АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ


Тіл – қай халықтың болсын басты белгісі. Шоқан Уәлиханов


Мемлекеттік тілде іс жүргізу   •    Мемлекеттік қызмет   •    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл   •    Тіл саясаты   •    БАҚ біз туралы
Жаңалықтар   •    Байқау ережелері   •    Ономастика   •    Әдістемелік көмек   •    Кітапхана   •    Басшы   •   

Алматыда «Абай оқулары» қалалық байқауы өтті
Көрсетілім саны: 34

Алматыда «Абай оқулары» қалалық байқауы өтті

2017 жылғы 10 қарашада Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасы Алматы қаласы әкімдігінің 2017 жылғы  «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Алматы қаласының 2016-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» қаулысын жүзеге асыру мақсатында және Басқарманың 2017 жылға арналған жоспарына сәйкес «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Абай оқулары»атты қалалық байқау өткізді.

Байқауда 18-25  жас аралығындағы 21 ұлттың өкілі бақ сынасты. Байқаудың басты мақсаты  – Абай шығармашылығын насихаттау арқылы қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне деген өзге ұлт өкілдерінің ықыласын арттыру, жастардың көркем сөз оқу шеберлігін, тіл мәдениетін жетілдіру.

Өзге ұлт өкілдері арасында өткізілген биылғы байқау үш кезең бойынша өтті.

 «Өлең сөздің патшасы» деп аталған алғашқы кезеңде қатысушылар Абайдың білім, ғылым және өнер тақырыптарына өрілген поэзиялық шығармаларын немесе қара сөздерін нақышына келтіріп жатқа оқу арқылы сынға түсті.

 Ал, «Қазақта қара өлеңге дес бермедім» деген атпен өткен екінші кезеңде Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Абай жолы» романынан үзінді оқыды.

«Құлақтан кіріп бойды алар» кезеңінде қатысушылар Абай  әндерін  әуелете орындап, көпшіліктің ризашылығына бөленді.

Байқаудың әділқазылар алқасының құрамында Халықаралық Абай қорының директоры Жұмабек Ашуұлы, М. Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер Институтының «Абай және жаңа дәуір әдебиеті» бөлімінің меңгерушісі Қорабай Серікқазы, «Алматы ақшамы» газеті редакторының 1-орынбасары, ҚР Мәдениет қайраткері Әуелбек Әнуарбек болды. Әділқазы алқа мүшелері қатысушылардың білімін бағалау кезінде олардың тақырыптардың мазмұнын ашу, қазақ тілінде сауатты сөйлеу және мәтіндерді оқу кезінде орфоэпиялық сауаттылығының сапалық деңгейіне баса назар аударды. Ашық дауыс беру арқылы байқаудың жеңімпаздарын анықтады.

Әділқазы алқалары қорытындылай келе, ҚазМҚПУ, филология факультетінің 2 курс студенті Турсуной Улугқызы бірінші орынды иеленді, екінші орынды Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжінің шәкірті Любомила Моисеенко иеленсе, үшінші орынға ҚазМҚПУ студенті Тахмина Юсупжанова ие болды.

Бірінші, екінші, үшінші жүлделі орын алғандарға тиісті дәрежедегі дипломдар мен бағалы сыйлықтар, қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тапсырылды. 

20171110_130327

20171110_104953

20171110_114717

20171110_121355