АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ


Отанды, ұлтты, әдебиетті, оның болашағын сүю үшін көп айқайдың керегі жоқ. Тынымсыз, жанашыр, табанды әрекет керек. Шерхан Мұртаза


Мемлекеттік тілде іс жүргізу   •    Мемлекеттік қызмет   •    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл   •    Тіл саясаты   •    БАҚ біз туралы
Жаңалықтар   •    Байқау ережелері   •    Ономастика   •    Әдістемелік көмек   •    Кітапхана   •    Басшы   •   

Сырға толы «Сиқырлы қалам»
Көрсетілім саны: 1149

Сырға толы «Сиқырлы қалам»

    «Түркістан» газеті, http://www.turkystan.kz/page.php?page_id=39&id=8461

    Елімізде «Үш тұғырлы тіл» жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жобаға сай қазақ тілін – мемлекеттік, орыс тілін – ұлтаралық, ағылшын тілін – жаһанданған экономикалық интеграция тілі ретінде дамыту қажет.

   Мемлекеттік тапсырыспен, жаңа технологияларға сай әзірленген жаңа интерактивті оқу-әдістемелік кешенін көпшілікке таныстыру, мектепке дейінгі білім мекемелерінің тиісті мамандарына әдістемелік және техникалық қолдану тәсілдерін көрсету мақсатында «Сиқырлы қалам» жобасының таныстырылымы болды. 
   Мектеп жасына дейінгі балаларға қазақ және ағылшын тілдерін үйрету мақсатында «Сиқырлы қалам» интерактивті оқу-әдістемелік кешені әзірленді. Интерактивті оқу-әдістемелік кешенін «Новое решение» қоры мен Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы бірігіп жасап шығарды. Жобаны іске асыру барысында арнайы кәсіби топ құрылған. Топ құрамына қазақ тілін үйрету өнімінің авторы мен жасаушылары, дизайнер, аниматор, балалар психологы, балалар әндерінің композиторлары мен авторлары, сондай-ақ өнімді жасап шығару бойынша арнайы оқыған техникалық мамандар енгізілді. 
   Бұл инновациялық құрал арқылы балаларға бір мезгілде оқуға, тыңдауға мүмкіндік беріледі. Қаламды арнайы постерге немесе плакатқа тигізгенде суреттерге жан бітіп, бейнелер үлкен экран бетінде сөйлей бастайды. Интерактивті кешенді қолдануда тіл үйрену, оқыту үшін арнайы орын қажет емес. Білім беру мекемелерінде, тіпті үйде де қолдануға ыңғайлы. Жобаның әдістемесі балалардың кешенді тілдік дамуын барынша қамтамасыз етеді. Интерактивті оқу-әдістемелік кешеніндегі тақырыптар әліпбиден басталып, адам өмірінің түрлі саласын айқындайтын 60 сабаққа ұласады. Оның 35 тақырыбы негізгі, 25-і қосымша, қалған 10 сабағы ағылшын тілінде. Барлық тақырыптар баланың тәрбие психологиясы мен дүниетанымын кеңейтуді есепке ала отырып құрылған. Жаңа оқыту бағдарламасы бір жылға есептелген. 
«Сиқырлы қалам» кешенімен жаттық­қан бала қазақ және ағылшын тіліне тән ды­быстардың дұрыс айтылуын, екпінді дұрыс қолдана білуді жеңіл меңгереді. Сөздерді буынға бөлуді, санауды, түстерді ажыратуды, үйренген сөздері арқылы қысқа сөйлемдер, шағын әңгімелер құруды үйренеді. Сөздік қорын молайтып, алғыс айту, өтініш білдіру, құттықтау тәрізді этикет тәртібін орындауға да жаттығады. Қазақ тіліне тән ерекше 9 дыбысты сауатты дыбыстауды үйреніп шығады. Тіл үйрету құралының әдіс-тәсілдері балалардың жас ерекшелігіне сай үйлестірілген. Мамандардың айтуынша, балалар мәліметті алдымен көру арқылы қабылдайды. Суреттерді анимациялық түрде ұсыну баланың қызығушылығын оятып, есте сақтау қабілетін жақсартады. Инновациялық кешен кез келген теледидарға немесе компьютерге қосылады. Сол арқылы балаға танымдық, қызықты бағдарлама тамашалап отырғандай әсер қалдырады. Мұғалімнің жұмысының жеңілдеуіне де біраз септігін тигізеді. 
   Бұл оқу-әдістемелік кешен осыдан 10-20 жыл бұрын пайдаланылған тіл үйрету технологиясынан әлдеқайда озық, әлдеқайда артық, әлдеқайда тиімді. Жаңа тіл үйрету кешенін №9 балалар бақшасы мен «Достар» мектепке дейінгі оқыту-тәрбиелеу орталығындағы 5 пен 6 жас аралығындағы балалар арасында алғаш рет қолданып, қазақ және ағылшын тілдерінің бірнеше ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттері өткізілді. Мұндай жоба Алматы балабақшаларына алғаш рет ұсынылып отыр.

 


Әсел ӘНУАРБЕК