АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ


Қазақтың бас адамдары! Әуелі сіздер адаспаңыздар: адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс етіңдер. Ахмет Байтұрсынұлы


Мемлекеттік тілде іс жүргізу   •    Мемлекеттік қызмет   •    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл   •    Тіл саясаты   •    БАҚ біз туралы
Жаңалықтар   •    Байқау ережелері   •    Ономастика   •    Әдістемелік көмек   •    Кітапхана   •    Басшы   •   

КИЕЛI ҚАЛА АЛМАТЫ
Көрсетілім саны: 2662

Сөз басы 

Қандай да болмасын жұрттың өркениет деңгейi оның мәдени мұраға деген қатысымен өлшенедi. Төл мәдени мұраға деген ықылас-пейiл мен бөгде мәдениеттердiң қымбат сипаттарын керегiнше жатсынбай алып игеру – адами өркениеттiң басты низамы болып табылады. Бабалардан қалған мирас, түптеп келгенде, ұрпақтың жады. Ұрпақтың есiнде, жадында қалса – мәдениеттiң бар болғаны, жоқ болса – ол мәдениеттiң өлгенi. Қандай да болмасын халықтың жүрiп өткен жолы, тарихи тағдыры оның әлеуметтiк жадында сақталады және мәдениеттiң қалыптасуына әсерiн тигiзедi. Мәдениеттiң тарихы уақыттың, заманының жоюшы күшiне қарсы тұратын зейiннiң тарихы. Осыдан бiраз ғана бұрын бiз де осы тарихи соқырлық кезеңiнен өттiк, басқа мәдениеттiң асылын меңгермек түгiлi, өз асылымызға жете алмай қор болдық, ұлттық санамыздан айрылдық. Бұл – бiр емес, бiрнеше ұрпақтың басындағы сұмдық тағдыр едi. Әлемдiк ойдың, шығыстық ойдың, қазақы ойдың қаншама жауһарлары, «гомо советикус» – «совет адамы» деп аталатын ерекше адам нәсiлiн тәрбиелеп шығаруды көздеген большевиктiк билiк тарапынан тыйымға алынды, жасырылып келдi.

Қазақстан егемендi ел болды. Ендi шын мәнiндегi рухани жанданудың, әлемдiк деңгейдегi өркениеттiң алыс-берiс заманы келдi.

Ендi шын танымның қажетi туып отыр. Алайда, бұл үрдiс бүгiнгi өскелең информациялық өркениеттiң талаптарына сай жүргiзiлуi қажет. Бұл тарапта да жаңа мифтерге ұрынбаған абзал. Сонда ғана озған ұрпақтардың рухани мұрасын, тарихи зейiнiмiздi қалыпқа келтiре отырып, қоғамдық дамудың даңғыл жолына шығамыз.

Осы тұрғыдан алғанда тарихи зерделеудiң ең бiр жемiстi бағыты – қала феноменiн зерттеу болып табылады.

Жер бетiнде қалалар қашан пайда болды деген сұраққа ешбiр тарихшы жауап бере алмайды. Себебi, археологияның деректерi бiздiң танымымызды күн сайын жаңартып отырады. Әйтеуiр, қалалар тарихындағы жыл санау ондаған мыңжылдықтардан ары кетiп қалғаны белгiлi. Алайда, адам өзiнiң қаланы жаратушы, қалыптастырушы тұлға... екенiн ғана емес, қаланың да өз кезегiнде адамды тудырушы екенiн, ендi ғана түсiне бастағандай. Қалалардың келбетi көп қырлы. Олар қат-қабат тарихтың жемiсi және сонымен қатар тарихтың сақшылары жинақтаушы-қордалаушы­лары, тарихтың барлық айтулы оқиғаларына қатысқан куәгерлер, адамзат тарихында өшпес iз қалдырған таңбалы адамдар ғұмыр кешкен, солардың табаны тиген қасиеттi орын.

Ұрпақтан-ұрпақ, жұрттан-жұрт ауыстырып, ғасырлар­дан, дәуiрлерден көктей өткен қалалар қанша рет өртенiп, қиратылса да көңнен, күл менен оттан көтерiлiп, қайтадан бой түзеп отырған. Қалалар, келбетiнен айрылса да, сақтаса да үнемi жаңарудың үстiнде, үнемi қажырлы қозғалыста болады.

Қалалар бiр-бiрiне ұқсамағанымен, олардың жүйелеушi мәнi ортақ. Қай қала болсын, ол өз аймағының ұстыны, тоғыз жолы­ның торабы, техникалық, экономикалық, мәдени, әлеуметтiк-саяси арақатынастардың күрделi кешенi. Қалалардың өзiндiк қайталанбас келбетi, өз жүрегi болады. Ал бiз, қалалардың тұрғындары, «бiрден-бiрге келiнер, баяғыдай көрiнер» деп ұлы ақынның айтқанындай, дүниеге келемiз, өсiп-өнемiз, ержетемiз, өз кезегiмiзде дү­ние­ге ұрпақ келтiремiз. Өзiмiздi, «мәскеулiк», «алматылық» немесе «париждiк» деп мақтанышпен айтамыз.

Қаланың пайда болуы – теңдесi жоқ мәндi оқиға, дами келе ол қала үлкен саяси, мәдени орталыққа айналады, жапсарлас отырған халықтардың айтулы тарихи жәдiгер­лерiнде аты жаңғырады...

...Алматы заманында Жетiсудың бас қалаларының бiрi болған, қазақ халқымен бiрге жасасып, басынан даңқты тарих кешкен.

Ұлттық тарихымыздағы Алматының алатын орны ерекше.

ХХ ғасырдың басында Қазақ КСР-ның астанасы болған қала республиканың бүкiл саяси және мәдени өмiрiнiң ұйытқысына айналды. Жаңа астанаға көшкенге дейiн бүкiл басқару органдары осы қалада болды. Қазақстанның ең тағдырлы шешiмi – Мемлекеттiк егемендiк туралы Декларация осы қалада қабылданды. Бiздiң егемендiгiмiздi мойындаған елдердiң алғашқы елшiлерi алғаш осы қалада қабылданды.

Алғашқы университет, алғашқы театр, Ғылым академиясы – осының бәрi Алматы. Егемендi тарихымызда Орталық Азия кеңiстiгiндегi мәдени, саяси, қаржы-экономика көшбасшысы деңгейiне көтерiлiп отырған алып шаһар Алматы Қазақстан егемендiгiнiң, оның ХХI ғасырдағы дамуының символы iспеттес.

Алматының тарихы күнi кешеге дейiн отарлық кiрiптарлық көзқарас тұрғысынан жазылып келдi. Осы уақытқа дейiн, өлкеге орыс әскерлерi келiп Верный бекiнiсiн салды, кейiннен бұл бекiнiс өсе келе бүгiнгi Алматыға айналды деген «тарихи» тұжырым орын алған едi. Алайда, шын тарихи деректер, әркезде Жетiсу топырағын басып өткен саяхатшылар мен керуен тарт­қан саудагерлер, ХIХ ғасырда майор Перемышльский бастаған орыс әскерлерi келмей тұрып-ақ, Алматы қазақ мекендеген көкорай шалғын абат қала болғандығын куәландырады.

Кезiнде әйгiлi шығыстанушы В.В.Бартольд, Орталық Азия қалаларының iшiнде тек Мары, Бұқара мен Самар­қанның ғана тарихы жазуға келедi, себебi, осы аталған қалалар ғана әйгiлi тарихи құжаттарда аталады деген пiкiр айтқан. Бiрақ. кейiннен осы ұланғайыр өлкеден табылған археологиялық заттық деректердiң, тарихи жазба дерек­терден еш кем емес екенiн, құқығы тең жәдiгер екенiн мойын­­даған, тағы да, басқа емес, осы В.В.Бартольд болатын.

Әрине, баяғы көне Алматы, бүгiнгi алып мегаполистiң аңғарына баяғыда жұтылып кеткен. Сондай-ақ, шым-шытырық коммуникация, археологиялық қазба жұмыс­тарын жүргiзуге үлкен кедергi келтiредi. Далалық археоло­гияға қарағанда, қалалық археологияның қолы үнемi байлаулы болады, сол себептi қаладағы қазба жұмыстары кезiнде табылған әрбiр түйiр заттық дерек ерекше бағаға ие.

Бұның сыртында қаланың көне тарихы мен мәдени келбетiн қалыпқа келтiрудiң жолында тұрған тағы бiр үлкен кедергi – бiздiң нигилистiк санамыз, өткенге деген құр­меттiң аздығы. Бiз, немқұрайды, бойкүйез болғанды­ғымыз сондай, «Алматының тарихы 1917 жылғы революция­дан басталады» деген баяғы кеңестiк «тарихқа» сене салғымыз келiп тұрады. Ресейдiң отарлық саясатын, бастан өткен қанды тарихтың тағылымын, барлығын ұмытқымыз келiп тұрады. Сол себептi көне скиф (қаңлы) обаларын, ортаға­сырлық құрылыстарды, қысқасы, «жаңа», «нұрлы өмiрге кедергi келтiрiп тұрған» тарихты көшiрiп жiберуге дайын тұрдық...

Оқырманның назарына ұсынып отырған мақаламыз ХХ ғасырдың алғашқы ширегiн, яғни Алматының алғаш Қазақ КСР-ның астанасы атанған кезеңiн қамтиды. Қолда бар деректерге сүйене отырып Алматының, өткен ғасырдың 90- жылдарына дейiнгi тiршiлiгiн әңгiме етпекпiз.

Ал ықылымға кеткен скиф-қондыгер заманы, одан кейiн хұн, түрiк, Алтын Орда мен Көк Орда заманы, ақыр соңында Қазақ Ордасы кезiндегi Алматының тарихы – ол келер күннiң айтылар хикаясы. Қолымызға жеткiлiктi дәрежеде дерек қордалағаннан кейiн өлкенiң көне тарихы жайындағы толғауымызды оқырманның сарабына ұсынамыз.

 

Советтiк Қазақстанның астанасы

1927 жылдың 28 наурызы мен  3 сәуiрi аралығында өткен Советтердiң бүкiлқазақстандық VI съезi, «республика жұмыс­шыларының қалауы мен ниетiн бiлдiре отырып», КазЦИК пен КазСНК-ның Қазақстан астанасын Қызыл­орда қаласынан Алматы қаласына көшiру жайындағы шешiмiн бекiттi.

Ескi коммунистiк жүйе күйреген себептi халық санасы­нан өше бастаған бұл аббревиатураны қайыра жаңғыртып өтейiк. КазЦИК, орысша – Казахстанский Центральный Испольни­тель­ный Комитет, бұдан былай Қазақстандық Орталық Атқару Комитетi, қысқартқанда – КазОАК.

КазСНК, орысша – Казахстанский Совет Народных Комиссаров – бұдан былай Қазақстандық Халық Комиссарлары Кеңесi, қысқартқанда – ҚазХКК.

Қазақстан астанасын Алматыға көшiру мәселесiн көтерген және бастан-аяқ бағдарлаған Мәскеудегi орталық үкiмет болатын. РСФСР-ның ХКК 1927 жылдың 29 сәуiрi күнгi (яғни «Қазақстан жұмысшыларының тiлегiн қолдап») мәжiлiсiнде «Қазақ Автономиялық Советтiк Социалистiк Республикасының астанасы Қызылордадан Алматыға көшiрiлсiн» деп жарлық шығарды.

Осылайша, аса қысқа тарихи мерзiм iшiнде Алматы Кеңестiк Қазақстанның үшiншi астанасы болып шығады: 1920 жылдың 4 қазаны күнi Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Советтiк Социалистiк Республикасының астанасы етiп Орынбор қаласы жарияланады; 1925 жылдың 6 шiлдесi күнi Мәскеудегi Орталық үкiмет Қазақ Республикасының құрамынан Орынбор қаласын маңайындағы жерлерiмен алып Ресейге беру жайында қаулы қабылдайды. Бiр қызығы, Қаз АКСР Кеңестерiнiң V съезi Орталық үкiметтiң шешiмiнен 2 айдай бұрын осы жаңа астана Қызылордада өткен екен. (Бұл қаланың бұрынғы аттары – Перовск, содан соң – Ақмешiт).

Ресми астананың 7-9 жылдың iшiнде 3 рет ауысты­рылуы, Советтiк қана емес, әлемдiк тарихта аса сирек кездесетiн шетiн құбылыс.

Әрине, астананың бұндай жылдам алмасуының өзiндiк себептерi бар. Ол себептердi жинақтап «Кремльдiң жаһандық саясаты» деген жалғыз ауыз сөзбен белгiлеуге болады. Алға­шында сахарадағы саяси қозғалысты қадағалап, «тыныш­тандыру» керек болды. Орынбор, астана ретiнде бұл мақсатқа өте сай келетiн едi. Содан соң, өлкеде кеңестiк жүйе орнығып нығайғаннан кейiн, ендi республиканың орталығына, оңтүстiкке, Орта Азияның қолқа-жүрегiне қол салу керек болды. Астана Қызыл­ордаға жылжыды. Түрксiб аяқталып, Ташкент пен Орынбордың арасы темiр жолмен айырылмастай болып жалғанғаннан соң, Алматы ендi Қазақстанның аса мәндi стратегиялық және экономикалық орталығына айналды.

Алматы – Iле Алатауының қойнауындағы үлкен ой­мауытқа орналасқан гүлбақша көрiктi қалашық. Маңайында бос жатқан, болашақта игерiлмек ұланғайыр жер. Республиканың жаңа әкiмшiлiк орталығын реконструк­циялауға даңғыл жол ашық едi. Қазақстанның жаңа астанасын абаттандыру, кеңес мемлекетiнiң кезеңдiк ұлы саяси-экономикалық реформаларына сәйкес келдi.

1930 жылдары Алматы республикадағы саяси өмiрдiң қазаны iспеттi едi. Мұнда коммунистiк партияның, кеңестердiң, кәсiподақтар мен комсомолдың түрлi съездерi, сессиялары, активтерi өтiп жатты.

1936 жылдың 5 желтоқсаны күнi Каз АКСР ендi Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасына айналды. 1937 жылдың 20 – 26 наурызы аралығында Қазақ КСР кеңес­терiнiң 10-төтенше съезi болып, сол жерде Қазақ КСР-ның Конституциясы қабылданды.

1937 жылдың 25 сәуiрi күнi ВКП (б) ОК-ның Қазақ өл­ке­лiк ВКП (б)-ның Қазақстан большевиктерiнiң Ком­мунистiк партиясы болып өзгертiлгенi жайында қаулысы жарияланды, осы жылдың 5–12 маусымындла Қазақстан Компартиясының I съезi болды, 2–9 қазаны күндерi Қазақстан Комсомолының I съезi болды. Осылайша Қазақстан мен оның астанасы Алматының дамуы тарихындағы жаңа кезең басталды. 1930 жылдардың екiншi жартысында Кеңес Одағының бүкiл территория­сында мемлекеттiк билiк жүйесi толықтай қалыптасып болды.

Алматының тарихы қайшылықты, ұлы ХХ ғасырдың тағдырын айна-қатесiз бейнеледi. Зобалаң залалды 20-жылдардан кейiн үрейлi, қанды-қасiреттi 30-жылдар келдi. Кеңес Одағының басқа халықтары сияқты қазақ халқы осы кезеңде өзiнiң зиялы қауымының ең мәндi бөлiгiнен айрылды. Бұл фактор, өз кезегiнде, Сталиндiк диктатура­ның бiр орталығы болған Алматының болашақ келбетiне өз сәулесiн түсiрмей қойған жоқ. Бүкiл қазақтың жақсыларын жалмаған, қылмыстық жауапкершiлiкке, тiптi, 12 жастағы балаларды жатқызған (ол балаларға да ату жазасы қолданылған) қорқынышты жарлық­тар осы Алматыда шығарылған.

Сондай-ақ, 1930 жылдары Алматы Кеңес Одағының саяси айыппен репрессияға ұшыраған азаматтарының екiншi отанына айналды. Алматыда әкiмшiлiк аңдуда интернационалистер  Юлиус Фучик, Мате Залка, жазушы­лар Юрий Домбровский, Галина Серебрякова, Анна Нико­льская, суретшiлер Всеволод Теляковский, Сергей Калмыков, ғалымдар Александр Чаянов, Евгений Тарле еңбек еттi.

1996 жылдың қараша айында ұлттың қасiреттi жәдiгерi – «Азалы кiтап» шықты. Осы кiтапта Алматы облысы бойынша ғана 2209 адамның ату жазасына кесiлгенi айтылады. Бұлар – белгiлi мемлекет, қоғам қайраткерлерi, ғалымдар, шығармашыл интеллигенцияның өкiлдерi. Мәйiттердiң көмiлген жерi – Жаңалық поселкесiнiң маңайы. 1938 жылдың 25 қаңтары мен 13 наурызы аралығында күн сайын ондаған адамдар өлiм жазасына кесiлiп жатты. Мысалы, 1938 жылдың 25 қаңтары күнi 39 адам, оның iшiнде Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфен­дияров, Темiрбек Жүргенов, Сейiтқали Меңдешев, Жанайдар Сәдуақасов сияқты адамдар ату жазасына бұйырылды; 26 қаңтар күнi – 37 адам, оның iшiнде Iлияс Жансүгiров, Iлияс Қабылов, Жұмат Шанин және басқалар; 27 қаңтар күнi – 41 адам; 28 қаңтар күнi – 40 адам, осылай 14 наурызға дейiн жалғаса бередi. «Сот мәжiлiстерi» (бұл қанды қырғынды сот мәжiлiсi деп айтуға болатын болса) 15-20 минутқа ғана, тiптi, одан да аз уақытқа созылатын болған. Адал адамдар, болашақта қазақтың елдiгiн нығайтып, қазақ мемлекетiн көркейтетiн азаматтар қолдан қиыстырыла салған арыз бойынша «контрреволюциялық ұйымның мүшелерi», «халық жаулары» атанып, осылай лек-легiмен жойыла берген.

Осы кезде орасан зорлықпен жүргiзiлген коллективтен­дiруге қарсы, ашаршылыққа қарсы шаруалардың көтерiлiсi басталған едi. Дерек көзiне сенсек республикада, сол кезеңде 372 iрiлi-ұсақты көтерiлiс болыпты, ол көтерiлiс­терге 80 мың адам қатысқан екен. Ең шиеленiстi ереуiлдер Алматы облысын­да өтiптi. Әрине, шаруалар қозғалысы қанға батырылды, тұтас ауылдар, өңiрлер қырғынға ұшыратылды. Балқаш, Шоқпар, Iле, Еңбекшiқазақ, Биен-Ақсу, Сарқанд, Жәркент аудандарындағы халықтың денi Қытайға қоныс аударуға мәжбүр болды. Бұл ереуiлге қатысып, туған жерден табанын аудармағандар тегiс өлiм жазасына кесiлген.

Шындығында тоталитарлық жүйенiң жүргiзген бұл шара­­ларының 1916 жылы сахарадағы ұлт-азаттық қозға­лысты жаншуға жiберген патшалық Ресейдiң жазалау экспедиция­сының әрекеттерiнен пәлендей айырмашылығы жоқ едi. Басқа ұранның аясында, басқа тудың астында жүргiзiлген қанды қырғын, кенеусiз зорлық-зомбылық. 1931–1933 жылдар аралығында 6 миллион 200 мың рес­публика тұрғынының 2 миллион 100 мыңы аштан қырыл­ды, 1 миллионнан астам адам Қазақстаннан басқа өлке­лерге қоныс аударды. Қазақтың бұрынғы адам саны арада қырық жылдай уақыт өткенде, 1969 жылы ғана қалпына келдi.

Жылдар өтер, ұрпақтар ауысар, бiрақ, тарихи санамыз бiздi сол үрейлi заманға, қылмысты билiк адам өмiрiн толықтай құнсыздандырып, мән-мағынадан айырған сол үрейлi заманға қайта-қайта алып барып отырар. Қазақстан әлемде ұқсасы жоқ ұланғайыр әлеуметтiк эксперименттiң полигонына айналды. Осы жерде, бiз табанымызбен басып жүрген топырақта «артта қалған халықтарды капитализм­нiң үстiнен қарғытып, социализмге жеткiзу жөнiндегi» тәжiрибе жасалды. Осылайша сахараның ежелден қалыптасқан қалыпты тiршiлiгi жойылды, дәстүр күйредi.

Әкiмшiлiк жүйе, құрылыс және сәулет өнерi

1932 жылдың 10 наурызы күнi Жетiсу өлкесiнiң құрамынан Алматы облысы бөлiнiп шықты. Облыстың жер көлемi 105,1 мың шаршы км. едi. Астана Алматыға көшiрiлгеннен кейiн түбегейлi түрде аумақтық-әкiмшiлiк өзгерiстер орын алды. 1932 жылдың қараша айында «Алматы-1» темiр жол стансасының жанындағы жұмыс­шылар поселкесiнiң негiзiнде Пролетар қалалық әкiмшiлiк-аумақтық ауданы құрылды. ҚазАКСР ОАҚ-ң 1936 жылдың 12 қыркүйегiндегi шешiмiне сәйкес Алматы қаласында төрт аудан құрылды: олар, Пролетар (1938 жылдың сәуiрiнен Каганович ауданы, 1957 жылы Октябрь ауданы, 1995 жылдың 14 желтоқсаны күнi Түрксiб ауданы болып өзгертiлдi), Ленин (1995 жылы Жетiсу ауданы болып өзгертiлдi), Сталин (1957 жылдың 10 наурызы күнi Кеңес ауданы, 1995 жылы Алмалы ауданы болып өзгертiлдi), Фрунзе (1995 жылы Медеу ауданы болып өзгертiлдi) аудандары едi.

Алматы қалалық партия комитетi, қалалық кеңес атқару комитетi, қалалық  кеңестер, партия хатшылары, парторгтар, қалалық комсомол комитетi арқылы жаңа астананың құрылысын, оның сәулетiнiң өркендеуiн, қала тiршiлiгiнiң барлық мәселелерiн басқарып, бағдарлап отырды.

1929-30 ж.ж. үкiмет органдары орналасатын ғимараттар таңдалды, жаңасын салудың жобалары тиянақталды. 1930 жылдың 25 қаңтары күнi 9 жүк, 1 жолаушы вагонынан құралған пойыз «Алматы-1» мен «Алматы-2» стансаларын қосқан темiр жолмен алғаш рет жүрiп өттi. Түркiстан – Сiбiр болат рельс­терiмен Алматыға Сiбiрдiң ағашы, Кузнецкiнiң көмiрi, Оралдың металы, цемент, кiрпiш, құрылыс техникасы үздiксiз жеткiзiлiп жатты.

«Алматы-1» iрi темiр жол торабы Түрксiб кезiнде пайда болған. Бұл жерде 1880 жылдары Ташкент (Райымбек даңғылы) көшесiнiң солтүстiк қапталында ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өңдеп ұқсататын шеберханалар, жеке моншалар (1909 жылы бұл жерге Бас арықтан, ағаштан жасалған су құбыры жүргi­зiлген) және қабырстан (қазақ-орыстың зираты аралас) орын тепкен.

«Алматы-1» темiр жол вокзалының төңiрегiнде Пятилетка Турксиба, Элеваторный (1990 жылдардың басында – Тәштитов к.) Муравьёвка (Федеративная к.), Пролетаровка (Петрозавод­ская к.) Овражный (Стасов к.), Совхозный (Шмидт к.), Долиновский (Гете к.), Октябрьский (Полесская к.), Парижская коммуна сияқты жұмысшы поселкелерi пайда бола бастады.

КСРО ХКК 1935 жылдың 17 ақпаны күнгi қаулысы бойынша Қазақстанның шаруашылығы мен мәдениетiн өркендету жөнiнде үлкен жоба қабылданды. Бұл жоба бойынша Орталық электр стансасының бiрiншi кезегi iске қосылуы керек деп шешiлдi. Сондай-ақ, көшелер мен тротуарларды кеңейтiп, қаланы желектендiру iсiн ары қарай жалғастыру қолға алынды. ҚазАКСР-ның Халық комиссарлары кеңесi Ташкентская (Райымбек) – Бас арық (Головной арык, Абай), Пролетарская (Зенков) – Кордонная (Шагабутдинов) шаршы аумағында бiр қабатты үйлердiң құрылысына тыйым салды, себебi, бұл аумақ қаланың  болашақ мәдени орталығы едi. Қалалық кеңес Ал­матыға арналған үш қабатты тұрғын үйдiң озық жобасына конкурс өткiздi.

Алматының бiрiншi  Бас жобасы (Генеральный план) РКФСР Наркомхозының №1 сәулет-жобалау шеберхана­сында тиянақталған (1936 ж., сәулетшi Н.С. Несистiң басқаруында). Бұл жоба бойынша 1960 жылға қарай қала халқының санын 360 мың адамға жеткiзу көзделген. Қала құрылысын, негiзiнен, солтүстiк пен батыс бағытта, Кiшi Алматы мен Есентай (Весновка) өзендерiнiң арасында жүргiзу жоспарланды.

Қазақстанның құрылысшыларына Мәскеу, Ленинград, Харьков, Киев және басқа қалалардың сәулетшiлерi көмектестi. Айтулы сәулет шеберханаларында, Алматыда салынуға тиiс медицина институты, ауыл шаруашылығы институты, музы­калық техникум, мәдениет сарайы, совет құрылыс институты, университет және тағы басқа ғимараттардың жобалары тиянақталды. Алматыда алғаш рет темiрбетон, күйдiрiлген кiрпiш сияқты төзiмдi материалдардан iрi ғимараттар салына бастады. Мектептер, тұрғын үйлер, өнеркәсiп нысандары тоқтаусыз салынды.

1930 жылдары поселкелiк типтегi бiр қабаттық үйлердiң құрылысы ендi көп пәтерлi, сантехникалық тұрғыдан жабдық­талған үйлердiң құрылысына ауысты.

Айта кететiн нәрсе, ол кезде, адамның барлық қажетiн өтеуге  бағышталған бұндай ерекше үйдiң аты да ерекше, «Тұрғын комбинаты» деп аталыпты. Тұрғын комбинаты – 3 немесе 4 қабатты, көп пәтерлi, суы iшiне кiргiзiлген, кана­ли­­зациясы бар, орталық жылу жүйесiне қосылған үй. Бұндай комбинаттар алғашында қазiргi Қабанбай батыр мен Бөгенбай батыр көшелерiнiң аралығында, Фурманов көшесiнiң бойында салынған. Ал қаланың басқа аудандарында алғашқы бесжыл­дықтардың кезiнде негiзiнен екi қабатты қамыс үйлер салынды.

Бұл кездегi құрылыс, негiзiнен, қазiргi Абылай хан даңғылы мен Пан­филов, Фурманов, Қабанбай батыр көшелерi мен Төле би даңғылының бойын­да жүргiзiлдi. Құрылыс бос жердiң барлы­ғында және қаланың иелiгiне алынған жайылым мен егiстiк жерлерде басталды. Сондай-ақ, үлкен өнеркәсiп орындарының маңайында пайда болған поселкелер қаланың аумағына алынып, жұтылды. Негiзгi қалалық магистраль-даңғылдардың нобайы пайда болды (Сталин даңғылы – кейiннен Абылай хан даңғылы, Арычная – кейiннен Абай даң­ғылы, Узбекская – кейiннен Сейфуллин даң­ғылы, Қапал жолы – кейiннен Сүйiнбай даңғы­лы).

1930 жылдары қаланың жаңа көшелерi, өнер­кәсiптiк және тұрғын аудандары қалып­тана бас­тайды. Бұл тараптағы құрылыс, негiзi­нен, Қарасу мен Есентай өзендерiнiң аралы­ғында жүрiп жатты. Ол кездегi көшелердiң денi жай ғана – «линия» деп аталып, тиiсiнше нөмiр қойылатын болған: 1-линия (қазiр – Л.Мирзоян көшесi), 2-линия (О.Исаев көшесi), 3-линия (Н.Нұрмақов көшесi), 4-линия (А.Әйтиев көшесi), 5-линия (М.Әуезов көшесi).

Қаланың құрылысы солтүстiк бағытта да жылжыды. «70-разъезд» поселкесiнiң орнында Берсиев көшесi, «Горный Гигант» поселкесiнде Затаевич көшесi (1981 жылға дейiн – Лермонтов көшесi), «Алматы-1» темiр жол вокзалының жанында Р.Зорге көшесi, Мұқанов көшесi (1973 жылға дейiн – Пограничная, Садовая, Строительная деп үш рет аты ауыстырылған). Бұл аталған көшелердiң алған орындары ұзақ уақыт ескi Верныйдың батыс шекарасы болып келген, тек соғыстың алдындағы бесжылдықтар кезiнде қайтадан қалыптана бастаған. Чайковский көшесi, бұл да ескi Верныйдың шеткi көшесi едi, оңтүстiкте ол Бас арықты (кейiн Абай даңғылы) қиып өтетiн.

Қаланың орталығы қазiргi Панфилов пен Бөгенбай батыр (алғашында – Командирская және Киров көшелерi) көшелерiнiң қиылысқан жерiнде бой түзедi. Бұл жерге Қазақ КСР-ның Үкiмет үйi орналасты. Мәскеудiң сәулет ұйымы Алматыда салынбақ Үкiмет үйiнiң жобасына Бүкiлодақтық конкурс жариялаған. Конкурсқа жиыны 54 жоба қатысты. Үкiмет үйi 1927 – 1931 жылдары салынды. Жобаның авторлары М.Гинз­бург, Ф.Миллинис. 1958 жылға дейiн бұл ғимаратта ҚазКСР-ның Үкiметi отырды. 1958 – 1982 жылдары аралығында Қазақ университетiнiң оқу корпусы. Қазiр бұл ғимаратта Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы орналасқан.

Оның жанында 1934 жылы Байланыс үйi салынды. Жобаның авторы – сәулетшi Г.Г.Герасимов. Ғимараттың бұрышында курант (алып сағат) орналасқан. Куранттың авторлары – сәулетшi Е.Дятлов, инженер Ю. Скринский. Қазiргi уақытта К.Байсейiтова көшесi жағында сол баяғыдай Баспочтамт орналасқан. Абылай хан даңғылы (бұрынғы Старокладби­щенская, Вокзальная көшелерi, Сталин даңғылы, Коммунистiк даңғылы) жағындағы қанатқа Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерва­ториясының оқу корпусы орналасқан. 1930 – 1934 жыл­дары аралығында Су шаруашылығы министрлiгiнiң (қазiргi Панфилов көшесi), Заң институты (кейiн Совет сауда техникумы; Шевченко/Лагерная – Масаншы/Дунганская көшелерiнiң арасы), Мемлекеттiк банктiң (қазiргi Панфилов көшесi) ғимараттары, «Алатау» кинотеатры (қазiргi Қабанбай батыр көшесi мен Абылай хан даңғылы), «Дом Советов» қонақүйiнiң ғимараттары салынды.

Советтiк авангардистiк сәулет өнерi (Советская авангардистская архитектура) ендi ғана қалыптасып жатқан кезде салынған ғимараттар негiзiнен классикалық архитектураны үлгiге алатын. Сондай ғимараттың бiрi 1931 – 1934 жылдары салын­ған ҚазАССР НКВД-ның Клуб-театры. Бұл театрдың тұрған жерi қазiргi Наурызбай батыр көшесi (бұрынғы Ұзынағаш көшесi, 1991 жылға дейiн Дзер­жинский көшесi)мен Қарасай батыр (бұрынғы Виноградов көшесi) көшесiнiң қиылысқан жерiндегi Қарағайлы сквердiң (Сосновый сквер) бұрышы. Жобаның авторы – сәулетшi И.И.Буровцев. 1930 жылдардың орта тұсында бұнда орыс драма театры мен опера театры орналасқан. Бүгiнде бұл Мемлекеттiк ұйғыр музыка­лық комедия театры.

Қазiргi Төле би (1927 жылға дейiн Гим­назическая көшесi, 1990 жылға дейiн Комсомольская даңғылы) мен Ш.Қалдая­қов (бұрынғы Казначейская, 8 март) көшелерiнiң қиылысындағы Мәдениет үйi 1933 – 1936 жылдары салынған. Жобаның авторлары – сәулетшiлер Д.Фомичев, Е.Цейтц; инженер – В.Райлян. Қазiр ғимаратқа Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттiк филармониясы орналасқан.

1937-1938 ж.ж. қазiргi Абылай хан даңғылы мен Гоголь көшесiнiң қиылысында,  Әйтеке би көшесiнiң бойында алғашқы әкiмшiлiк ғимараттардың ансамблi – «Үш наркомат» ғимараты салынды. Тамақ өнеркәсiбi  Наркома­тының ғимараты (Гоголь көше­сiнiң бұрышында) 1937 жылы салынған. Жобаның авторы – Г.П.Кушна­ренко. 1970 жылдан ғима­ратта Қазақстанның ин­фор­мациялық агенттiгi (ҚазТАГ) отырды. Қазiр бұл «Атамұра» баспасының ғима­раты. Совхоздар Наркома­тының ғимараты (Әйтеке би көшесiнiң бұрышы) 1938 жылы салынды. Жобаның авторы – Г.П.Куш­наренко. Кейiн­нен бұнда ҚР-ның Ұлттық аграрлық iзденiс­терiнiң орталығы орналасты. Қазiргi кезде бұнда халықтық-демократиялық «Нұр-Отан» партиясы­ның Алматы қалалық филиалы орналасқан. Ден­сау­лық сақтау Наркоматы­ның ғи­мараты (екi Наркоматтың ортасында) 1938 жылы салынды. Жобаның авторы – сәулетшi М.Д.Шугал. Кейiннен бұнда «Казтрансгаз» ЖАҚ орна­ласты. Қазiр «Халық банкiнiң» офисi. Ортасындағы әдемi алаңға Кеңес Одағының екi мәрте батыры атағын алған С.Д.Луган­скийдiң бюстi орнатылған әкiмшiлiк ансамбль­дiң төңiрегiнде қаланың орталығы қалыптаса бастады.

ҚазКСР Жоғарғы кеңесi Президиумының ғимараты 1938 жылы салынған (Абылай хан мен Төле би даңғыл­дарының қиылысы). Жобаның авторлары – М.Д.Шугал, В.В.Бирюков; мүсiншi – В.Крошин. 1938 жылдың 15-18 шiлдесi күндерi бұл ғимаратта Қазақ КСР Жоғарғы кеңесiнiң бiрiншi сессиясы өттi. Кейiннен бұл ғимаратта Алматы қалалық Қаржы басқармасы орналасқан.

«Алматы-2» темiржол вокзалы 1936 – 1939 ж.ж. салынды. Жобаның авторлары – сәулетшiлер А.П.Галкин мен М.Кудряв­цев; суретшi И.В.Вахек. Ғимарат симмет­риялық композицияға құрылған. 1977 жылы вокзал қайта жобалаудан өттi.

Алматы мемлекеттiк медицина институты (Төле би, Аман­гелдi, Масаншы аумағында) 1932 – 1939 ж.ж. салын­ды. Қазiр С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттiк медицина уни­верситетi.

1937 ж. алғашқы коммуналдық қонақ үй салынды. Бұл қонақ үй алғашында «Делегаттар үйi» (қазiргi Бөгенбай батыр көшесi, №140) деп аталды. 1952 – 1975 ж.ж. ара­лығында «Алатау» деп, 1975 жылдан «Есiк» деп аталды (қазiр бұл ғимаратта «Цептер» компаниясының бас офисi орналасқан).

Шет тiлдерi институтының ғимараты (қазiргi Төле би мен Наурызбай батыр көшелерiнiң қиылысы) 1938 – 1940 жылдары салынды. Жобаның авторлары – сәулетшiлер Г.Вознюк және М.Кудрявцев. Бүгiнде бұл Абылай хан атындағы Қазақ мемле­кеттiк халықаралық қатынастар мен әлем тiлдерi университетi.

Абай атындағы Мемлекеттiк опера және балет театрының ғимараты – қаланың күрделi сәулетiндегi айтулы нысан болып табылады. Қазiргi Қабанбай батыр көшесi бойында, Фурманов пен К.Байсейiтова көшелерiнiң аралығында тұрған бұл театр келбетi Шығыс пен Батыс сәулет өнерiнiң бiр-бiрiмен бiте қайнаса алатынының символы iспеттес. Авторлар Қазақстанның тұрмыс және ықылым шарттарын есепке ала отырып, ұлттық колориттi бедерлей бiлген. Айтулы Ұлттық театрдың жобасына арналған конкурс Одақ көлемiнде жүргiзiлiптi (бұл жобаның мәнi Үкiмет үйiнiң жобасынан кем емес едi).

Жобалаушылар театр залын стадионға ұқсатып жасаған (орындықтар қатары залдың артына қарай биiктей бередi). Кейiннен бұндай архитектуралық шешiм бiрқатар кино­театрлардың жобасында пайдаланылды.

Театрдың жобалаушысы Н.А.Круглов 1937 жылы репрессияға ұшырап, абақтыда көз жұмды. Н.А.Круглов­пен бiрге қаншама театр құрылысшылары репрессияға ұшырады (аттары белгiсiз). Құрылыс бiр жылға шегерiлiп барып, 1938 жылы қайтадан жалғасты. Театр 1941 жылдың 26 қазаны күнi ашылыпты. Дүниенiң ана шетiнде, батыста қанмайдан жүрiп жатқанда опера және балет театрының ашылуы – өмiрдiң өскелеңдiгiн көрсететiн таңғажайып дерек. Театрдың сыртындағы ұлттық өрнектi салған – Т.Бәсенов, В.Крошин, Н.Цивчинский.

1937 – 1941 жылдар аралығында Төлеу Құлшыманұлы Бәсенов Алматы қаласының Бас сәулетшiсi қызметiн атқарды. Ленинград өнеркәсiп-құрылыс инженерлерiн даярлайтын институтты тәмәмдаған алғашқы қазақ сәулетшiлерiнiң бiрi Т.Бәсеновтың Алматы сәулетiне, оның көркеюiне қосқан үлесi зор. Бұрынғы жасөспiрiмдер театрының, опера және балет театрының ғимараттары, Даңқ мемориалы, тағы басқа айтулы сәулет нысандары тiкелей Т.Бәсеновтың жоба­лауымен, қадағалауымен салынған.

1929 және 1934 жылдары Алматыға келiп кеткен аме­рикандық ғылыми экспедицияның мүшесi Вестоуэр былай деп жазған едi: «1929 жылмен салыстырғанда Алма­тының даму қарқыны менi қатты таңқалдырды. Құрылыстың еселеп өсуi, ғылыми-зерттеу институттарының жұмысы ерiксiз таңдай қақтырады. Провинциялық қалашық болған Алматы ұланғайыр бай республиканың шын астанасына айналып бара жатыр». Шалғайдағы, өркениет жолдарынан ұзақ уақыт бойы тыс қалып келген, қала дегеннен гөрi үлкен ауыл деуге лайық Алматы республиканың iрi өнеркәсiп және мәдени-саяси орталығына айналды.

Осылайша, 1940 жылдардың басына қарай астана ретiнде Алматының алғашқы архитектуралық келбетi қалыптасып болды.

Игiлiк пен дәулеттiң қалыптасуы

 

 

 

Соғыс алдындағы 12-13 жылдың iшiнде Алматы астаналық мәртебесi нығайып, iрi әкiмшiлiк, өнеркәсiптiк, мәдени және идеологиялық орталыққа айналды. Жетiсу өлкесiн немесе Қазақстанды ғана емес, кейбiр салалар бойынша тiптi Кеңес  одағының көптеген түкпiрiн тауар­мен қамтамасыз ететiн өндiрiстiк-техникалық база тақыр жерден басталды десе де болғандай едi. Қаланың бүгiнгi келбетiн айқындаған көптеген өндiрiс орындары сол, Алматының «бозбалалық» шағы – қасиеттi де даңқты 30-жылдары салынған.

1928 жылы Алматы мақта-мата комбинаты кеңейтiле бастады. Ескiрген жабдық жаңартылды. Жұмысшылар алғашқы бесжылдық жоспарларын ерекше қажыр-қайратпен орындауға кiрiстi. Сол жылдардың баспа­сөзiнде бiр-бiрiмен социалистiк жарысқа шыққан өнеркәсiп, өндiрiс орындары жайында көп жазылған. 1930 жылдың 2 – 7 қазаны күнi астанада Бүкiлқазақстандық еңбек екпiндiлерiнiң 1-слетi болды.

1931 жылы мамыр айында Алматыда, Қазақстандағы бiрiншi механикаландырылған аяқкиiм фабрикасы өз жұмысын бастады. 1934 жылы 17 қазақ маманы Ленин­градтағы «Скороход» аяқкиiм фабрикасына оқуға аттандырылды. 1934 жылы жылына 4 млн. аяқкиiм тiгетiн жаңа фабриканың құрылысы басталды.

1935 – 1939 жылдары қыш өндiретiн, темекi өндiретiн (қазiргi М.Мақатаев көшесiнде тұрған бұл фабрика жылына 6,5 млрд. папирос өндiретiн болған, Кеңес одағының бiрқатар темекi фабрикаларына хош иiстi темекi жапырағын жеткiзiп тұрған), құрылыс материалдары комбинаты, жемiс-жидек (Плодоконсервный) комбинаты, ет комбинаты, оттегi өндiретiн, терi илейтiн комбинаттар, баспахана, «Химпром», «Кiлемшi» («Ковровщица») артелi, кондитер фабрикасы салынды.

Алматы өнеркәсiбiн жаб­дықтауда Мәскеу, Ленинград, Свердловск өнеркәсiбiнiң жұмысшылары ерен еңбек еттi. 1940 жылдары Алматы Қазақ­станды ғана емес, Кеңес одағы­ның бiрқатар өнеркәсiп ошақ­тарын өз өнiмiмен қамтамасыз етiп тұрды.

1930 жылдары Алматы көле­мiндегi қазба байлықтар игерiле бастады. «Алматы-1» темiр жол стансасының оңтүстiк-баты­сындағы Сұлтан-Қарасу сары балшық кенiшi осылай ашылған болатын.

Қаланың көлiк инфра­құры­лымы қалыптаса бастайды. Қа­ланы электр қуатымен қамта­масыз ету мәселесi қолға алынды. Алматының алғашқы электр­стансасы 1928 жылы iске қосыл­ды. Орталық электр­стансасы 1931 жылы салына бастады. 1935 жылдың 25 қазаны күнi iске қосылды (қазiргi №1 ТЭЦ).

1930 жылдың 16 маусымы күнi Алматыда жергiлiктi уақыт енгi­зiлдi. Бұл уақыт Мәскеудiң уақы­тынан 3 сағат, әлемдiк (Гринвич) уақыттан 6 сағат алда едi.

Сым арқылы берiлетiн радио­хабар Алматыда 1927 жылы орнай бастады. 1929 жылы Алматыда 1611 радионүктенi қамтитын үш радио­  торабы бар едi. Алматының жанынан салынған радиостанса республи­кадағы өзiндiк радиоха­бардың басы болды. 1931 жылдың 4 мамыры күнi эфирге алғаш рет орыс-қазақ тiлiндегi республика жаңалықтары шықты. Алматыдан республикаға тараған алғашқы хабар – «Еңбекшi қазақ» радио­газетi едi.

Қаладағы телеграф бойланысы 1862 жылдан бар болатын. Содан соң әрiп басып шығаратын ап­параттар пайда болды, осылайша Жетiсудың басқа қалаларымен байланыс орнаған. Қаланың алыс байланыс­тарының жалғыз түрi осы телеграф едi. 1931 жылдан бастап Алматы – Мәскеу радиотелеграф байланысы жұмыс iстей бастады: фототелеграф 1939 жылы орнатылды; қалааралық телефон стансасы 1934 жылы iске қосылды, бұл станса арқылы кү­нiне 90 адам сөйлесе алатын. Кейi­нiрек, 1937 жылы Қазақ телеграф агенттiгi құрылды (1972 жылдан бастап «Каз ТАГ» деп аталады).

1932 жылы Ауа райы бюросы құрылды (қазiр Қазақ республи­калық гидрометеоро­логиясы мен ауа райын бағдарлау бас­қар­масы). 1933 жылы Алматы обсервато­риясы ашылды.

1931 жылы қалада өрт сөндiру қызметi ашылды.

Соғысқа дейiнгi Алматы тыныш қала едi. Қалада бiр ғана милиция бөлiмшесi болатын. Узбекская (қа­зiргi Сейфуллин даңғылы) көшесiнде жалғыз абақты да бар едi. Негiзiнен, қаладағы тәртiптi өнеркәсiп орын­дары, түрлi мекемелер, оқу орын­дарынан келетiн қоғамдық тәртiп сақшылары (кейiннен ДНД – Ерiктi халық жасағы) қадағалайтын.

1932 жылы Қалалық мекенжай бюро­сы ашылды. Бұл бюро өнер­кәсiп­терге, мекемелерге және 16 жастан асқан азаматтарға қала тұрғындары жайында анықтама беретiн.

1929 жылдан берi Алматыда Орталық мемлекеттiк архив жұмыс iстеуде. Мұнда 1917 жылдан бергi мұрағаттар сақтаулы.

Алғашқы бесжылдықтар кезiнде Алматыда үлкен көлiк шаруашы­лығы қалыптасты. Темiр жол, авто­бус, трамвай, троллейбус қатынасы қаланың шетi мен қала төңiрегiн қаланың орталығымен байланыс­тырды. Верный қалашығында көше­лер пайда болғанда, ол көшелермен жүретiн көлiк-атарбалар да пайда болған. Алғашқы жеңiл автомобиль («Мерседес-Бенц») қала көшесiнде 1915 жылы пайда болса, алғашқы рейс автобусы («Форд») 1927 жылы жүрiп өттi. Алматының әлi асфальт төселмеген қиыршық жолдарымен, «ақылға сыймайтын жылдамдықпен» (сағатына 15-20 шақырым) жүрiп өткен бұл автобус Үлкен Алматы стансасын Медеу шатқалымен, Алматыны Жаркентпен байланыстырды.

Қалалық атқару комитетiнiң шешiмi бойынша 1932 жылы Алматыда жүргiншi мен жүк таситын автомобиль-лау көлiк шаруашылығы ұйымдастырылды. Бұл шаруашылықта жұмыс iстеген 138 адамның 20-сы шофер, 50-i ат айдаушылар едi. Шаруашылықтың 45 арбасы, 5 фаэтон (пәуеске), 12 автомобилi және арбаға жегетiн 100 аты болды. Фурманов пен қазiргi Райымбек көшелерiнiң қиылысында орналасқан шаруашы­лықтың үш қорасында аттар, бiр қорасында автомобильдер тұратын. Автомобиль-лау шаруашылығы 1935 жылы 1-автобус паркiне айналды. Автобустар үш қана маршрутта қызмет көрсеттi. Кiшi станса (Малая станица) мен қазiргi Көк базардың арасында ғана адам тасыды. 30-жылдардың аяғына қарай қалада 57 автобус болды. 1940 жылы автобустар Алматыда 10,3 млн. жолаушы тасыпты. Автокөлiкпен қатар мемлекеттiк автоинспекция құрылды. Алғашқы реттеушi (регулировщик) 1937 жылы, Калинин көшесi (бұрынғы Мещанская көшесi, 1991 жылдан Қабанбай батыр көшесi) мен Фурманов (бұрынғы Ленинская көшесi) көшесiнiң қиылысында тұрыпты. Алғашқы бағдаршам (светофор) 1937 жылы Карл Маркс пен Комсомол (қазiргi Төле би) көшелерiнiң қиылысында пайда болыпты. Ал жол қатынасын кең көлемде бағдаршам арқылы реттеу 1939 жылдан басталыпты.

Алғашқы трамвай жолы 1937 жылы Төле би (бұрынғы Ком­сомол) көшесiнiң бойына салыныпты. Алғашында бұл жолмен тiркемесi бар 9 трамвай вагоны жүрiптi.

Троллейбус қатынасы жайы 1940 жылдың февраль айында ойға алынған екен. Сол жылдың 19 шiлдесi күнi троллейбус желiлерi салына бастайды. 1941 жылдың 21 маусымы күнi 10 троллейбус сатып алу жөнiнде шешiм қабылданады. Бiрақ, ертеңiне соғыс басталады.

Ендi бiр қызық дерек. 1940 жылдың 3-маусымы күнi алғашқы республикааралық Алматы – Мәскеу әуе қатынасы жолы жұмыс iстей бастапты (ПС-84 ұшағы күнделiктi ұшып жүрген).

Жаңа астананың алғашқы жұрты

Қазақстан астанасының Алматыға көшiрiлуi мен Түрксiбтiң аяқталуы, құрылыстың қарқындап өсуi қаланың құлашын жайып өркендеуiне даңғыл жол ашты. 1927–1938 жылдар аралығында Алматы тұрғындарының саны бес есе өсiп, 1939 жылғы санақ бойынша 223,6 мың адамға жеттi (оның iшiнде қазақтың саны небары 25601 адам). Өлiм-жiтiм азайып, бала туу көбейдi.

Алматының этнодемографиялық тарихы ешқашан келелi зерттеудiң нысанасы болған емес. Кеңес заманындағы Алматы тек әкiмшiлiк орталық қана болатын. Қалада жергiлiктi халық, жер иесi қазақтың бар-жоғы бiлiнбейтiн. Оның таңқалатын ештеңесi жоқ. Бiрiншiден көшпендiлiк тарихын ендi ғана аяқтап, ендi ғана отырықшылана бастаған қазаққа қала жат едi. Ауыл қазағы, қаланы қашанда, жылына бiр рет келiп сауда жасап кететiн жер деп қана қарайтын. Екiншiден, 1920 жылдың, 1932 жылдың нәубеттерi қазақ халқын отап кеттi. Өз жерiнде қазақтың саны азайды. Үшiншiден, осы нәубеттерден аман қалған елдiң бiр бөлiгi үркiншiлiк кезiнде басқа елдерге, мемлекеттерге ауды. Қалған азғантай қазақ паспортсыз, ұжымшар-кеңшарларға бекiтiлiп, ыңыршағы айналған кедейшiлiкте күн кештi. Мiне, осы бiрқатар ауыр себептердiң салдарынан қазақ өзiнiң астана жұртын жайлай алмады. Алматы, шынын айту керек, әртүрлi тағдырдың қалауымен келген жатжұрттықтардың әдемi, әсем қаласына айналып бара жатты.

Алайда, «Орнында бар оңалар» дегендей, Алматыға аман қалған ұлттық интеллигенцияның өкiлдерi бiртiндеп жинала бастады. Ғылыми, шығармашыл осы азғантай зиялылар ғылымға, өнерге, жаңа заман әкелген, онсыз өмiр сүруге болмайтын, тағы да толып жатқан әлеуметтiк салаларға сыналап кiре бастады. Алайда, олардың жолы оңай болған жоқ. Мысалы, 1920 жылдары қабылданған, iс қағаздарын қазақ тiлiнде жүргiзу жайлы қаулы сол қаулы күйiнде қалды. Коммунистiк, социалистiк ұранмен келiп, Қазақстанның қолқа-жүрегiндегi жаңа астананы жаулаған жатжұрттықтар, құжаттаманы ұлттық тiлде жүргiзу iсiне ырық бермедi. Ұлтшыл атанудан, жаңа репрессиядан қорыққан қазақ азаматтары әдiлетсiздiкке амалсыз көнген. Сол кезде басталған орыстанудың зардабынан бiз әлi күнге дейiн құтыла алмай келе жатырмыз...

...Әрине, Алматыдағы түбегейлi құрылыс (капитальное строительство) тек орталық аудандарда салынатын мемлекеттiк мәнi бар ғимараттарға ғана қатысты едi. Ал астанадағы негiзгi тұрғын үй кешенi төңкерiске дейiн, төңкерiстен кейiн салынғаны бар, 2-3 терезелi, аядай ғана 2-3 бөлмелi мещан особняктарынан тұратын. Үйлер ағаштан салынып, тас тұғырға орнатылатын. Көптеген үйлердiң подвал (ұра) немесе жартылай подвал астыңғы қабаты болатын. Ауыз су Алматы өзенiнен кеспекпен жеткiзiлетiн, немесе көше бойлап ағып жатқан арықтардан алынатын. Күл-қоқыс, жуынды-шайынды осы арықтарға төгiлетiн. Сол себептi, әсiресе қаланың солтүстiк бөлiгiнiң халқы асқазан-iшек ауруларынан жыл бойы арылмайтын. Үш электр стансасының өндiрген электр қуаты кино­театрлардан артылмайтын.

Алматы қалалық кеңесi 1929 жылы қаланы абаттандыру жайында арнаулы қаулы шығарды. Бұл қаулы бойынша жекеменшiк үй иелерiне және кеңестiк мекемелердiң адамдарына үйдiң, я ғимараттың маңайындағы көше-ауланы таза ұстау, күн сайын, жазда сағат 6-ға дейiн, қыста сағат 8-ге дейiн сыпырып, қоқыстан арылтып тұру тапсырылған. Күл-қоқыс арнайы аулаларда тұратын жәшiктерге салынып, толған сәтте Қалалық коммуналдық бөлiмшелер көрсеткен жерлерге тасылып төгiлетiн болған. Жазда, 1 маусым мен 15 қыркүйек аралығында көшелер мен тротуарларға су себiлiп тұруы, қыста қардан, мұздан аршылуы, көктайғақ кезiнде күл менен құм төселуi тапсырылған. Арыққа қоқыс тастауға, малды суаруға, ыдыс-аяқ пен кiр жууға, жуынуға қатаң тыйым салынды. Барлық үй иелерi көктемде, 1 мамырдан кешiктiрмей, әрқайсысы өз үйiнiң тұсынан, тротуардың бойына ағаш егуге мiндеттендi. Ағашқа сүйенiп тұруға, ат байлауға тыйым салынды. (Айта кетейiк, Алматы көшелерiне көрiк берген, аптапта көлеңкесiн сыйлаған, қисабы жоқ қарағаш орман сол 20-30-жылдары егiлген талшыбықтар едi). Бұл ереженi бұзғандар әкiмшiлiк жазаға ұшырайтын, түсiндiрiп айтсақ, 100 теңге айыппұл төлейтiн немесе бiр жыл қара жұмысқа салынатын.

Соғысқа дейiнгi Алматыда көмiр аса тапшы, зәру отын едi. Есесiне сексеуiл мол болатын. Сексеуiл арнайы базарда сатылатын. Қалада халық тiлiнде «барахолка» деп аталатын, киiлген киiм, басқа ұсталынған ескi зат сататын арнайы базар бар едi. Бүгiнде Жол полициясы басқармасы тұрған жерге орналасқан бұл базар демалыс күндерi ғана жұмыс iстейтiн. Кейiннен, 1960 жылдары бұл «халықтық сауда орны» қаланың сыртына, Қаскелеңге көшiрiлдi.

Жер жәннаты

Кезiнде қазақ композиторлары «Жер жәннаты Жетiсу» деп әнге қосқандай, Алматы, шынында, қазақтың ұйықты арман мекенi болатын. Бүгiнде қайшылықты экологиялық ахуалға ұрынып отырған ескi астананың ықылым шарттары мүлдем басқа, айтса адам нанбайтындай ертегi едi. Сыңсыған орман, гүлбақшаға оранған кәрi Алатау. Осы Алатаудың қойнауында суы бал, ауасы жұпар үлкен өңiрдi алып жатқан көркем шаһар. Таудың басына шыққан адам солтүстiкте Қапшағайдың қойын-қойнауын аралап шығып Балқашқа қарай есiлiп ағып жатқан Iле өзенiн, өзендi көмкерiп жатқан шағыл-шағыл құм төбелердi көрер едi.

Өсiмдiктердiң тегiн зерттеушi, биолог, генетик, әйгiлi ғалым Николай Вавилов Қытайға сирек өскiн-дарақтың тұқымын iздеп-сұрап барған сапарынан қайтып келе жатып 1929 жылдың 1 қыркүйегi күнi Алматыға келедi. Ғалымға қала ұнайды, алайда, заманында Париж көрмесiне қатысып, әлемдiк даңққа бөленген жергiлiктi алманың түрлерiн көрген Н.И.Вавиловтың таңданысында шек болмапты.

Өзiнiң «Бес құрлық» деген кiтабында Н.И.Вавилов былай деп жазды: «Алматы қаласын белдеулеп тау бөктерiн тұтастай жауып қалың жыныс алма бағы өсiп тұр. Бiрiншi қыркүйек – алманың пiсетiн уақыты едi. Мен алманың жетiлген көне ошағында тұр едiм. Бұл алманың тұқымын кiм, қашан будандастырғаны, мәдениеттендiргенi, осындай дәрежеге жеткiзгенi белгiсiз. Және де жабайы алманың жетiлгендiгi сондай, оны будандастырылған тұқымынан ажырату өте қиын. Оның үлкендiгi сондай, осы қазiр алма бағына мәдени тұқымдарымен қатар отырғызуға болады. Ал мәдени, будандастырылған бақтарда әйгiлi апорттан бастап, тұтас еуропалық ассортимент тұр».

Алматыда 1930 жылдары тұрған тағы бiр адамның (қырғыз қария К.Б.Оторбаев) естелiгi: «Алматы – менiң екiншi Отаным. Тап-таза, шағын, бақшаға оранған, сылдырап аққан арықтармен, көне көшелердi бойлай өскен, аспанмен таласқан шынарларымен есiмде қалыпты. Ол кезде асфальт жоқ болатын. Тас төселген көше аз, қаланың шет жақтарында кәдiмгi даланың қара жолы. Шаң болмас үшiн жұрт көшеге арықтың суын шашатын. Тазалық дәстүрiн алматылықтар көпке дейiн сақтаған.

Арықтың суы тап-таза, мөлдiр болатын, жұрт оны қайнат­пай-ақ iше беретiн. Арыққа ешкiм күл-қоқыс тастамайтын, қол-аяқ жуу деген болмайтын. Құдай сақтасын, ондай адамнан.. бүкiл қоғам болып терiс айналатын.

...Қаладағы үйлердiң көбi ағаш үй едi. Бiлетiндердiң айтысына қарағанда, бұл үйлердiң қайсыбiрi бiр шеге қақпай салынған екен. Қаржы техникумының студентi болғаннан кейiн М.Горький атындағы парктiң жанындағы жатақханаға орналастым, паркке түнгi күзетшi болып жұмысқа тұрдым. Ұйықтамайтынбыз. Көше сыпырушылар мен күзетшiлер түнi бойы жолдарды, тротуарларды сыпырып, егiлген желектi күтуге мiндеттi едi».

1930 жылдары Қазақстанның өсiмдiк және хайуанат әлемiн зерттеп, қорғау iсi түбегейлi түрде қолға алынды. 1931 жылы Түрген мен Талғар орман шаруашылықтары, Еңбекшiқазақ ауданының мемлекеттiк жер қоры, Кербұлақ ауданының шөлi мен орман-тоғайының есебiнен Алматы мемлекеттiк қорығы ашылды. Қорық Талғар, Есiк, Шелек өзендерi мен Есiк көлiнiң шеңберiнде орналасқан. Iле Алатауының орта тұсында Қырғызстанның жерiмен, Iле өзенiнiң оң жағалауымен, Үлкен және Кiшi Қалқан тауларының аралығымен шектеседi.

1933 жылы Алматыда Ботаникалық бақтың негiзi қаланып, алғашқы өсiмдiк түрлерi егiле бастады.

1934 жылы астананы жүйелi түрде желектендiру мақсатында «желектендiру кеңсесi» құрылды (1937 жылы «Зеленстрой» желектендiру тресiне айналды). «Зеленстройдың» жоспарла­рының ауқымы таңқалдырады. 1936 жылы ғана Халық Комиссарлар Кеңесiнiң жобасы бойынша Алматыда 36 мың ағаш, 87700 бұта егу, 60 мың шаршы метр газон, 28 660 шаршы метрге гүл егу жоспарланды. Гүл көшеттерiнiң саны 1,5 млн. дана. Скверлер, парктер, бульвар, оранжерея, аллеялар жұпар шашып, гүлдеп кеттi. Гүл көшеттерi, жемiс ағаштарының тұқымдары жүз мыңдап сатылды.

1935-1936 жылдары желектендiру құжаттары бойынша Арычная мен Ташкент (қазiргi Абай мен Райымбек даңғылдары) көшелерiнiң арасындағы ағаш саны – 78 мың екен. (Алматының басқа көшелерiндегi желектi, Баум орманын, Медеуге барар жолдағы қисапсыз ағашты санамағанда).

Денсаулық – басты байлық.

1930 жылдардың аяғы – Қазақстан медицинасының қауырт өркендеген кезеңi. Ескi Верныйда 1913 жылы 70 төсектiк екi аурухана және 30 орындық жындыхана бар едi.

1930 жылы Алматыдағы ауруханалар 823 адамды жатқызып емдей алатын болған. Қалада 94 дәрiгер болды.

Бiрiншi бесжылдықтың аяғына қарай қалада туберкулез диспансерi, әскери госпиталь, ана мен нәрестенi қорғау пунктi, орталық емхана, 8 басқа емхана болды. Қаланың медицина саласында 15 профессор, 124 дәрiгер, 283 орта медперсонал жұмыс iстедi.

1931 жылы Биокомбинат, 1932–1934 жылдары Ана мен нәрестенi қорғаудың Ғылыми-зерттеу институты (бұдан былай ҒЗИ), туберкулез ҒЗИ, көз аурулары ҒЗИ, қан ауыстыратын орталық клиниканың филиалы ашылды. Сондай-ақ, Республи­калық онкологиялық диспансер (хирург, А.П. Сызғанов басқарған), Қызыл Крест ұйымының қалалық комитетi, перзентхана, сүт кухнясы, Социалистiк денсаулық институты ашылды.

Алматының тұрған жерi мен табиғаты, ықылым шарт­тары бұл жердi курорт аймағына айналдыруға мүмкiндiк бердi. Алматының төңiрегiндегi Алма-арасан, Құрам, Покров, Пригородный деген жерлер минерал суларына аса бай едi.

1931 жылдан бастап осы минералды бұлақтарды сауық­тыру санаторийлерiне айналдыру жұмыстары басталды.

1932 жылы Iле Алатауының биiк шатқалдарының бiрiнде «Каменское плато» атты қымызбен емдейтiн санаторий ашылды.

 

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ

 

                                                                            Алматы ақшамы, 26 қыркүйек

                                                                                      http://almaty-akshamy.kz/?p=13497