АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ


Халқына - бегі, бегіне - халқы сенген ел ұзақ жасайды. Күлтегін


Мемлекеттік тілде іс жүргізу   •    Мемлекеттік қызмет   •    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл   •    Тіл саясаты   •    БАҚ біз туралы
Жаңалықтар   •    Байқау ережелері   •    Ономастика   •    Әдістемелік көмек   •    Кітапхана   •    Басшы   •   

ЖАРНАМА КӨП, БІЛІКТІ МАМАН АЗ
Көрсетілім саны: 862

   ЖАРНАМА КӨП, БІЛІКТІ МАМАН АЗ

Кеңестік кезеңде ұзақ жыл бойы қордаланып қалған мәселенің бірі ономастика саласында көрініс тауып отыр.

Сол кезеңде жүргізілген саясат негізінде кент, ауыл мен көше атауларының партия мен кеңес ардагерлерінің есімімен аталып кетуінен әлі күнге арыла алмай отырғанымызды жасыруға болмайды. Мұндай ескілік сарқыншағын үлкен мәдениет орталығы болып табылатын Алматы қаласының тыныс-тіршілігінен де аңғаруға болады. Алматы қаласы аумағының жиі-жиі өзгеріске ұшырауы, көрші облыс жері есебінен шекарасының ұлғаюы қаланың ономастикалық ахуалының күрделене түсуіне әсер етіп отыр. Қазіргі Алматы қаласының ономастикалық жағдайы, бұл саладағы қордаланған мәселерді шешу жолдары мен алда тұрған міндеттер туралы білу мақсатында Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Мамай АХЕТОВКЕ жолығып, әңгімелескен едік. 

– Соңғы жылдары қабылданған ономастика туралы заңнамалардың басты ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
– Әңгіме осы саладағы жұмыстарды реттейтін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және Қазақстан Республикасы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңдарын іске асыру мақсатында қабылданған Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 «Әкімшілік аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» қаулысы жөнінде болып отыр ғой. 
2013 жылғы 21 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес ономастика мәселесі Қазақстан Республикасының өзге де құқықтық, заңнамалық актілері қабыл­данған. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Үкіметі арнайы қаулы қабылдады. Қазір еліміз бойынша ономастикалық жұмыстарға мораторий жарияланған. Оның себебі, елімізде оно­мастика мәселесінде көптеген келең­сіздіктер орын алды. Жергілікті жерлерде көшелерге атау беруде әркім өзіне тарту, тарихта аттары беймәлім жандардан тұлғалар жасау, таныс-тамырлық белең алып кетті. Сол себепті де бұл бағыттағы заңнаманы жетілдіру қажеттілігі туын­даған болатын.
Соңғы қабылданып жатқан заң­дардың басты ерекшелігі – елді мекен­дердің құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру басты назарға алынған. Сол үшін қажетті материалдар қалалық мәслихаттардың тұрақты комиссияларында талқыланып, хаттамамен ресімделеді, кейіннен ескерілген пікір заңнама талаптарына сәйкес тиісті ономастика комиссиясының қарауына ұсынылады.
– Алматы қаласында шағын аудандар мен көшелерге атау берудің тәртібінде өзгерістер бар ма?
– Көшеге атау беру – сол көшеде өмір сүріп жатқан мыңдаған адамдардың тағдырымен тікелей байланысты аса жауапты мәселе.Тұрғындардың кәсіпкер­лік қызметі, күнделікті тіршілігі олардың мекенжайымен тығыз байла­нысып жатады. Сол себепті де көше атауларын бір мезгілде өзгерте салу мүмкін емес. 
 Ол бірнеше кезеңдерден, талқылау­лардан тұрады. Енді елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру мәселесі күннен-күнге күрделеніп келеді. Жо­ғарыда айтқанымыздай, Алматы қаласы ономастика комиссиясының отырысында және қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының тыңдауынан кейін оң шешім алған жағдайда, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанын­дағы Республикалық ономастика комис­сиясына келісім алу үшін жолданады. 
– Ономастикалық құрылымы күрделі Алматы қаласы аумағында атауы жоқ көшелерге атау беру, тарихи тұрғыдан атауы ескірген көшелердің атауын өзгерту, нысандарды атау мен қайта атаудың және олардың атауларының транскрипциясын өзгертуге байланысты нақты қандай шаралар атқарылап жатыр?
– Алдымен жоспарда атауы жоқ көшелерге атау беру, кейіннен атаулары қайталанатын, тарихи тұрғыдан ескірген көшелерге атау беру секілді жұмыстарды атқаруға тура келеді. Себебі, қалаға Алматы облысынан көптеген аумақтардың енуіне байланысты Алматының орталығында орналасқан көшелермен аттас көшелер көптеп кезігеді. Осы мәселе тиісті аумақ тұрғындары мен әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелерге қиындықтар туғызады. 
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 14 ақпандағы №138 «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау туралы» қаулысының басты ерекшелігі мен жаңалығы да – осындай жетістікке қол жеткізу. 
Алматы қаласында бұрын 6 аудан мен 110 шағынаудан және 1848 көше бар болатын. Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде Алматы қаласының аумағында 573 көшенің атауы өзгертілді. Ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап қала іргесіндегі ауылдар мен кенттердің қосылуына байланысты 165 көше атауларының қайталанатыны анықталған. Ленин, Комсомол, Пионер, Коммунар сияқты 50 көшенің атауы тарихи тұрғыдан ескірген. Интернет беттерінде және жеке тұлғалар жасаған қала карталарында көшелердің атау­ларына қатысты жансақтықтар кездеседі. 2013 жылы Алматы қаласының әкімдігі «Алматы қаласының көшелері анықтамалығын» басып шығарды. Осы кітапта көшелерге қатысты қажетті деректер толық қамтылған. Бұл деректер сол кезеңге дейінгі мәселені қамтитын.
Алматы қаласына Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес облыс аумағынан 2011 жылы – 1330,25 гектар, 2012 жылы – 11920,93 гектар, 2014 жылы – 23200 гектар жер қосылды. Жалпы, соңғы 5 жылда қала аумағы 36451 гектарға ұлғайды. 
Осы қосылған аумақтардағы 30 елді мекен қала территориясына кірді. Жаңадан Алатау, Наурызбай аудандары пайда болды. Алдын ала зерттеулерге сәйкес жаңадан қосылған 30 елдімекенде 407 көшенің бар екені анықталды. Солардың ішінен 309 көше атауының қайталанатыны белгілі болып отыр. Өздеріңіз білесіздер, кеңес дәуірінде орталық көшелердің бәріне де Лениннің атын беретін. Сол сияқты қайталанған атаулар өте көп. Сонымен, бүгінгі таңда Алматы қаласындағы көшелер саны 2500-ге жақындады. 
– Әлеуметтік желілерде атаулары қайталанатын көшелердің тұрғындар мен қонақтарды әуре-сарсаңға салатыны туралы жиі сөз болады. Осы атауы қайталанатын көшелер қашан ретке келтіріледі?
– «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес тиісті комиссиялардың қарауына алдымен атауы жоқ көшелер, атауы қайталанатын көшелер, кейіннен атаулары тарихи тұрғыдан ескірген көшелерге атау беру мәселесі енгізіледі. 
Алматыда Мұхтар Әуезов пен Клочков, Мұстафин атындағы екі-екіден көше, жалпы атауы қайталанатын 165 көше барын жоғарыда айттық. Мұндай көше атауларының қайталануы қала тұрғындары мен қонақтарына қиындықтар тудырары түсінікті. Жедел жәрдем, өрт қауіпсіздігі, полиция мен пошта қызметін көрсетуде көптеген қолбайлауларға тап келеді. М.Мақатаев көшесін іздеп табу сырттан келген қонақтарға оңайға соқпасы анық. Өйткені қазақтың көрнекті ақынының атымен аталатын үш бірдей көше бар. Тоқсаныншы жылдары қаланың орталық Пастер атындағы көше, кейінгі кезде қала аумағына қосылған «Алғабас» шағын-ауданында және Абай елді мекенінде Мақатаев атындағы көше бар. Тіпті, І.Жансүгіров атындағы көше Жетісу ауданындағы бұрынғы Белинский көшесін иеленсе, Әуезов ауданындағы «Тұлпар» шағын ауданында да осы аттас көше бар. Қазақтың ұлы ақыны Абай есімінің халқымызға етене жақын болып кеткенін қаланың үлкен орталық даңғылын айтпағанның өзінде, «Достық» шағынауданында және бір көшеде кезігеді. 
Көктөбенің етегіндегі «Компот» деп аталып кеткен елді мекенде бір көшенің жұп жағы Городская болса, тақ жағы Максимов атауына ие болған. Осы аймақта Мәншүк Мәметова атындағы көше болса, ондай көше атауы қаланың орталығында да бар. Алматыда АЗТМ, Түрксіб ауданында МОПР атауымен аталатын көше атаулары да елдің санасына сіңіп кеткен. 
Талғар мен Қарасай аудандары аумағының есебінен Алматы қаласының жер көлемінің ұлғаюына байланысты атаулары қайталанатын көшелер қатары артып отыр. Кеңестік кезеңде берілген Казахстанская, Новостройка, Новая, Садовая, Строительная, Магистральная, Карьерная атаулары қайталанып келеді. Жаңадан құрылысы жүргізіліп жатқан елді мекендерге атау беруге тура келеді. Міне, осындай өте ауқымды жұмыстарды заман талабына сай орындау міндеті алдымызда тұр.
Қазіргі таңда ономастикалық жұ­мыстарды жүргізу еліміз бойынша уақытша тоқтатылған. Мораторий мерзімі аяқталғаннан кейін белгіленген тәртіпке сәйкес ономастика комиссияларының кезекті отырысына бірінші кезекте атауы жоқ көшелерге атау беру, кейіннен атаулары қайталанатын, тарихи тұрғыдан ескірген көшелерге атау беру мәселелерін кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отырмыз.
– Әңгіме өзегіне айналып отырған ономастика мәселесінің басты ерекшелігінің бірі көшелер мен шағынаудандарға атау беруде жергілікті тұрғындардың пікірі ескерілетіні туралы болса керек. Осы заң талабы Алматы қаласы жағдайында қалай жүзеге асырылып отыр?
– Тиісті аумақ халқының пікірі мәслихаттың тұрақты комиссияларының өткізілген көпшілік тыңдауларының негізінде ескеріліп, хаттамамен ресім­деледі.
Мәслихаттың тұрақты комиссиясы­ның хаттамасы жеті жұмыс күні ішін­де жергілікті атқарушы органдар­дың интернет-ресурстарында орналас­ты­ры­лады және тиісті әкімшілік-аумақтық бір­ліктің аумағында таралатын бұқара­лық ақпарат құралдарында жарияланады. Мәслихаттың тұрақты комиссиясының хаттамасымен ресімделген қаладағы аудандарға, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау, сондай-ақ, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының ескерілген пікірі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес Алматы қаласының ономастика комиссиясының қарауына ұсынылады. Қалалық ономастика комиссиясының хаттамасы Республикалық ономастика комиссиясына келісуге жолданады. Республикалық ономастика комис­сиясымен келісілгеннен кейін Алматы қаласы әкімдігінің және Алматы қаласы мәслихатының бірлескен шешімі шығады.
– Ономастика мәселесіндегі түйткілді тағы қандай мәселелер бар? 
– Егемендік алғалы бері еліміздің аудандары мен қалаларында бұрынғы тарихи атаулары қайтарылды. Оңтүстік өңірлерге қарағанда солтүстік өңірлерде елді мекендер мен көшелердің қазақ­шалануы тым төмен деңгейде еке­ніне көзіміз жетті. Солтүстікпен салыстыр­ғанда, біздің Алматы қаласының ономастикалық жағдайында шешімін таппайтын мәселе жоқ қой деп ойлаймын. Қалай десек те, тәуелсіздіктің артта қалған 25 жылында еліміздің ономастикасы кеңестік дәуірдегі шырмаудан толық құтылып кетпегенін көріп-біліп жүрміз. Еліміздің үлкен мәдениет ошағы – Алматының ономастикалық ахуалын сөз ете отырып, көкейде жүрген ойымызды біз де көпшілік талқысына салдық. Бізге тән мәселелердің өзге өңірлерге де ортақ екеніне көз жеткіздік. Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасы шағын аудандар мен көшелердің атауларын өзгерту мен жаңадан атау беру ісінде қала тұрғындарымен және қоғамдық ұйымдармен ақылдаса отырып, елдің талғамы мен ойынан шығатындай дәрежеде қызмет саласын одан әрі жалғастыра беретін болады. 
– Көшедегі жарнама, маңдайша жазулар мен көрнекі ақпараттардың «Тіл туралы» заң талаптарына сәйкес рәсімделуін бақылаудың да маңызы ерекше болса керек. Алматы көшелерінде мәтіні тү­сініксіз, қалай болса солай, қате жазылған жар­намалар, маңдайша жазулар мен әр­түр­лі ақпараттарды кезіктіріп қаламыз. Жар­намадағы жазу­лардың қатесіз, мазмұнының түсінікті болуы үшін Тілдерді дамыту басқар­масының сараптауынан өткізіп алу қажет. Бірақ осы талап әлі күнге дейін жүйелі түрде орындалып келеді деп айта алмаймыз. Неге?
– Жоғарыда айтылған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерінің ономастика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заңының 81-бабында Тіл туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылық мәселесі ерекше қа­рал­­ғанын айтуға тиіспіз. Заң тала­бы бойынша мемлекеттік тілді біл­меу желеуімен жеке және заңды тұлға­лар­дың өтінішін қабылдаудан бас тар­туы он бес айлық есептік көр­сет­кіш есебінде айыппұл салуға әкеп соға­ты­нын, деректемелер мен көрнекті ақ­параттарды орналастыру жөніндегі талаптарды бұзу – ескерту жасауға әкелетіні нақты көрсетілген. 
«Тіл туралы» заң талаптары жарнама, маңдайша жазулар мен ақпараттық хабарламалардағы әріп қателерін қалпына келтіріп, мемлекеттік тілде дұрыс жазылуына ерекше мән берілуіне, көрнекілігін арттыруға ықпал ететін болады. Алматы көшелеріндегі жарнама­лар мен маңдайша жазулар, ақпараттық хабарламаларды заң талаптарына сәйкес қалпына келтіру мәселесі бұрын да талай көтеріліп, көп жағдайда сөз жүзінде қалып келген еді. Ендігі жерде орын алған қателерді арнайы құқық қорғау орындарына жолдау, тиісті шара қолдану мәселесі қолға алынатын болады. Әрине, Алматы қаласы бойынша сыртқы жарнама және көрнекі ақпарат нысандарын ор­наластыруға рұқсат алу кезінде жарнама мәтіндерінің қазақ тіліндегі нұсқасына Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжатттама басқармасының келісімін алу тәртібі белгіленген. Алматы қаласының көшелеріндегі деректемелер мен көрнекі ақпараттарға Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамалары талаптарының орындалуына рейд жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Айталық, 2015 жылы Алматы қала­сындағы әртүрлі жарнама мекемелерінен келісуге 5024 эскиз түсіп, олардағы кемшіліктер мезгілінде түзетіліп отырады. Қаладағы қателіктерді біз ұдайы назарда ұстап, жүйелі рейдтер жүргізіп отырамыз. Рейд барысында Тіл туралы заңнама талаптарын бұзған 1100 нысан анықталып, оларға әдістемелік көмек көрсетіліп отырады.
2016 жылы бүгінге дейін Алматы қаласындағы әртүрлі жарнама мекеме­лерінен келісуге 2 мыңға жуық эскиздер түскен.
Басқарма тарапынан көрнекі ақ­параттардағы мәтіндердің қатесіз сауатты жазылуын бақылау негізінде шағын және орта бизнес өкілдері мен жарнама агенттіктеріне тегін консультатиялық көмек көрсетілуде.
Жалпы, мыңдаған жарнама ішінде біреуінде қателік кетсе, жұрттың назары сонда болатыны белгілі. Жарнама мәселесіне келгенде, тұрғындардың ашулануына негіз жоқ деп ойлаймын. Қазір бәрі заңмен реттелген. Осымен арнайы айналысып отырған жергілікті орган бар. Қателердің де өзіндік бірнеше себебі бар: ең алдымен, бізде жарнама мамандары жетіспейді. Сол мамандарды даярлайтын уақыт жетті деп ойлаймын. Жекелеген адамдар өз өнімдерін өздері жарнамалап қояды. Олардың жарнамасында қате кеткенін көрсек, ескерту береміз. Ол үдерiс жөнге қойылғанша, едәуір уақыт өтеді. Жарнамалардағы, көрнекі ақпараттар мен жол көрсеткіштеріндегі қателерді анықтау үшін арнайы мамандарымыз қолдарына фотоаппараттарын ұстап, көшеде жүреді. Қай жерде қате жарнама бар, соны түзетуге атсалысады. Алматы қаласы әкімдігінің жанынан құрылған «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының мамандары осы жарнамаға жауапты. Көрнекі ақпарат құралдары бірнеше салаға бөлінеді. Олардың арасында жол көрсеткіштері бар. Одан кейін маңдайша жазулары бар. Әрбір дүкеннің, асхана, мейрамханалардың маңдайшаларындағы жазуларға меншік иесі жауап береді. Маңдайшадағы жазулар қате ілінсе, оған ескерту беріледі. Ондай ескертулерге құлақ аспаған жағдайда, 50 айлық көрсеткішке дейін айыппұл салуға құқымыз бар. Қазір қоғам тарапынан түсіністік бар. Қателерді тез реттеуге тырысады. Бұл күнделікті үдеріске айналған. Жарнама агенттіктерімен де тікелей байланысып, оларға тіл тұрғысынан көмектесіп отырамыз. Олар да жүргізіліп отырған саясатты құптап, қолдап отыр. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, қоғамдық ұйымдар да жиі көмектесіп отырады. Алматы алып мегополис болғаннан кейін, негізгі жарнама көздері де осында ілінеді. Бірақ мамандардың аздығы, олардың әлеуетінің шектеулілігі күн өткен сайын айқындалып келеді. Мәселен, әлемдік брендтер өнімдерінің орысша-ағылшынша жарнамаларын жасауға тұтас бір команда жұмыс істейді. Олар адам санасын еріксіз жадылайтын сауатты жарнаманың болуын қамтамасыз етеді. Дайын өнім бізге келген соң, ортаңқол аудармашының қолына түседі. Ол қолына сөздікті алады да, сонымен аударады. Қате екенін айтып, пікір айтсаңыз, сөздікті алдыңызға тосады. Оған не дейсіз? Қазір жарнамасыз газет жоқ, жарнамасыз телеарна жоқ. Бірақ сауатты мамандар жоқтың қасы. Жарнама мамандарын дайындауда біз әлі де кенже қалып отырмыз. Жарнама дегеніміз – өте нәзік сала. Бұл тікелей басқарманың немесе мемлекеттің кінәсі деп айтуға болмайды, бұл – мамандарға келіп тірелетін дүние. Сондай-ақ, өнім иелерінің, жарнама берушілердің де ойланар кезі келді. Мұны қоғам болып, жұмыла көтеруіміз керек. 
– Жыл сайын тілді дамытуға елеулі қаржы бөлінеді. Тіл басқармасы осы салада қандай жұмыстар атқаруда? 
– Бүгінгі таңда Мемлекеттік тіл өзінің заңды мәртебесіне орнықты. Елбасы Н.Назарбаев айтулы жиындардың ешқай­сысында да тіл мәселесін назардан тыс қалдырған емес. Бұл – біз үшін үлкен қолдау. Ономастика мен жарнамалардан бөлек қазір біз бірнеше бағытта жұмысымызды жүргізіп отырмыз. Ең алдымен, атқарушы органдардағы мемлекеттік тілдегі құжат­тардың айналымын қадағалаймыз. Екінші бағытымыз – осы шаруаны іске асыратын мемлекеттік қызметкерлерді қазақ және ағылшын тілдеріне оқытуды жүзеге асырамыз. Ағылшын тілін білу – күн өткен сайын заманның басты талабына айналып келеді. Қазір жергілікті бюджет есебінен мемлекеттік қызметкерлерге ағылшын тілі курстары ұйымдастырылған.Үшінші бағытымыз – түрлі этно-мәдени орталықтармен бірге олардың Конституцияда айқындалған ана тілдерін және мемлекеттік тілді оқыту жұмыстарын атқарамыз. Төртіншіден, тілді үйренгісі келетін әлеуметтік жағынан қорғалмаған қоғам мүшелерін, зейнеткерлерді, мүгедектер мен басқа да қала тұрғындарын біз жүйелі оқытып келеміз. Бұлардан тыс тіл саясатын, халықтар достығын насихаттайтын ондаған шараларды өткіземіз. Тіл мәселесі кейінге ысыруға да, бір күнде жасап тастауға да келмейтін, тақуаның Құдайға құлшылығы секілді күнделікті қара жұмыс қой. Алматы – жастардың қаласы. Қаладағы барлық жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесіп, олардың сауалдарына жауап беруге тырысамыз. Осының бәрі тіл басқармасының күнделікті айналысып отырған шаруалары. 

24.06.2016

Гүлзина БЕКТАС

http://aikyn.kz/ru/articles/show/25658-zharnama_k_p_b_l_kt_maman_az