АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ


Қазақстан Тәуелсіздігінің болашағы үшін, өсіп-өркендеуі үшін, нығаюы үшін қазақтың – өзіміздің ұлттық бірлігіміз керек. Нұрсұлтан Назарбаев


Мемлекеттік тілде іс жүргізу   •    Мемлекеттік қызмет   •    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл   •    Тіл саясаты   •    БАҚ біз туралы
Жаңалықтар   •    Байқау ережелері   •    Ономастика   •    Әдістемелік көмек   •    Кітапхана   •    Басшы   •   

IРI ҚАЛАНЫҢ IСI ДЕ IРI
Көрсетілім саны: 2075

Алматы ақшамы

05.11.2013

 вввввввввввввввввввввввмвмвм

«Алматы ақшамының» өткен санында хабарлағанымыздай, жұма күнi Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов Астана қаласындағы Президент жанындағы Орталық коммуникация қызметiнде бұқаралық ақпарат өкiлдерi үшiн баспасөз мәслихатын өткiздi. Шынын айту керек, Ахметжан Смағұлұлы журналистермен кездесуге көтерiңкi көңiл-күймен келдi. 6йтпегенде ше, Алматы қаласының соңғы жылдардағы әлеуметтiк-экономикалық дамуы көңiл көншiтедi. Бұл ретте мегаполис елiмiздегi өңiрлер арасында көш басында тұрғандығы бәрiмiзге белгiлi. Мысалы, ҚР Статистика жөнiндегi агенттiгiнiң былтырғы жыл бойынша жасаған рейтингi нәтижесiнде Астана, Алматы қалалары мен Атырау облысы елiмiздегi өңiрлер арасында көш тiзгiнiн ұстап тұрғанын келтiрген. Сол сияқты биыл да Алматының даму қарқыны жоғары. Мұны жақында ғана қала әкiмiн қабылдаған Елбасымыз да «Алматы – елiмiздегi өңiрлер арасында алда келедi» деп атап өткен болатын. Мiне, сондықтан да Алматы қаласының басшысы Ахметжан Есiмов шаһардың бүгiнгi тыныс-тiршiлiгi, даму қарқыны бойынша жан-жақты және емен-жарқын әңгiме қозғады. Оның үстiне өткен аптада Минскiде өткен ТМД мемлекеттерi басшыларының саммитiнде Алматы қаласы 2014 жылы Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының мәдени астанасы болып жарияланғандықтан, журналистер қауымы да Ахметжан Есiмовтiң әрбiр сөзiн қызығушылықпен тыңдады.

АЛМАТЫ – ӨМIР СҮРУГЕ ҚОЛАЙЛЫ МЕГАПОЛИС

   Әуелгi сөздi Ахметжан Смағұлұлы қаланың экономикалық даму қарқынынан бастады. Бұл ретте шаһардың тыныс-тiршiлiгiн, атқарылып жатқан жұмыстарын, бүкiл әлеуетiн жатқа бiлетiн қала әкiмi көп санды баяндамасын қағазға қарамай айтып шықты. Бұның бастысы, елiмiздiң ең iрi қаласы өнеркәсiптiк өндiрiс ауқымы бойынша республика аумақтары iшiнде көш бастап келе жатқанын атап айтты. Осы орайда мегаполисте шағын және орта кәсiпкерлiктiң дамуына айрықша қолдау-көмек көрсетiлiп тұрады. Сондықтан Алматы қаласының республикалық бюджетке қосатын үлесi шамамен 28 пайызды құрайды, iшкi өнiмнiң 20 пайызын бередi.

  Әрине, мұның бәрi Алматы қаласы тұрғындарының әл- ауқатына оң әсер етерi сөзсiз. Сондықтан да шаһар басшысы «Алматы – өмiр сүру үшiн қолайлы мегаполиске айналып келедi» деген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзiн еске салып өттi. Бұған шаһарда атқарылып жатқан қарқынды жұмыстар ықпал етiп жатқанын аңғарту мақсатында қала әкiмi Ахметжан Есiмов одан әрi Алматы қаласының негiзгi экономикалық көрсеткiштерi және қала дамуының болашақта қолға алатын жұмыстары жайлы айтып бердi.

– Өткен жылы Алматы қаласының Жиынтық өңiрлiк өнiмi (ЖӨӨ) 5,6 трлн. теңгенi құрады. Сөйтiп, соның негiзiнде ол Алматы халқының жан басына шаққанда 25 мың доллардан келдi. Ал бұл – Чехия, Польша, Венгрия секiлдi орталықеуропалық елдердiң деңгейiмен бiрдей және Болгария мен Румынияның көрсеткiшiнен айтарлықтай жоғары. Ал ендi бiздiң қаланың ЖӨӨ өзiмiзге көршiлес оңтүстiктегi мемлекеттердiң жиынтық өңiрлiк өнiмiнен бiрнеше есеге асып түседi.

   Осы қарқын үстiмiздегi жылы да жалғасын тапты. Атап айтқанда, биылғы жылы Жиынтық өңiрлiк өнiм (ЖӨӨ) 10- 12 пайызға артып, оның көлемi 6,2-6,3 трлн. теңгеге жетедi деп күтiлуде. Бұл ретте Алматы қаласы қазiр елiмiздiң басты табыс көзi болып саналады. Болжам бойынша, ағымдағы жылы шаһар мемлекеттiк бюджетке 1,3 трлн. теңге түсiредi деп отырмыз. Ал сосын осы түскен табыстың 307 млрд. теңгесi қаланың өз бюджетiне қалдырылуы межеленуде, – дедi шаһар басшысы.

  Әрине, қаланың қазiргiдей дамуында жұмыссыздық мәселесi айтарлықтай рөл атқарады. Сондықтан да бұл мәселеге Ахметжан Есiмов арнайы тоқталып, қалада ресми тiркелген жұмыссыздық қазiр қала халқының экономикалық белсендi бөлiгiнiң 0,2 пайызын құрайтынын атап өте келе, «Биылғы 9 айдағы инфляция деңгейi 102,9 пайызды, орташа айлық еңбекақы – 139 мың теңгенi, жұмыссыздық – 5,6 пайызды құрады. Бiз биыл қалада 18 мың жұмыс орнын құруды жоспарлаған болатынбыз. Жыл басынан бүгiнге дейiн 17,5 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Демек, алға қойған мақсатымыз орындалатын болады», – деп атап өттi қала әкiмi.

   Осылай қазiргi таңда атқарылып жатқан және қаланың iрi жетiстiктерiн атап өткен қала әкiмi Ахметжан Есiмов Алматыда болашақта атқарылатын жұмыстарға мән берiп өттi.

– Бүгiнгi таңда бiзде қала экономикасын дамытудың үш әлеуеттi болашақ бағыттары бар. Соның бiрiншiсi – осыдан бiрнеше жыл бұрын мемлекет басшысының бастамасымен Алматы қаласында «Алатау» ақпараттық инновациялар технологиясы паркi» Еркiн экономикашыл аймағы құрылған болатын. Осыдан екi жыл бұрын соған сәйкес заңға өзгерiстер енгiзiлдi. Осыған байланысты бұл аймақ үшiн арнайы салықтық және кедендiк тәртiп құрылды. Сөйтiп, соңғы жылдары қатысушылар саны төрт есеге дейiн өстi. Әрине, бюджет түсiмi де төрт есеге артты, – дедi қала әкiмi.

  Содан кейiнгi қала басшысы баса атап өткен екiншi бағыт, бұл – Алатау ауданындағы 490 гектар аумақта индустриалды аймақ құру болды. Осыған байланысты Ахметжан Есiмов:

– Бүгiнгi таңда шамамен 20 мыңдай жұмыс орнын құру арқылы 169 тұрақты инвесторлардың тiзiмдерi жасалған. Бұл жоба өнеркәсiптiң үдемелi дамуы үшiн келешекте зор мүмкiндiктер бередi, – дедi. Жалпы алғанда, бұл индустриалды аймақ барлық инженерiк коммуникациялар тартылып, 11 бағыттағы секторды қамтитын таза алаң болмақ. Ал онда кәсiпорындарды орналастыруда ең алдымен экологиялық таза өндiрiске басымдылық берiледi. Және қатысқысы келгендерге аумақтар тендерлiк негiзде бөлiнiп берiледi. Қазiрдiң өзiнде бұл жобаға қатысуға қаламыздағы 180 өнеркәсiптiк кәсiпорын ниет бiлдiрiп отыр. Осы ретте үстiмiздегi жылы инженерлiк инфрақұрылымды салуға 4 млрд. теңгедей қаржы бөлiндi. Сондай-ақ, алдымыздағы жылы тағы 4 млрд. теңге бөлiнуi жоспарланып отыр. Мiне, осы алаңға барлық инженерлiк инфрақұрылым тартылатын болады. Осылай деген шаһар басшысы одан әрi «Еркiн аймақтың құрылуы көптеген мәселелердiң шешiлуiне зор мүмкiндiк бередi. Мысалы, бұл ретте қолданыстағы өндiрiс орындары қала орталығынан шығарылып, Алматыда жалпы өндiрiс көлемi 1,5 есеге көтерiледi деп күтiлуде. Сондай-ақ, ол инвестициялық ресурстар мен озық инновациялық технологиялардың тартылуын, өнеркәсiптiк секторда кәсiби мамандарды дайындау мен пайдалану жүйелерiн құруды да қамтамасыз етедi», – деп атап көрсеттi.

  Содан кейiн қала әкiмi болашақ даму бағыттарының үшiншiсiне де айрықша тоқталып өттi. Бұл орайда Ахметжан Смағұлұлы «Ұлт көшбасшысы өзiнiң Жолдауларында қаланың алдына таудағы туризмдi дамыту мақсаттарын тапсырғандығын» еске салып өттi. Әрине, бұл тұрғыда Алматының мүмкiндiктерi мол екенi белгiлi. Соған орай әкiм бүгiнгi таңда әлемнiң дамыған өркениеттi елдерiнде туризм саласы сол мемлекеттердiң IЖӨ-нiң 10-15 пайызын алатынын келтiрiп, «ал бiзде бұл көрсеткiш өте төмен, тiптi, бiр пайызға да жетпейдi» дедi.

  Сөз арасында Ахметжан Есiмов туризм мәселесiне қайта оралды. Бұл ретте қала әкiмi «туристiк сала жасыл экономиканың бiр бөлiгi болып табылатынын» айта келiп:

– Мемлекет басшысы мегаполистiң айналасында әлемдiк деңгейдегi тау шаңғысы курорттарын құруды тапсырған болатын. Өйткенi, Алматы қаласы Iле Алатауы етегiндегi ғажайып жерге орналасқан. Сондықтан да бұл жерде тау шаңғысы туризмiн дамыту заңды. Осы орайда өте тез арада бiздiң жоспарымыздағы «Көкжайлау» тау шаңғысы курорты арқылы ғана 30 мың жұмыс орнын құруға болады, – деп атап өттi..

  Оған мықты негiз бар. Мысалы, «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты қайта жөндеуден өткен соң, келушiлер саны айтарлықтай өскен. Мысалы, жаяу туристер саны 2010-2011 жылдардан кейiн 196 400 адамға, ал 2012-2013 жылдары 313 300 адамға көбейген. Сондай-ақ, шаңғышылар саны 2010-2011 жылдардағы 43 300 адамнан 2012-2013 жылдары 97 500 адамға артқан. Сонымен қатар, «Көкжайлаудың» флорасы мен фаунасының жойылып кету қаупi бар түрлерiн сақтау үшiн «Экологиялық карта» жасалып, су қоймалары мен басқа да табиғи құндылықтарды қорғауға қатты мән берiлдi.

   Биылғы 8-9 қазанда Алматыда тау шаңғысы курорттары бойынша қысқы туризмнiң жаңа бағыттарын дамыту» атты бiрiншi Еуразиялық конференция өттi. Онда халықаралық жетекшi сарапшылар Алматы өңiрiнде қысқы тау шаңғысы туризмiнiң болашағы зор екенiн мойындады. Бұл «Ақбұлақ», «Табаған», «Шымбұлақ» және Ақсай шатқалдарын бiрiктiру арқылы бiртұтас жүйе керек екенiн бiлдiредi.

   Сондай-ақ, Ахметжан Есiмов өз сөзiнде қаладағы өте өзектi мәселелерге де жан-жақты тоқталып отырды. Мысалы, қала басшысының айтуынша, сонау қаржы дағдарысы басталған 2007 жылы шаһарда 132 тұрғын үй кешенiнде 16 201 үлескер тiркелген болса, бүгiнгi таңда бұл мәселе толықтай дерлiк шешiлген. Бұл ретте 2008 – 2013 жылдар арасында мегаполисте 5157 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 37 421 пәтер пайдаланылуға берiлдi.

  Қалада көп үйлердiң өткен ғасыр басында салынғаны белгiлi. Сондықтан да шаһарда жұртшылықтың жайлы тұруы үшiн бiрқатар бағдарламалар қабылданғанын көзiқарақты оқырмандарымыз жақсы бiледi. Осыған қатысты шаһар басшысы мегаполистегi жетi ауданда «Ескi үй» бағдарламасы аясында бұзылған үйлердiң орнына жалпы саны 2710 пәтер болатын 61 тұрғын үй салынатындығын келтiрдi. Атап өтетiндiгi, бұндай бағдарлама қазiргi кезде тек Алматы қаласында ғана жүзеге асып жатыр екен.

   Ахметжан Есiмов одан әрi қаладағы көлiк мәселесiне де айрықша маңыз бере тоқталып өттi. Бұл салаға қалалық әкiмдiктiң ерекше назар аударатынын шаһар басшысы дәлелдi дәйектермен келтiре отырып, мегаполисте бүгiнде «2012 – 2016 жылдарға арналған Алматы қаласында жолаушылар мен жүктердi автомобильдермен тасымалдауды дамыту бағдарламасы» жүзеге асырылып жатқанын тiлге тиек еттi. Осы орайда әкiм 2011 жылы Алматы метрополитенiнiң бiрiншi кезегi iске қосылғанын еске түсiре келiп, қазiр оның 2-кезегiнiң 1- желiсi құрылысын салу жұмыстары жалғасын тауып жатқанын атап өттi. Және бұл салынып жатқан «Сайран» және «Мәскеу» метростансалары келер жылдың бiрiншi тоқсанында пайдалануға берiлетiнiн құлаққағыс етiп өттi. Осыған байланысты А.Есiмов:

– Осыдан екi жыл бұрын iске қосқан метрополитенмен жүретiн жолаушылар саны ай сайын өсiп келедi. Мысалы, бүгiнде күнiне метрополитен 24 мың жолаушыны тасымалдаса, биылғы өткен тоғыз айда 4,8 млн. жолаушыға қызмет көрсеткен. Сөйтiп, өткен жылмен салыстырғанда метромен жүретiн жолаушылар саны 18 пайызға өскен. Осылай халық қазiр метроға да үйрене бастады. Бiрақ, тағы екi станса iске қосылғанда, оның жүктемесi көтерiлетiнi анық. Өйткенi, олар орталықты жатын аудандармен қосады. Осы ретте қазiр «Мәскеу» мен «Сайран» стансалары арасындағы тоннельдердi қосу жұмыстары жүрiп жатыр.

   Жалпы, қалалық әкiмдiк муниципалды қоғамдық көлiктiң үлесiн көбейту жолына бағыт ұстанған. 2010 жылы желтоқсанда қаладағы алғашқы муниципалды автобус паркi iске қосылып, ол газбен жұмыс iстейтiн қазiргi замандық 200 жаңа автобуспен толықтырылған болатын. Сонымен қатар, биылғы жылы желтоқсанда ашылады деп белгiленген екiншi муниципалды автопарктiң құрылысы бiтуге жақын. Ал ендi үшiншi коммуналдық автопарк үшiн Алатау ауданында жер учаскесi бөлiнген және оның құрылысы 2014 жылы екiншi жартыжылдықта басталады деп жоспарланған. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшiн қала әкiмдiгi 2013 – 2014 жылдары газбен жүретiн тағы 600 автобус алатын болады, – дедi.

   Осылай қаланың көлiк қатынасын реттеу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды атап айтқан әкiм троллейбус паркiнiң жаңартылуына да тоқталды. Бұл ретте Еуропалық қайта құру және даму банкiнiң несиесi есебiнен 195 экологиялық таза троллейбустар сатып әкелiнгенiн тiлге тиек еттi. Сонымен бiрге қалада 17 трамвай вагондары, экспресстiк бағыттар үшiн 4- автобус және таулы бағыттарға арналған 10 автобус сатып алынғанын айтты. Бұдан басқа жергiлiктi бюджет есебiнен қалаға газбен жүретiн 200 такси сатып әкелiнгенiн келтiре кеттi.

   Сөйтiп, осындай жұмыстарды жүргiзу нәтижесiнде биылғы жыл соңында экологиялық таза қоғамдық көлiктердiң үлесi 50 пайызды құрайды екен. Оның үстiне қазiргi таңда жеңiл рельстi көлiк желiсiн салу үшiн де техникалық-экономикалық негiздеме жасалып жатыр. Бұл ретте шет ел тәжiрибесiне сүйене сөйлеген Ахметжан Смағұлұлы жеңiл рельстi көлiк желiсiн тарту үшiн ең кемi 3 – 3,5 жылдай уақыт кететiнiн алға тарта сөйледi. Сосын қала әкiмi көлiк инфрақұрылымын жетiлдiру үшiн қалаға кiреберiсте 2 автостанса мен үш автовокзал салынатынын да айтып өттi. Олар болашақта әрқайсысы 5 мың автомобиль тұратын автотұрақтармен қамтамасыз етiледi екен.

   Баспасөз мәслихаты соңына таман Алматыда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың бүкiл жай-жапсарына дейiн айтып өткен қала әкiмi Ахметжан Есiмов журналистердiң тұс- тұстан жаудырған сұрақтарына сабырлы қалпын сақтап, салиқалы жауап қайтарып отырды.

   Атап айтқанда, алдымен қаладағы шағын және орта кәсiпкерлiк жағдайына тоқталған шаһар басшысы «Қазiр қалада шағын және орта кәсiпкерлiкке айрықша көңiл бөлiнедi» дедi. Бұл үшiн қалада барлық бизнес-ассоциациялардың төрағалары, мемлекеттiк жән құқық қорғау органдарының басшылары кiретiн Iскерлiк кеңес жұмыс iстейдi. Солардың араласуымен көптеген шектеулер мен кедергiлердiң алынып тасталғанын айтқан әкiм одан әрi «2013 жылдың 1 қыркүйегiнде Алматы қаласындағы белсендi шағын және орта кәсiпкерлiкте 374 750 адамды жұмыспен қамтып отырған 103 455 субъектi болды. Олар биылғы 8 айда 1148,8 млрд. теңгенiң өнiмiн шығарған. Осыдан салық төлемдерi ретiнде 399 млрд. 969 млн. теңге түскен. Демек, Алматы қаласындағы шағын және орта кәсiпкерлiк қалалық бюджетке түсетiн түсiмдердiң 64 пайызын берiп отыр» деп атап көрсеттi.

   Содан кейiн Ахметжан Смағұлұлы шаһардағы жолдардың инфрақұрылымына байланысты, соңғы жылдары мегаполисте 26 жолайрығы салынып, 140 шақырым жаңа жол тартылғанын және қала iшiндегi мың шақырымдай жол жөндеуден өткенiн жеткiздi. Бұл ретте ағымдағы жылы қалада жалпы ұзындығы 158,2 шақырымды құрайтын 224 көше, соның iшiнде 21 магистральды көше орташа жөндеуден өткендiгiн келтiрдi.

   Жалпы, баспасөз конференциясында Ахметжан Есiмов қаладағы барлық атқарылып жатқан жұмыстарды қамтуға тырысты. Бұл ретте қала әкiмi шаһардағы электр қуаты, экология, көрiктендiру, ағаш отырғызу секiлдi өзектi мәселелердiң әрқайсысына тоқталып отырды. Осы ретте шаһар басшысының журналистер қойған сұрақтарға дәлме-дәл жауап бергенiн байқадық. Мысалы, қаладағы ең өзектi мәселелердiң бiрi «Барахолка» базарлар желiсiне байланысты да А.Есiмов өз көзқарасын да жасырмады. Бұл ретте әкiм ендi «барахолканың» бұрынғысынша жұмыс iстемейтiнiн, орнына жаңа заманға сай сауда орталықтары бой көтеретiнiн ашық айтты. Тiптi, бұл жұмыстарға кедергi келтiргiсi келетiндердiң айла-шарғысынан да түк шықпайтынын батырып тұрып жеткiздi. Өйткенi, әкiмнiң айтуынша, қала базарларына жүргiзiлген тексерулер нәтижесiнде жабайы базарларда сауда жасайтындардың жұқпалы аурулармен ауыратындары – қаладағы жалпы деңгейден 7 есеге, ал туберкулезбен ауыратындар – 3 есеге асып түседi екен.

   Осыған байланысты өз кезегiнде «Оларда ешқандай жағдай, жарық та, дәретхана да, су да жоқ қой! Ал бұл базарларда жұмыс iстейтiндердiң тек 25 пайызы ғана алматылықтар. Көпшiлiгi, яғни, 50 пайызы – басқа елдерден келгендер. Ал олардың арасында сақалдысы да, сақалсызы да, қысқа шабарлысы да, әртүрлi киiм киетiндерi де бар. Мiне, солармен қатар онда сауда жасап, табыс тауып, өз отбасын асырап отырған қарапайым жандар да бар. Мен бұларды өте жақсы түсiнемiн. Өйткенi, оларға қазiр қиын. Бiрақ, бiз ол адамдарға тиiстi жағдай жасаймыз, жаңа жұмыс орындарын тауып беремiзө» дедi әкiм.

   Әрине, кездесу соңында әкiм журналистерден бұдан басқа да, атап айтқанда, жер сiлкiнiсiне, тұрғын үйдi жаңғырту бағдарламасына, әуежайға байланысты түскен көптеген сұрақтарға жауап бердi. Мысалы, Ахметжан Смағұлұлы Алматыға оқуға келетiн жастарға қатысты «Менiң мәлiметiм бойынша, шаһардағы студенттердiң 76 пайызы – сырттан келетiндер. Бiрақ, қаладағы 250 мың студенттiң жоғары оқу орнын бiтiрген 8 пайызы ғана жұмысқа орналаса алады. Сондықтан да әр өңiр өз «түлектерiн» өздерi жұмысқа орналастыруы керек» дедi.

   Қорыта айтқанда, «үлкен шаһардың жұмысы да көп болады» деген рас екен. Бүкiл елiмiз зер сала қарап отырған Алматы қаласының өсiп-өркендеп келе жатқанын қала басшысының өз аузынан естiген халық көп жайға қаныққандай болды.

 

Құттыбек АЙМАХАН

http://almaty-akshamy.kz/?p=14647