АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ


Өз алдына ел болуға өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауымыз тиіспіз. Ахмет Байтұрсынов


Мемлекеттік тілде іс жүргізу   •    Мемлекеттік қызмет   •    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл   •    Тіл саясаты   •    БАҚ біз туралы
Жаңалықтар   •    Байқау ережелері   •    Ономастика   •    Әдістемелік көмек   •    Кітапхана   •    Басшы   •   

Бірегей құндылығымызды қастерлейік
Көрсетілім саны: 1191

Бірегей құндылығымызды қастерлейік

Қазақ халқы қашаннан өзіне тән ұлттық ерекшеліктері мен құнды­лық­тарының құнын түсірмей ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғап, бүгінгі заманымызға жеткізді. Баба­лардан мирас болған осы бірегей болмысымыздың бүлдіргесін бүл­дір­мей, құндылығымызды қадірлеу біздің қаперден шығармауға тисті қағи­даларымыздың бірі екені сөзсіз.
Түркілік тамырымыздан тарап, қанымызда қалған қазақы қасиет­теріміз, дін исламмен тоқайласқан дәс­түрлі дағдыларымыз бен тілі­міз – тіршілігіміздің тынысы әрі құр­мет тұтарлық тұғырымыз. Енді осы тұғырымызды тұмандатпай, тұмша­ламай, тұнығымызды лайламауымыз лазым. Сол лазымдардың ішіндегі «лауазымы биігі» тіл десек, теріс болмас. Өйткені, ұлтты ұйытар ұлағаттардың ұлысы – тіл. Әлбетте, қазақ тілі.

«Байырғы баба тілім – ана тілім,

Ана тілім – абырой табатыным.

Ана тілім – арысқа салатыным,

Ана тілім – серпіні қанатымның»,

– демекші, бабаларымыздың бай мұраларының абыройлысы да, қайбір халықтың тілімен салыстырып, арысқа салсаң алып ұратыны да, тұғырлысы және туы биігі де осы тіліміз десек, талас туа қоймас!

«Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген», – деп Жұбан Молдағалиев ағамыз жырлағандай, тарихта талай тобырға тап болып, тоналса да мың өліп, мың тірілген қазақтың тамырына балта шапқысы келетін кейбір күштердің көксегені бола қоймады. Себебі, қазақты ұлт ретінде жо­йылып кетуден қорғайтын құрыш қамалы – тілі мен діні, дәстүрі сынды құндылықтары тұрғанда қазақ қашанда қазақ болып қала бермек. Ғасырлар бойы іргетасы тапжылмастай қаланған қазақ қамалын ешкімнің еншілей алмасы анық. Демек, гәп өзімізде. Тек, өз қамалымызды өзіміз қиратпасақ болғаны.

Бұлай деуіміздің де белгілі себеп­тері бар. Өз ішімізде қазақ тілі десе кежегесі кері тартып тұратын керауыз­дардың кердеңдеп жүргені жүйкемізді жұқартып-ақ жіберді. Дінімізді де додыратып, топ-топқа бөліп, тобырға айналдырғысы келетін кеселдерге де күнде куәміз. Дін демекші, ислам діні­нің даламызға дендей кіруіне орай, тіліміздің де шұрайы артып, өрісі кеңейгеніне тарих куә. Тіл мамандарының зерттеуіне зер салсақ, араб, парсылардан дінмен бірге он сегіз мыңнан аса сөз тіліміздің қорын толтырыпты. Міне, осындай хақ дінмен біте қайнасқан бай да байырғы баба тілімізді менсінбейтін дүбәраларға қарап қарның ашады.
Тіл – ұлттың келешегі. Тіл жо­йылса, сол тілді тұтынушы ұлт та жойылғаны. Ал бір ұлттың жойылуы адамзат өркениетінің өрісі тарылып, тынысы тұншыққаны. Ендеше, сол өркениеттің өзегінде өзіндік орны бар қазақтай халықтың тілін сақтау – адамзат мәдениетінің жауһарын сақтау деген сөз. Қазақ тілін сақтау – ата-баба аманатын сақтау деген сөз. Қазақтың тілін сақтау – Алла тағаланың әміріне итағат қылу деген сөз.

Алла тағала қасиетті Құранда: «…Сон­дай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шы­нында, Алла алдында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», – дейді («Хұжрат» сүресі, 13-аят). Иә, Алла тағаланың өзі адамзатты рулар мен ұлттарға бөліп жаратыпты. Ал сол ұлтты қалыптастыратын басты фактор тіл екенін білеміз. Олай болса, сол тілді сақтауға тырыспаудың өзі – Алла тағаланың жаратылысын жоққа шығару деген сөз. Жаратушының жаратқанын жоққа шығару, шын мәнінде, Алла тағалаға қарсы келу. Ал Алла тағалаға қарсы келіп, тегін білмей тәңіріне тепеңдеу – ібілістің ізіне еріп, шайтанның шырмауына шатылу болмақ. Алла тағала: «Сақтансаң – сақ­таймын!» – деген. Сақ болайық!

Бірлік ТОҚАЙ,

Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқарманың бас маманы.

«Егемен Қазақстан»

http://egemen.kz/2015/07/29/71414