АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ


Ұлттың тамыры – тіл,Қазығы – дін. Қадыр Мырза Әли


Мемлекеттік тілде іс жүргізу   •    Мемлекеттік қызмет   •    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл   •    Тіл саясаты   •    БАҚ біз туралы
Жаңалықтар   •    Байқау ережелері   •    Ономастика   •    Әдістемелік көмек   •    Кітапхана   •    Басшы   •   

«Ана тiлiм – ардағым» фестивалi мемлекеттiк тiлдiң мерейiн көтердi
Көрсетілім саны: 1004

«Ана тiлiм – ардағым» фестивалi мемлекеттiк тiлдiң

мерейiн көтердi

 

http://almaty-akshamy.kz

 23.09.2013

ТІЛ – ТҰҒЫРЫҢ

Өтеш ӨТЕУЛIҰЛЫ

 

Газетiмiздiң өткен нөмiрiнде хабарлағанымыздай, Қазақстан халқының тiлдерi күнi мерекесiне орай Ғ. Мүсiрепов атындағы   академиялық балалар мен жасөспiрiмдер театрында «Ана тiлiм – ардағым» атты фестиваль болып өттi. Мерекелiк шараның алдында Алматы қаласында мемлекеттiк тiлдiң қолданыс аясының жай-күйiнен мол мағлұмат беретiн деректi фильм көрсетiлдi. Әр жыл сайын Алматы қаласындағы жергiлiктi атқарушы органдарда, кәсiпорындарда, бiлiм беру мекемелерiнде мемлекеттiк тiл саясатын насихаттауға бағытталған түрлi шаралар ұйымдастырылып келедi. Бұл фестиваль сол шаралардың қорытындысы болып табылады. Фестивальдiң мақсаты — қаладағы барлық қоғамдық ұйымдардың, түрлi әлеуметтiк топтардың күшiн мемлекеттiк тiл саясатын тиiмдi жүргiзуге, ынтымақтастықты, рухани тұтастықты, қазақстандық патриотизмдi нығайтуға, ұлтаралық келiсiмдi қамтамасыз етуге жұмылдыру болып табылады. «Ана тiлiм — ардағым» фестивалiнде Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов құттықтау сөз сөйлеп, осыған дейiн өткен «Мемлекеттiк тiл және БАҚ», «Мемлекеттiк тiл – менiң тiлiм», «Үздiк аудармашы», «Қазақ тiлiнiң үздiк оқытушысы», «Абай оқулары» қалалық байқауларының жеңiмпаздарын мара­паттады. Мерекелiк шарада Қазақстан­ның танымал әншiлерi мен эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттiк бағдарлама ұсынылды.

Қазақстан Республикасында Тiлдердi дамыту мен қолданудың мемлекеттiк бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Алматы қаласы бойынша түрлi iс-шаралар ұйымдастырылып келедi. Тақырыптық конференциялар, семи­нарлар мен дөңгелек үстелдер және байқаулар мен оқулар өткiзiлдi. Алматы қаласы жергiлiктi атқарушы орган­дарының қызметкерлерi мен қала тұрғындарына қазақ және ағылшын тiлдерiн оқыту курстары жұмыс iстедi. Этномәдени орталықтардың жексенбiлiк мектептерiнде өзге ұлт өкiлдерiне қазақ тiлiмен қатар өздерiнiң ана тiлдерi де оқытылды. Түрлi салалар бойынша орысша-қазақша терминологиялық анықтамалық сөздiктердiң, орысша-қазақша тiлдескiштердiң, ресми iс қағаздары үлгiлерiнiң жинақтары шығарылып, электронды нұсқасымен бiрге кiтап және диск түрiнде таратылды. Мектеп жасына дейiнгi және бастауыш сыныптарда оқитын балаларға арналған қазақ балалар әдебиетiнiң туындылары енген «Балаларға базарлық», «Шәкiрт­терге шашу», жасөспiрiмдер үшiн қазақ қаламгерлерiнiң шығармаларынан құрастырылған «Асыл сөз» атты аудио­кiтаптар шығарылды. Сонымен бiрге, балалар үшiн үш дискiден тұратын, қазақ тiлiн үйренуге арналған бейнеқұрал жарық көрдi. Оған әлем халықтары ертегiлерiнiң желiсi бойынша түсiрiлген 50 слайд-шоу ертегi, «Бiздi қоршаған әлем» атты 1000 сөздi қамтитын орысша-қазақша суреттi аудио-сөздiк енгiзiлдi. Тағы бiр үлкен жоба – «Алдар Көсенiң көңiлдi оқиғалары» атты және қазақ халық ертегiлерi мен эпостарының желiсi бойынша түсiрiлетiн көп сериялы мультфильмдер жинағын шығару iсi қолға алынды. Анимациялық фильм­дердi жарыққа шығарудағы мақсат – мектепке дейiнгi мекемелерде қазақ тiлiндегi қарым-қатынастық орта қалыптастыру, коммуникативтiк-тiлдiк кеңiстiктегi қазақ тiлiнiң қолданылу аясын кеңейту. 2009 — 2011 жылдар аралығында «Алдар Көсенiң көңiлдi оқиғалары» мультфильмiнiң 85 сериясы жарық көрдi. 2012 жылы қазақ халық ертегiлерiнiң желiсi бойынша түсiрiлген 40 сериялы мультфильмдер жинағы «Балаларға арналған қазақ тiлi» атты анимациялық бiлiм беру жобасы бойынша шығарылды. Жоба 2013 жылы белгiлi қазақ эпостарының желiсiнде түсiрiлген анимациялық фильмдермен толықтырылмақ. 3D форматындағы графикалық тәсiлмен жасалған қазақ тiлiндегi тұңғыш мультфильмнiң басты ерекшелiгi – тiл үйретуге арналған бағдарлама енгiзiлгенi және қазақ халқының этнографиясынан бiрқатар мағлұмат беретiндiгi. Мультфильмдер жинағы қазақ тiлiн үйретуге арналған көмекшi-әдiстемелiк құрал ретiнде мектепке дейiнгi бiлiм беру мекемелерiне, балалар үйлерi мен кiтапханаларға тегiн таратылды. Мемлекеттiк тiл саясатын кеңiнен насихаттау мақсатында аудан әкiмдiктерiнiң, басқармалардың атса­лысуымен, қаладағы этномәдени орталықтармен бiрлесiп мемлекеттiк тiл саясатын кеңiнен насихаттауға бағыт­талған Абай, А. Байтұрсынұлы, А. Пуш­кин оқулары және славян жазуының күндерi, «Үздiк аудармашы», «Мемле­кеттiк тiл және бұқаралық ақпарат құралдары», «Қазақ тiлiнiң үздiк оқыту­шысы», «Көрiктi жарнама – көркем тiл», «Көркем сөз оқу шеберлерi» атты байқауларды өткiзу дәстүрге айналған. Мемлекеттiк тiл саясатын жүзеге асыруға қатысты  тақырыптарда түрлi семинарлар мен дөңгелек үстелдер, ғылыми-тәжiри­белiк конференциялар ұйымдастырылып тұрады. Елбасы тарапынан тапсырылған «Үштұғырлы тiл» мәдени жобасы аясында орыс ұлтының жастары арасында «Тiл – халық жанын танудың кiлтi», мемлекеттiк тiлдi меңгерген ұлты өзге мемлекеттiк қызметшiлер арасында «Мемлекеттiк тiл – менiң тiлiм», үш тiлдi меңгерген жастар арасында «Тiлдарын» сияқты iс-шаралар өткiзiлдi.

«Ана тiлiм — ардағым» фестивалiне мемлекет және қоғам қайраткерлерi, қаладағы мәдени орталықтардың мүше­лерi мен этнос өкiлдерi, аудан әкiмдерi мен атқарушы орындардың мемлекеттiк тiл саласымен айналысатын жауапты қызметкерлерi қатысты.

 

Алматылық өзге ұлт өкiлдерiнiң 22 пайызы қазақ тiлiн еркiн бiледi

 

Алматы қаласының әкiмi А. Есiмовтiң «Ана тiлiм – ардағым» атты тiл мерекесiнде сөйлеген сөзiнен

Мемлекеттiк тiл саясатын жүзеге асыруға бүкiл республикамыздағыдай, Алматы қаласында да қажеттi жағдайдың бәрi жасалуда. Елiмiздiң әлеуметтiк, экономикалық қуатының өсуiне байланысты тiл саласын қаржыландыру көлемi де жыл сайын ұлғайып келедi. Ол өз кезегiнде мемлекеттiк тiлдiң қоғамдағы рөлi мен тiлдi дамытуға бағытталған iс-шаралардың тиiмдiлiгiн нығайтуда. Биыл өткiзiлген әлеуметтiк зерттеулерге сүйенсек, ұлтына қарамастан мемлекеттiк тiлдi меңгерген қала тұрғындарының үлесi 62 пайызға жеткен. Ал ресми мәлiметтер бойынша Алматыдағы қазақтардың саны 55,5 пайыз. Демек, тiлдiк орта тек қазақтар ғана емес, басқа ұлт өкiлдерi есебiнен ұлғайып отыр. Қазiр алматылық өзге ұлт өкiлдерiнiң 22 пайызы қазақ тiлiн еркiн бiледi. Ал тұрмыстық қазақ тiлiн бiлетiндер саны өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға артып, мемлекеттiк тiлдi мүлдем түсiнбейтiндердiң саны 4,5 пайызға азайған. Бұл – қуанарлық та, құптарлық та жағдай. Елiмiзде жүргiзiлiп жатқан жүйелi жұмыстың, сындарлы саясаттың нәтижесi.

Тiлдердi дамыту саласында мемлекеттiк тұрғыдан атқарылып жатқан жұмыстар сан салалы. Оның ең бастысы – қазақ тiлiн, сонымен қатар ағылшын және өзге ұлт өкiлдерiнiң ана тiлдерiн меңгеруге қолайлы жағдай туғызу.

Екiншi, тiлдердi оқытуды қажеттi ұйымдас­тырушылық, материалдық-техникалық жағдаймен және заманауи оқу-әдiстемелiк құралдармен қамтамасыз ету.

Үшiншi, қалың жұртшылыққа елiмiзде жүргiзiлiп жатқан мемлекеттiк тiл саясатының негiзгi бағыттарын насихаттау және түсiндiру.

Төртiншi, тiл туралы заңнама талаптарының орындалуын және оның сақталуын мемлекеттiк тұрғыдан бақылау және қадағалау.

Бiр сөзбен айтқанда, бiздiң елде тiл шаруасын үйлестiрiп, жүзеге асыруды мемлекет өз мойнына алған. Мұндай мемлекеттiк жауапкершiлiк әлем елдерiнде өте сирек кездеседi. Дүниежүзiлiк тәжiрибеде мемлекет тiл саясатының негiзгi бағыттарын анықтайды да, оны жүзеге асыруға қоғамдық ұйымдар мен жалпы халық болып атсалысады. Ал бiзде бұл салаға арналған мемлекеттiк және аймақтық бағдарламалар бар. Оның барлығы тiкелей Елбасының тапсырмасы арқылы жүзеге асады. Соған сәйкес, Алматы қаласында да бiрнеше жылдан берi нәтижелi жұмыстар жүзеге асырылып келедi.

Бүгiнгi күнi тiлдi үйретуге байланысты әдiстеме құралдарына деген тапшылық жойылды. Салалар бойынша терминологиялық сөздiктер, орысша-қазақша тiлдескiштер, ресми iс қағаздарының үлгiлерi қазiр жеткiлiктi. Тiл мәселесiн балабақшадан бастау қажет деген сөзiмiз нақты iс арқылы нәтижесiн бере бастады. Бүгiнгi таңда қаламыздағы мемлекеттiк балабақшаларда орыс тiлiнде тәрбиеленiп жатқан балалардың саны 15 мың 343 болса, қазақша тәрбие алатын балалардың саны 30 мың 162-ге жетiп, алдыңғыларынан екi есеге асып түстi. Бұл – «Қазақстанның болашағы – қазақ тiлiнде» деген сөздiң тағы бiр дәлелi.

Алматы қаласында жыл сайын қазақ тiлiнде оқытатын мектептердiң саны ұлғаюда. Тек 2013 жылы ғана әрқайсысы 1200 орынға арналған 4 жаңа қазақ мектебi пайдалануға берiлдi. Жаңа оқу жылының басында «Алғабас» шағынауданында тағы бiр қазақ тiлiнде оқытатын мектеп ашылды. Былтырғы 2012 жылмен салыстырғанда қазақ тiлiнде оқытатын мектептердiң саны биыл 5-еуге артты. Алматы қаласы бойынша бүгiнде 186 мектеп бар. Қазақ мектептерiнiң саны қазiр 60-қа жеттi. Жыл сайын орта есеппен 4-5 жаңа мектеп қазақша ашылып келедi. Қазiр қаладағы 58 аралас мектептi бiртiндеп, қазақ тiлiне көшiру жоспары бар. Бұл жұмыс жоспарлы түрде жүргiзiлуде.

Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары қаламызда қазақша оқитын балалар саны бар-жоғы 8 мың ғана болатын. Өткен жылы 71 мыңдай оқушы қазақ тiлiнде оқыған болса, биылдың өзiнде 74 мыңға жетiп, 3 мың балаға көбейiп отыр.

Алматы қаласының жалпы орта бiлiм мекеме­лерiнде қазақ тiлiн меңгеруге ерекше назар ау­дарылуда. Елiмiз бойынша тек Алматы қаласында ғана қазақ тiлiнде оқытатын мектептерде қазақ тiлi сабағында сыныптарды екi топқа бөлiп оқыту қарас­тырылған. Оған өткен оқу жылында жергiлiктi бюд­жеттен қосымша 396 млн. 410 мың теңге бөлiндi.

Алматы – жастардың қаласы. Қазiр қаламыздың жоғары оқу орындарында 187 мыңдай студент бiлiм алуда. Солардың жартысынан астамы қазақ топтарында оқиды. Бүгiнгi бiздiң тұрмысымызды, әсiресе, жастардың өмiрiн интернетсiз, әлеуметтiк желiлерсiз елестету мүмкiн емес. Демек, интернеттегi, бұқаралық ақпарат құралдарындағы белсендiлiктi арттыру – тiлдi дамытудың басты шарты және бүгiнгi тiл саясатының ең жанды тұсы деуге болады. Өйткенi, ХХI ғасыр ақпараттық технологияның, былайша айтқанда, «экранның», интернеттiң ғасыры. Сондықтан бiздiң жұмысы­мыздың келешек өрiсi оған тiкелей тәуелдi. Бұл орайда, Алматы қаласы жастарына үлкен жауапкершiлiк жүктеледi. Себебi, елiмiздiң ең бiлiмдi, ең белсендi де iскер жастары бiздiң қаламызда оқиды немесе еңбек етедi, олар қазақ тiлдi мазмұнды қалыптастыратын басты күшке айналуы керек. Айналып келгенде, алматылық жастар ана тiлiн жаңа асқарға көтеруде баршаға үлгi болуы керек. Оған мемлекет бар жағдайды жасап отыр. Тек, жастарға тән жалын, күш-жiгер, туған тiлге, елге деген сүйiспеншiлiк керек.

Қазiргi Қазнет каталогы 6 997 сайттан құралған екен. Солардың iшiнде 617-сi – мемлекеттiк тiлде. Республикадағы бұқаралық ақпарат құралдарының жалпы саны 2 427 болса, олардың 437-сi қазақ тiлiнде. Мiне, осы басталған iстi әрi қарай дамыту үшiн жастардың намыс-жiгерi, бiлiм-бiлiгi, табанды еңбегi керек. Оны бүгiнгi жастар жұмылып жасамаса, ешкiм де сыйға бермейдi. Менiңше, бұл бүгiнгi қазақ жастарының ұлт алдындағы үлкен жауапкершiлiгi болуы керек.

Көрнекi ақпарат және көшелердегi жарнама – үнемi көптiң көкейiнде тұратын өзектi мәселе. Өздерiңiз бiлесiздер, бiз қазiр қаладағы жарна­маларды жөнге келтiрудi қолға алдық. Заңсыз және талапқа сай қойылмаған жарнамалардың барлығы да жойылады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бередi. Сыртқы жарнама және көрнекi ақпарат нысандарын орналастыруға рұқсат алу кезiнде жарнаманың қазақ тiлiндегi нұсқасын тиiстi мемлекеттiк орган тарапынан тексерiп, келiсiм беру тәртiбi белгiлендi. Соған сәйкес орналастыру үшiн әзiрленiп жатқан жарнама эскиздерiнiң мәтiнi алдын ала тексерiлiп, қажет жағдайда тиiстi өзгертулер енгiзiледi. Бұдан тыс Алматы қаласы­ның көшелерiне жүйелi түрде арнайы рейдтер ұйымдастырылып тұрады. Рейд барысында тiл туралы, жарнама туралы заңнама талаптары бұзылған нысандар анықталып, заңмен белгiленген тәртiппен ескерту жасалады және қателiктердi түзету тапсырылады.

Мемлекеттiк тiлдi қолданудың нормативтiк-құқықтық базасын ұдайы жетiлдiрiп отыру, қазақ тiлiн ғылым мен техниканың, ақпарат көздерiнiң тiлiне айналдыру және оны оқыту жүйесiнiң тиiмдiлiгiн үздiксiз арттыру тәрiздi ауқымды iс-шаралар кезегiмен атқарылуда. Жасалып жатқан жұмыс көп, қол жеткiзген нәтижелер аз емес. Алайда бiз мұнымен тоқтап қалмай, бұдан да жаңа жетiстiктер мен жоғары нәтижелерге ұмтыла түсуiмiз қажет.

http://almaty-akshamy.kz/?p=13113