АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ


Ел үшін аянба – ерлігіңе сын, жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын. Бауыржан Момышұлы


Мемлекеттік тілде іс жүргізу   •    Мемлекеттік қызмет   •    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл   •    Тіл саясаты   •    БАҚ біз туралы
Жаңалықтар   •    Байқау ережелері   •    Ономастика   •    Әдістемелік көмек   •    Кітапхана   •    Басшы   •   

Алматыдағы алғашқы сауда орны
Көрсетілім саны: 1231

  Алматыдағы алғашқы сауда орны

Саудагерлер алаңы 1875 жылы пайда болып, қазіргі қайнаған Көк базарға айналғанын мұрағат деректері дәлелдейді. Адамзат тіршілігінде сауда қарым-қа­тынасы ерекше орын алған. Күнделікті тұрмыста қажеттісін базардан іздеу – қа­лыптасқан дағды. Темір ұсталары, тері-тер­сек өңдеуші ұсақ кәсіпшілер, тоқыма бұйым­дарын жасаушылар тауарларын ба­зарға шығарады. Алматыдағы  Жібек жолы көшесіндегі Көк базардың орны көне ша­һардағы алғашқы сауда орны болғанын  тари­хшылар жоққа шығармайды, мұрағат­тарда оны дәлелдейтін деректер де жетер­лік.

Алғашында «Саудагерлер алаңы» деп аталған көне Алматыдағы  сауда орнына  Орта Азияның түкпір-түкпірінен көпестер мен саудагерлер ағылып келген. Тіпті, әлем­дегі ірі шай жасайтын фирма иелері де өнім­дерін осында шығаратын болған. «Сау­дагерлер алаңы өлкенің сауда-өнер­кәсіп дамуының кіндігі болумен  қатар, қала құрылыс-сәулет өнерінің орталығы ретінде де ерекшеленеді», – деп жазды өлке­танушы Владимир Проскурин өзінің «Алматы тарихының очеркі» атты кіта­бында. Сауда қатарлары мен тас сөрелер, саудагерлер намаз алдында дәрет алатын ағын сулы арық құрылысын жобалаған 1863 жылы поляк көтерілісіне қатысқаны  үшін Қазақстанға жер аударылған сәу­летші Ян Поклевский еді. Саудагерлер алаңын әрлеуге қатысқан  талантты сәу­летшінің бірі, шыққан тегі жағынан  фран­цуз болып келетін Верныйдың алғашқы қала құрылысшысы Поль Гурдэ болды.

Саудагерлер алаңы – қай кезде де адам аяғы үзілмейтін орын болды.  Содан да болар, қаржысы бар кәсіпкерлер бұл маң­нан қонақ үй, дүкен мен асхана жайын салуға  асықты. Көне қаладағы «ХХ ғасыр» аталатын алғашқы кинотеатр да осы жер­ден ашылды. Сауда алаңынан басталатын Құлжа (қазіргі М. Мақатаев), Сауда (Жібек жолы) және Первогильдейская (Зенков)  көшелері пайда болды.

Сауда орнының Көк базар  аталу себебі, бұл жерде жыл маусымының барлық ке­зеңінде исі бұрқыраған бақша дақылдары­ның молынан  әкелінуі, сауда сөрелерінің сәнін келтіруінен еді. Көк базар келушілерді жеміс-жидектің, көкеніс түрлерінің  мол­дығымен, тауда өсетін жемістер, ең басты­сы, қызыл, күрең, дәмі тіл үйірген алма­сы­мен қарсы алатын.  Жазушы Юрий Дом­бров­ский өзінің «Факультет ненужных вещей» аты романында «Алғашқы көр­генде иінтірескен адамдардың құжынаған алаңы сияқты болып көрінеді. Былайша зер салып қарағанда, ақылға салып ойлап- пішілген, мақсатты тірі организм екеніне көз жет­кізесіз. Бұл жерде бәрі өз орнын тауып орналасқан. Бақша өсірушілер  базардың бір бөлігін тұрақты иеленіп алған. Ал, бір шетте мініс көліктері – ат пен түйе, есек, жүк  артатын арбалар. Мұнда жүк­шілер де көп. Олар қауын-қарбыз, өзге де тауар тасып жүр. Қауын-қарбыздың нешеме түрі – торлама, шұбар-ала, сары-ала, үлкен-кішісі жетерлік. Сатушылар қауын-қарбы­зының дәмділігін мақтап, келушілердің көзін қыздырады. Үлкен қарбыздың бүйі­рін пышақпен ойып, қып-қызыл түсін көр­сетсе, қауынды тіліктеп, дәмін татып көруге шақырады» деп жазады.

Әсіресе, көздің жауын алған ірі-ірі  апорт алмалар сырттан келген жат жұрт­тықтардың  әуесін келтірді. Алматының алмасымен аты шыққанын білетін олар бұл дақыл түріне ерекше ілтипатпен қарайды. Сауда алаңының екінші жағы биік қабыр­ғамен  тұйықталады. Бұл – пошта жайы. Осы поштадан  атақты Алматының апорты жан-жаққа  жөнелтіліп жатты.

1887 жылы Саудагерлер алаңы жер сілкінісінен қатты зардап шекті. Осы тарихи оқиғадан кейін қала сәулетшісі Поль Гурдэ дәулетті қала  тұрғындарының қаржысымен  Колпаковский  даңғылы (қазіргі Достық) бойынан жаңа шіркеудің құрылысын бастады. Бұл жер 1927 жылы Көк базардың орны сүріліп, жаңа құры­лысы басталғанша қалалықтар мен  қонақ­тардың жиі келетін  орнына айналды.

1975 жылы Көк базардың орны  тегіс­теліп, үлкен сауда кешені бой көтерді. Құ­ры­лысы тек бетон мен темір, әйнектен  тұр­ғызылып, 1720 орынға  лайықталған сауда орны жеміс-жидек, бақша  өнімдері­мен толықтырылып, алматылықтардың жиі келетін орнына айналды.

Бүгінгі таңда Алматының басты базары жұмысын тоқтаспастан қайта жаңартылу үстінде. М.Мақатаев көшесі жағынан сауда орнының  20 мың шаршы  метр алаңды алатын жаңа жайы бой  көтеретін  болады. Ғимараттың сыртқы келбеті де таяу уақытта  адам танымастай өзгереді. Оның төңірегі заңсыз жұмыс істейтін қара базардан арылып, мың орындық көлік тұрағы бой көтеретін болады.

Алматының Көк базары – ұрпақтар сабақтастығымен  тығыз байланысты, та­ри­хы терең, Ұлы Жібек жолының бойында ертеден қалыптасқан  дәстүрін жалғас­тырып келе жатқан байырғы сауда орны болып табылады. 

Безымянный Безымянн

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

http://almaty-akshamy.kz/2015/09/09/%D0%B0%D0%BB%D0%BC%D0%B0%D1%82%D1%8B%D0%B4%D0%B0%D2%93%D1%8B-%D0%B0%D0%BB%D2%93%D0%B0%D1%88%D2%9B%D1%8B-%D1%81%D0%B0%D1%83%D0%B4%D0%B0-%D0%BE%D1%80%D0%BD%D1%8B/