оқыту, оларды мемлекеттiк тiлде iс жүргiзуге үйрету – қазiргi таңдағы өзектi мәселе.
– Съезде қазақ ұлтының саны 70 пайыздан асатын өңiрлерде ана тiлiмiзде iс-құжаттарын әзiрлеу қажеттiгi де алға тартылды. Осы мәселенiң шешiмiн табуда өзiңiз жетекшiлiк ететiн басқарма қандай мәселелердi қолға алып отыр?
– Жергiлiктi атқарушы органдардың қызметкерлерiнiң қазақ тiлiнде iс жүргiзу мүмкiндiктерiн арттыру бағытында және әдiстемелiк көмек ретiнде мемлекеттiк тапсырыспен жыл сайын түрлi салалар бойынша орысша-қазақша терминологиялық анықтамалық сөздiктердiң, орысша-қазақша тiлдескiштердiң, ресми iс қағаздары үлгiлерiнiң жинақтары шығарылып, электронды нұсқасымен бiрге кiтап және диск түрiнде таратылды.
Жергiлiктi атқарушы органдардың, кеден, медицина, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, қаржы, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтiк қорғау, сәулет және құрылыс, экология және қоршаған ортаны қорғау, жолаушылар көлiгi және автокөлiк жолдары, энергетика және коммуналдық шаруашылық, сот және адвокатура, iшкi iстер және құқық, тұрғын үй және жер қатынастары салалары бойынша ресми iс қағаздарының үлгiлерi әзiрлендi. Бұл жинақтар әр саланың қызметкерлерiне iс қағаздарын өз бетiнше мемлекеттiк тiлде ресiмдеуi үшiн көмекшi-әдiстемелiк құрал ретiнде ұсынылады. Қолданыстағы iс қағаздарының үлгiлерi қазақ және орыс тiлдерiнде қатар берiлген. Тиiстi үлгiнiң электронды нұсқасы арқылы қажеттi құжатты сауатты түрде ресiмдеуге мүмкiндiк ашылды.
Сәулет және құрылыс, бiлiм беру және педагогика, ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайлар, жер қатынастары және т.б. 15 сала  бойынша орысша-қазақша тiлдескiштер жарық көрдi. Аталған тiлдескiштер –  әр сала қызметкерлерi үшiн таптырмас көмекшi құрал. Онда сала қызметкерлерi мен келушiлер арасындағы диалог үлгiлерi  қазақ және орыс тiлдерiнде қатар берiлген.
12 түрлi сала қызметкерлерiне арналған орысша-қазақша терминологиялық-анықтамалық сөздiктер жарық көрдi. Бұл сөздiктерде тиiстi салада жиi қолданылатын атаулардың, терминдердiң, сөз тiркестерiнiң қазақ және орыс тiлдерiндегi нұсқалары алфавит бойынша берiлiп, оларға ғылыми түсiнiктеме жасалған. Аталған жұмыстардың басты артықшылығы –  бұл өнiмдер кез-келген қолданушының қазақ тiлiн де, орыс тiлiн де өз бетiнше үйренуiне, мемлекеттiк тiлде iс жүргiзу мүмкiндiгiн арттыруына көмектеседi. Әр салаға қатысты базалық терминдер мен атаулардың, сөз тiркестерiнiң, кәсiби ұғымдардың орысша-қазақша түсiндiрмесi жүйелi түрде берiлгендiктен, аталған басылымдардың мемлекеттiк тiлдi оқып-үйренуде, кәсiби бiлiктiлiктi арттыруда көмегi зор.
Қазақстандағы тiл мәселесiнiң ұтымды шешiлуi мектепке дейiнгi мекемелердегi, мектептердегi және жоғары оқу орындарындағы бiлiм беру жүйесiне түбегейлi қатысты. Бұл үрдiс мектепке дейiнгi мекемелердегi тәрбиеленушiлерге қазақ тiлiн сапалы үйретудi қамтамасыз етуден бастау алары да анық. Алматы қаласында қазақ тiлiнде бiлiм беретiн және тәрбиелейтiн балабақшалар мен мектептердiң саны жылдан-жылға артып келедi. Яғни, қалада қазақ тiлiн тұтынушылар қатары да күн санап көбеюде. Осыған сәйкес, қазақ тiлiндегi оқыту құралдарына, әдеби шығармаларға және басқа да өнiмдерге сұраныс өсiп отыр. Сұранысты қанағаттандыру мақсатында бiрқатар жұмыстар атқарылуда.
Қазiргi таңда қазақ тiлiндегi оқыту құралдарына, әдеби шығармаларға және басқа да өнiмдерге сұраныс өсiп отыр. Бұл сұраныстарды қанағаттандыру мақсатында да Алматы қаласы әкiмдiгiнiң тарапынан бiрқатар жұмыстар жасалып жатыр. Қазақ тiлiн мектеп қабырғасында сапалы меңгертуге қатысты жұмыстарға басым көңiл бөлiнуде.
Мектеп жасына дейiнгi және бастауыш сыныптарда оқитын балаларға арналған қазақ балалар әдебиетiнiң туындылары енген «Балаларға базарлық», «Шәкiрттерге шашу», жасөспiрiмдер үшiн қазақ қаламгерлерiнiң шығармаларынан құрастырылған «Асыл сөз» атты аудиокiтаптар шығарылды. Үш дискiден тұратын қазақ тiлiн үйренуге арналған бейнеқұрал жарық көрдi. Оған әлем ертегiлерiнiң желiсi бойынша жасалған слайд-шоулар және «Бiздi қоршаған әлем» деген атпен мультфильмдер енген. Сонымен бiрге, «Люблю, учу казахский» деген атпен 2 дискiден тұратын қазақ тiлiн өз бетiнше үйренушiлерге арналған электронды оқыту бағдарламасы әзiрлендi.
Балабақша тәрбиешiлерiнiң ұсынысын және қоғамдағы сұранысты ескере отырып, «Алдар Көсенiң көңiлдi оқиғалары» атты анимациялық фильмдердi шығаруды қолға алдық. Анимациялық фильмдердi жарыққа шығарудағы мақсат – мектепке дейiнгi мекемелерде қазақ тiлiндегi қарым-қатынастық орта қалыптастыру, коммуникативтiк-тiлдiк кеңiстiктегi қазақ тiлiнiң қолданылуы аясын кеңейту. Мемлекеттiк тiлде түсiрiлген 3D форматындағы мультфильмнiң 85  сериясы жарық көрдi. 3D форматындағы графикалық тәсiлмен жасалған қазақ тiлiндегi тұңғыш мультфильмнiң басты ерекшелiгi – тiл үйретуге арналған бағдарлама енгiзiлгенi және қазақ халқының этнографиясынан бiрқатар мағлұмат беретiндiгi.  Мультфильмдер жинағы қазақ тiлiн үйретуге арналған көмекшi-әдiстемелiк құрал ретiнде мектепке дейiнгi бiлiм беру мекемелерiне, балалар үйлерi мен кiтапханаларға тегiн таратылды. Қазiргi уақытта барлық телеарналар арқылы көрсетiлуде. Бұл өнiмдер қаладағы мектептер мен балабақшаларға да тегiн таратылды. Тұтынушылар тарапынан ерекше сұранысқа ие болған жұмысымыз жалғасын тауып отыр. Биыл қазақ халық ертегiлерiнiң желiсi бойынша түсiрiлген 40 сериялы мультфильмдер жинағы «Балаларға арналған қазақ тiлi» атты анимациялық бiлiм беру жобасы бойынша шығарылды. Жоба 2013 жылы белгiлi қазақ эпостарының желiсiнде түсiрiлген анимациялық фильмдермен толықтырылмақ.
Сонымен қатар, мемлекеттiк тапсырыспен «Сиқырлы қалам» интерактивтi оқу-әдiстемелiк кешенi жарыққа шықты. Қазақ және ағылшын тiлдерiн үйретуге арналған, оқыту үрдiсiнде қолдануға оңтайлы кешен Алматыдағы барлық мемлекеттiк балабақшалар мен мектеп-интернаттарға тегiн таратылды. Бұл жоба бойынша да оны ары қарай дамыту және жетiлдiру жұмыстары қолға алынуда.
Алматы қаласы Тiлдердi дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасына қарасты Алматы қаласының Орталық мемлекеттiк мұрағатының негiзгi iсiнiң бiрi – мұрағаттық анықтамалар беру қызметi болып табылады. Бұл мемлекеттiк қызмет түрi тiкелей «Алматы қаласының Орталық мемлекеттiк мұрағаты» мемлекеттiк мекемесiнде жүзеге асады.  2013 жылдың басынан берi 13685 әлеуметтiк-құқықтық сипаттағы сұранымдар орындалды. Орталық мемлекеттiк мұрағаты мемлекеттiк мұрағатты толықтыру көзi болып табылатын ұйымдар тiзiмiн анықтау, құжаттарды сақтау және есепке алуды ұйымдастыру қызметiн жоспарлау iсiмен айналысады. Алматы қаласындағы мекемелер мен ұйымдарға құпия iс-қағаздарын ұйымдастыру жөнiнде әдiстемелiк және кеңестiк көмек көрсетедi. Қазiргi уақытта Алматы қаласының Орталық мемлекеттiк мұрағатындағы 1449 қорда 1 млн. 375 мың сақтау бiрлiгi бар.
– Президент съезде қоғам мен мемлекеттi дамытудың жаңа көкжиегiне шығуға мүмкiндiктер беретiн нақты мiндеттер белгiлеп бередi. Жаңа жеңiстерге жету үшiн не iстеуiмiз керек?
– Тәуелсiз рухани кеңiстiктi қалыптастыру, төл мәденитетiмiздi өрiстету тәрiздi жаңа тұрпатты мемлекеттi құру мен дамытудың тұрлаулы қағидаттарын Елбасымыз үнемi айтып келедi. Саяси доктринада қоғам өмiрiн алға сүйрейтiн тiл, мәдениет, ғылым, жастар туралы құндылықтардың көрiнiс табуы бiзге үлкен мiндеттер жүктейдi. Ұлт тiлi қоғам тiлi рөлiн атқармай қоғамды бiрiктiру алға баспасы анық. Осы мақсатта басқарма бойынша iргелi жұмыстар қолға алынып отыр.
Басқарманың негiзгi жұмысының бiрi – ономастика саласы. Қазiргi кездегi ономастика мәселесi мемлекетiмiздегi ұлттық тiл саясатының басты бағыттарының бiрi ретiнде ғылыми, тарихи-мәдени маңызы зор салаға айналды. Сол себептi, өз тарихымыздағы бұрын бұрмаланып келген атауларды қайта жаңғырту қолға алынуда. Бұл бағыттағы атқарылған жұмыстар – дүниежүзiлiк өркениеттi елдердiң даму дәстүрiне сай iстердiң заңды жалғасы. Қазақ жерiндегi талай-талай елдi мекен, аймақ, қала, жер-су атаулары кезiнде түбегейлi өзгерiстерге ұшырады.
Қазiргi уақытта Алматы қаласында 2000-ға  жуық көше бар.  Облыс аумағынан елдi мекендердiң қалаға қосылуына байланысты қазiр 165 көшенiң атауы қайталанады. Ленин, Комсомол, Пионер, Коммунар тәрiздi 50 шақты көшенiң атауы тарихи тұрғыдан ескiрген. Сондай-ақ, кейiн пайда болған 114 көшеге атау берiлмеген. Тәуелсiздiк  алғаннан берi қала орталығындағы  158 көшенiң атауы өзгертiлдi. 458 көшеге жаңадан атау берiлдi.
Ономастикалық жұмыстарды үйлестiру және ұйымдастыру барысында аса елене бермейтiн, көзге көрiнбейтiн, бiрақ, соңғы кездерi көбiрек көңiл аударатын мәселелер бар. Ол мәселелердi реттейтiн де уақыт жеттi. Мәселен, қайраткерлердiң есiмiн қала көшелерiне беру, оларға ескерткiш- тақталар орнату туралы ұсыныстар бойынша Республикалық ономастика жөнiндегi комиссияның қатысуымен, оның мүшелерiнiң талқысынан өткен соң барып шешiм қабылдаған абзал.
2013 жылы Алматы қаласы  әкiмдiгiнiң «Алматы  қаласының   ономастика   комиссиясы   туралы» қаулысы бекiтiлдi. Комиссияны Алматы қаласы әкiмiнiң орынбасары басқарады. Комиссия құрамына Алматы қаласы мәслихатының депутаттары, қоғамдық ұйымдардың жетекшiлерi, ғалымдар, жергiлiктi атқарушы органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары кiредi.
Аталған комиссия халықтың талап-тiлегiн, қоғамдық ой-пiкiрдi әдiл таразылай отырып, көшелердiң, басқа да қала көлемiнде орналасқан нысандардың тарихи атауларын қалпына келтiрудi мақсат тұтады. Сол орайда комиссия құрамына әр ұлт өкiлдерiнен тұратын белгiлi тiлшi-ғылымдар, тарихшылар, өлкетанушылар, баспасөз қызметкерлерi енгiзiлдi. Комиссия өз жұмысында «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-территориялық құрылымы туралы» және «Қазақстан Республикасының физикалық-географиялық нысандарының аттарын қою, атауларын өзгерту және олардың транскрипциялық өзгерiстерiнiң тәртiбi туралы» Заңдарды басшылыққа ала отырып, нақты жұмыстар атқарады.
Көшелердiң атын өзгерту немесе жаңа атау беру барысында жеке тұлғалардың қоғамдық-саяси өмiрдегi орны ескерiледi және тарихи жер-су аттарының танымдық сипаттарының қазiргi уақытқа сай үйлестiрiлуi назарда ұсталады. Мәселен, қаланың жаңа ықшамаудандарына, көшелерге «Думан», «Алтай», «Баянауыл», «Атырау», «Әйгерiм», «Алтын бесiк», «Дархан», «Мамыр», «Қаратау», «Оқжетпес», «Шiлiктi сай», «Ордабасы», «Қорқыт», «Қобыланды», «Бабыр», «Орбұлақ», «Алпамыс», «Жиренше», «Айша бибi» сияқты әсем де мазмұнды атаулар берiлдi.
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен Алматы қаласындағы 22 мектеп, гимназия және лицейлердiң атауы өзгертiлдi. Мұндай игi iстер әрi қарай жалғасын табуда.
Бiр кездерi түрлi себептермен  тарихи атауынан айрылған өзен-көл, тау, елдi мекен атаулары қайта қалпына келтiрiлдi. Мысалы, Каменское плато – Терiсбұтақ үстiртi, Горный гигант – Таулы қырат, Весновка – Есентай өзенi, Прямуха – Тiксай өзенi, Казачка – Жарбұлақ өзенi, Горельник – Күйгенсай өзенi, т.б.
Қаладағы объектiлердiң атаулары, көрнекi ақпараттар, ғимараттағы маңдайша жазулар, жарнама мәтiндерi, олардың сапасын көтеру, ретке келтiру, сауатты жазылуын қадағалау мақсатындағы жұмыстар үзбей жүргiзiлiп отыр. Көшелердегi сыртқы жарнама және көрнекi ақпарат нысандарында Қазақстан Республикасы тiл туралы заңнамасы талаптарының орындалуын тексеру жұмыстары тұрақты жүргiзiлуде. Соның нәтижесiнде барлық атаулар ұлттық, тiлдiк ерекшелiктерi, сондай-ақ, географиялық, тарихи, әлеуметтiк жағдайлары ескерiлiп, қазiргi  қазақ әдеби тiлiнiң нормаларына сәйкес алынып, ал өзге тiлдегi транскрипциясы аталған нормаларға сай жазылуда.
Алматы қаласы бойынша сыртқы жарнама және көрнекi ақпарат нысандарын орналастыруға рұқсат алу кезiнде жарнама мәтiндерiнiң қазақ тiлiндегi нұсқасына Тiлдердi дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының келiсiмiн алу тәртiбi белгiленген. Соған сәйкес жыл басынан берi жалпы саны 2736 жарнама эскиздерiнiң мәтiнi тексерiлiп, тиiстi өзгертулер енгiзiлдi. Алматы қаласының жекелеген нысандарына бiрнеше рет арнайы рейд ұйымдастырылды. Оған аудандар әкiмдерi аппараттарының, «Нұр Отан» партиясы Алматы   қалалық  филиалының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi қатысты. Рейд барысында Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасының талаптары сақталмаған 487 нысан анықталып, иелерiне жазбаша түрде ескерту берiлiп, қателiктердi бiр ай мерзiмiнде түзету мiндеттелдi. Рейд нәтижесi жайлы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде жарияланып тұрады.
– Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен – Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.

 

http://almaty-akshamy.kz/?p=14584